Тасшоқының тастарымыз

Әріге бармай-ақ қояйын, Қарағанды облысында Отан Мақышев есімді ортопед-хирургті білмейтін ересек адам жоқ десем, артық айтқандық емес. Сонау 1970 жылдардан бері қарай жарты ғасырдан аса уақыт ішінде әуелі травмотология ауруханасы, кейінде профессор Хафиз Мақажанов есімімен бүкіл елге мәшһүр болған емдеу орталығының иесі де киесі де болған тамаша мамандардың шоғырында менің Отан Мақышұлы есімді әрі туысым, әрі құрдас-досымның аты құрметпен аталады. Қарағанды травмотологтарының абызы, әйгілі профессор Құсни Елеуовтің сүйікті шәкірті әрі ізбасары оташы Отан туралы аңызға бергісіз жылы лебізді мадақ, мақтау әңгімелер көп. Кездейсоқ, қайғылы жағдайға душар болып, қол-аяғынан айырылған, дене мүшесі сынған-мертіккен, тіпті, туа кемтар  жандардың өмірге деген үмітін  қайта оятып, тіршілік шырағын қайта жаққан қолы шипалы, мейірлі жүрек иесі туралы алғысқа толы естеліктердің талайы ел ішінде, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Жә, сонымен, осынау мол білімді қолы емсек қазақ азаматы туралы білгісі келетіндерге бірер мағлұмат мынадай. Талайлардың қол-аяғын бүтіндеп, отбасы-ошақ қасына қайтарған,  қатарға қосып, дене еңбегінің қызығын сыйлаған дәрігер Отан Мақышұлы дәл осы күндері 75 жасқа толып отыр. Айтуға оңай болғанымен, осынау жетпіс бестің қатпарларында, қалтарыс-бұлтарыстарында қилы-қилы өмір өткелдері, тағдыр тайталастары, қызықтары мен шыжықтары өтті ғой. Замандастардың біразы куә болғанымен, басқасын өзгелер білмей-ақ қойсын, жетпіс бес жыл бірге жасап, қатар келе жатқан менің ішімде қалсын. Отан бауырымның мінезі солай, ол өзінің жастық, жігіттік шағы туралы, тіпті, қиын да қызықты дәрігерлігі туралы шешіліп естелік айта қоймас еді. Онысы да жөн шығар, біреуге қызық тарих сияқты көрінгенімен, ұсақ-түйек әңгіме  басқаға онша қажет бола қоймас дейтіні.

Мына ұлы мүшел саналатын жетпіс бесіңіз де көрініп қалған екен… Әріден бастасам, екеуміз қазір Қарқаралы ауданы аталатын әкімшілік бөлістің Егіндібұлақ, одан шығысқа қарай алпыс-жетпіс шақырым Арқалық тауларының ортасындағы Тасшоқы мекенінде дүниеге келіппіз. 1949 жылғы тамыздың соңғы күні жеті жасар екеуміз қырман басындағы қоңырша киіз үй – мектебімізге бардық. Мұғиын мұғалім жарты қарындаш, бір-бір дәптер таратты. Сәскеге қарай шығыс жақтан күн күркіреп, аспанды қара бұлт басып кетті, артынан жаңбыр жауды. Санымызды шапалақтап біз жүрдік. Сөйтсек, кейін білдік,  Семей полигонында атом бомбасының  алғашқы жарылысы екен көргеніміз. Мұны Мұғиын мұғалім бізге айтқан жоқ, себебі өзі де білмейді екен. Кейін бойымыз үйреніп кетті, күнара жарылыс, жарқыл-жұрқыл, құйын соғады, ашық аспан күркірейді…

Тасшоқыда төрт жыл оқып, аудандағы жалғыз жетіжылдық Арқалық мектебін, одан  кейін аудандағы жалғыз орта мектепті қол ұстасып бітіріп, аттестат алдық. Мұным жалған, Хрущевтің жандайшаптары, аудан белсенділері  бізге аттестат бергізбеді, колхозға қой бағуға, трактор айдауға жіберді, жылап-сықтап кете барғанбыз. Кейін Отан дәрігер, мен журналист болып, адам қатарына қосылғандай болдық. Кеңес өкіметі бізді сақтады, оқытты, обалы қанша? Әйтпесе, жесір кемпірлердің жетім балалары кімге дәрі?! Қайыр сұрап, қоңыз теріп кетпесек те, он екі мүшесі бүтін, ақыл-есі сау пенде екі қолға бір күрек табар едік.

Қу ауданындағы біздің төртінші ауылдан жоғары білім деген қағаз иеленген екі ұл – осы Мақыштың Отаны мен Сыздықтың Зарқыны шығар, қыздар оқыған жоқ. Бұдан кейін тірлік қамымен кеттік. Мен бұдан әрі  Отанға Назымды әперемін деп Жүсіпбек Елебеков пен Нығыман Әбішев деген Халық артистерінің алдынан өтіп, құда болып, Алматыға барғанымды, жас отаудың тұңғыш қызы Индираның атын қойғанымды… басқаларын айтпай-ақ қояйын.

Айтарым, адамды жеткізетін адал еңбек, тағдыр талқысына төзбек, табандылық екен. Соны білдік. Қолтығыңнан демеген кім екенін ұмытпай, сол демеуді ақтай білу де адамшылық сипаты. Жеме-жемге келгенде, Отан екеуміз Аналарымыз Қалимаш пен Қайырлыбалаға ғана қарыздар екенбіз. Отан әкесінен ерте қалды. Бәткен апамыз ересектеу, одан кейін Отан, Аман, Болат. Яғни, Мақыш мрқұмның тілегі – «Отан аман болсын» дегені. Қырғын соғыстан кейінгі ел арманы ғой. Кіші ініміз Болат  шетінеп кетті, Отан екі ағайынды.

Ел ағасы жасына келіп, шет жайлап жүрсем де, туған елімді, оның үлкен-кішісін, бота-тайлағына, қозы-лағына дейін ұмытпаймын. Журналистің байлығы қаламы болса, бойда қуат барда өзімнің сүйікті «Орталық Қазақстаным» арқылы қандас туысым, құрдасым, сырлас-мұңдас, тағдырлас жолдасым, өздеріңіздің сүйікті дәрігеріңіз, ғалым Отан Мақышұлын отбасым, бала-шағам, немере-шөберелерімнің атынан  құттықтаймын. Жылдар өтіп жатқанымен, өмірдің дәмі  енді ғана кіре беретіндей, жарық дүниеде көретін қызығымыз көбейе беретіндей. Жұмыр басты пендеге тиесілі бақыттың бәрін өзіңе, Отан туысым, саған тілеймін. Ақпейіл, адал жүрегіңе сызат түспесін.  Абыройың арта берсін.

Зарқын Тайшыбай,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан, 

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды, «Қарағанды-Болашақ» мемлекеттік университеттерінің құрметті профессоры,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері.

P.S. Жоғарыдағы құттықтауға «Орталық Қазақстан» газетінің  ұжымы да қосылады. Атақты хирург-травмотолог Отан Мақышұлының халық денсаулығын сақтау жолындағы еңбек жетістіктері соңғы 40 жыл бойы осы газетте жарияланып, елге жайылып келеді.

«Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.