Баған

Татулық пен келісім – ел тірегі

Қатпарлы тарихымызды қарасаңыз, бабаларымыздың азаттық жолында жан алып, жан беріскен не бір алмағайып кезеңдерді бастан өткергенін көресіз. Ұлы Даланың ұландары азаттық жолында арпалысып, бүгінгі бейбіт өмірдің іргесін қалады. Ал, оны сақтап қалу – парыз.

«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Азаттықтың таңы арайлап атқан сәттен бастап, ұлтаралық келісім мен татулықтың соны үлгісі салтанат құрды. Еліміз тыныш, халқымыз аман. Өндірісі өркендеп, экономикасы дамып келе жатқан, алдына ауқымды міндеттер қойған мемлекеттердің қатарындамыз. Әрине, осының барлығы тыныштық пен тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің нәтижесі. Дұрыс та сауатты жүргізіліп отырған саясаттың жемісі.

Досқа адалдық таныту мен қиналған жанға қолұшын – созу қазақтың қанына біткен асыл қасиет. Кешегі кеңестік солақай саясаттың салдарынан қуғын көріп, туған жерінен қуылған мыңдаған халық қазақ даласынан сая тапты. Аталарымыз өздері таршылық көріп отырса да, жер ауып келгендерді жатсынбай, жарты нанды бөлісіп жеді. Ешкімді дініне, ұлтына немесе нәсіліне қарап кемсітпеді. Бұдан қазақ жаман болған жоқ. Қайта, әлемге ұлтаралық татулық пен келісімнің соны үлгісін көрсете білді.

Әр ұлттың өз тілі мен мәдениеті бар. Тілі бөлек елдің дүниеге деген көзқарасы, сенімі бөлек болады. Әлемде орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктердің дені – осындай түсінбестіктен туындаған жағдайлар. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық татулықты сақтау бағытында ғана емес, қоғамдағы келеңсіздіктерді жою, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бағытында жұмыс істеуде. Әр өңірде салынған Достық үйлері түрлі ұлт өкілдері мен дін иелерінің диалог алаңына айналды.

Әрине, Қазақ еліндегі бейбіт өмірге қастық ойлап, ел арасын ашуды көздейтін мысықтілеу жандардың бары да жасырын емес. Ондайлар тырнақ астынан кір іздеп, күнделікті тұрмыста орын алатын келеңсіз жайттарды жаһандық мәселедей дабыра етіп көтереді. Жалған ақпарат пен дәйексіз сөздің белең алатыны тағы бар. Біз арандатушылардың халыққа жаны ашымайтындығын, қайта қастық ойлайтынын естен шығармағанымыз абзал. Өйткені, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Алауыздық жайлаған елде тұрақты даму мен жайлы өмірдің болмасы бесенеден белгілі емес пе?!

Батыр бабаларымыз ұрпақтың қамы, ұлттың болашағы үшін күресті. Осынау асты мен үсті қазынаға толы ұлан-ғайыр мемлекетті бізге аманат етіп қалдырды. Тәуелсіздік пен бейбітшілік – бабалар арманы. Сондықтан да, оның қадірін түсініп, бағалай білуіміз керек.

Ерлан Құсайын,
Қарағанды облысы әкімі
аппаратының «Қоғамдық келісім»
КММ директоры

Басқа материалдар

Back to top button