Руханият

Тарихы терең, өркенді өлкем

Ғасырлар қойнауынан құт боп жеткен, қасиет дарыған, кие қонған Сарыарқаның бір шұрайлы бөлігін Нұра ауданы алып жатыр. Нұрлы Нұра өзенінің бойына орналасқан бұл мекен – көне дәуірдің де, жаңа заманның да куәсі екендігін тұрғын халқы қашанда мақтан тұтады.

Дала көңілді, мәрт мінезді егемен еліміздің бар байлығы мен бақыты – жер екендігін айтып та, жазып та жүрміз. Кезінде найзаның ұшы, білектің күші, аттың тұяғы, қыран құстың қанатымен қорғап қалған ұланғайыр жеріміз – бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Сол алтыннан да қымбат, баға жетпес байлық болып отырған мемлекетіміздің жер көлемі Әлем бойынша тоғызыншы орында тұруы да біз үшін үлкен жетістік, зор мақтаныш.

Ғұлама ғалым Ә.Марғұлан бастаған зерттеушілердің бұрынғы-соңғы деректеріне сүйенсек, Жаманкөң, Жақсыкөң, Керей, Нұра өзендерінің бойы көне дәуірде байырғы адамдардың тұрағы болған екен. Қазақстан археологиялық экспедициясы бұл өңірдің ерте тарихының неолиттен бастап ерте темір дәуіріне дейінгі әр кезеңін зерттеген. Осының нәтижесінде, барлау барысында Нұра өзенінің бойынан көптеген қола дәуірінің ескерткіштері: керамикалық заттар, қола бұйымдары, қабір құрылысының типі, дөңгелек қоршаулы қорғандар табылды. Нұра жеріндегі Ахмет ауылы, Құндызды кешендерінде қола дәуіріндегі тұрақтар ашылды. Киевка (қазіргі Нұра кенті) қонысынан орта қола дәуірінен кейінгі қола дәуіріне ауысу кезеңіне жататын екі қанатты, көлемді, ұңғымалы жебе ұштары және Әліп ауылынан үш қалақты жебе ұшы табылды. Көбетей ауылының солтүстігіне қарай 10 км жерден ұзындығы 90-120 м, ені 40-50 м ірі қоныс орыны табылды. Бұл жерден 17 тұрғын үй және 8 зират зерттелді. Көптеген тастан, қоладан және сүйектен жасалған пышақтар, жебе ұштары, орақ, дротиктер, балық аулайтын ілмектер, қыш ыдыстар, басқа да заттар кезікті. Орталық Қазақстандағы көне тарихи жәдігерлердің тізімінде Нұра ауданының аумағында орналасқан 41 археологиялық ескерткіштер анықталды. Б.з. VІ ғасырында Нұра жері Түрік қағанатына қараған. 603 жылы қағанат екіге бөлінгенде Батыс Түрік қағанатының құрамында қалған. XІІІ ғасырдан бастап, Нұра ауанының қазіргі көлемі Жошы хан ұлысының құрамында болған. XIV ғасырда Нұра жері Өзбек хандығының бір бөлігі болып есептелген. Көшпелі халық Нұра жерін жазғы жайлау ретінде пайдаланып, қысқа қарай көш жолдары Шу, Талас, Сыр бойларына, Түркістанға қарай жылжыған. Уақыт өткен сайын халықтың саны көбейіп, мал басы молайған. Осыған байланысты шұрайлы жайылымдарға, жер-суға талас күшейген. Әртүрлі ру-тайпалар бөлісіп, алмаса иемденіп отырған. Осы жағдай XVIII ғасырдың реформалары арқылы орыс әкімшілігі қазақ болыстарының қалыптасқан көш жолдарын белгілеп, тиесілі жерлерін бекітіп бергеніне қарамастан, көпке дейін сақталып келді. XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басында ғана тұрақты мекендер пайда болып, аудан тұрғындарының атабабалары отырықшылыққа бейімделе бастады. Ресей үстемдігіне дейін Нұра өңірінде тұрақты елді мекен болмағанымен, белгілі қазақ ру-тайпаларының басын біріктірген Ұлы Жібек жолының көп тармағының бірі – Кендірлі көш жолы өткен.

Нұра жері туралы ресми мәліметтер орыс патшалығының жазба деректері бойынша XVII ғасырдан белгілі. Орыс патшасы, әйгілі Бірінші Петрдің зымиян саясатының бірі – қазақ елінің кеңбайтақ жеріне сол кезден бастап көзі түсуі еді. Мұның негізгі мақсаты – қазақ жерінің солтүстік және батыс аймақтарындағы шұрайлы мекеннің бәрін орыстандырып, қалған аймақтардың өзін қазақтарға билетпеуге әрекет жасауында жатыр. Онан кейінгі Екатерина, Николай патшалар да осы үрейлі үрдісті жалғастырды.

Тарихымыздан белгілі болған бір жайт, 1740 жылдан бастап Орта жүз рулары орыс патшалығының үстемдігін мойындады. Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан және Нияз батыр бастаған делегация Орынборда кінәз, генерал-лейтенант Василий Урусовпен келіссөз жүргізді. Әбілмәмбет пен Абылай Ресей патшалығына бодан болуға ант етті. Осы кезеңнен бастап, орыс мұрағаттарының құжаттарында Нұра жері мен мекендеген халқы туралы көптеген деректер сақталған. Сондай жазбалардың бірінде Нұра өзенінің жоғарғы ағысында Атығай руы бар екендігі және Нұраның бойымен Қарауыл, Садыр, Найман рулары көшіп жүргені айтылған. Тағы бір деректе Нұраның Қорғалжын көліне құятын сағасынан 30 шақырымдай жерде Татағай атты үлкен қаланың орны бар, аумағы 300 сажын болатын төрт бұрышты баспаналардың, мешіттің және көптеген тастан қаланған үйлердің құландылары сақталған, деп жазылған.

Бірте-бірте орыс бодандығына өткен қазақ жері осылайша өз иесінен айрыла бастады. Міне, осындай жағдайда патша үкіметі қазақ елінің дербестігін жоятынын бірден сезген Қасым ханның балалары бодандыққа қарсы көтеріліс туын көтерді. 1825-1836 жылдары Саржан мен Есенгелді, 1837-1847 жылдары Кенесары сұлтандар қазақ халқының ұлт- азаттық күресін бастаған кезде Нұра өңірін жайлаған ру-тайпалар да дүр көтеріліп, атқа қонды. Нұра жері көтеріліс оты лаулаған шеңбердің ішінде болды. Осы кезеңде көптеген халық Кенесарының қоластына көшіп келіп, төңірегіне жинала бастады. Солардың арасында тоқа руынан Жаулыұлы Тілен батыр, байдалы руының атақты байы Сайдалы Жанмырзаұлы, темеш руының басқарушысы Бөке Тінейұлы сияқты ел құрметтеген аса беделді тұлғалар болды. Бұл жағдай патша үкіметін қатты мазасыздандырған.

Отаршылдыққа қарсы қарулы күрес 20 жылдан аса уақытқа созылған. Саржан мен Есенгелді бастаған, соңғы хан Кенесары жалғастырған ұлт-азаттық соғыс, өкінішке орай, жеңіліспен аяқталды. Нұра бойында өзіндік із қалдырған, ерліктің сан мәрте үлгісін көрсеткен осынау толқулардан кейін XX ғасырдың басындағы Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдары сұм Сталин мен жауыз Голощекиннің айуандық іс-әрекеттері де Нұра аймағына өз залалын тигізді. Мәселен, 1927-1929 жылдардағы кәмпескелеу лаңы, 1932 жылғы алапат аштық, 1937- 1938 жылдардағы қанды қасап (репрессия), 1941-1945 жылдардағы соғыс өрті. Осылардың бәрі бір-бірімен жалғасып, сабақтасып, тұрғын халықтың берекесін кетіріп, тоз-тоз қылып жіберді.

1940 жылдары елімізде «Коллективтендіру» деген науқан жүрді. Сол кезде бір елді мекенде, яғни, бір ауылда үш көше болса, олар үш колхоз болып ұйымдастырылды. Мысалы, Нұра өзені бойындағы Көбетей ауылының жоғарғы көшесі – «Орталық» колхозы, ортаңғы көше «Калинин» колхозы, төменгі көше – «Жаңабірлік» колхозы деп аталды. Бір ауылдың үш көшесінде тұратын ел азаматтары қысы-жазы, барлық маусымда бір-бірімен жарыса жұмыс істеп, шаруашылықтың қандай түрі болмасын асыра орындап, күндізгі шаруа күйбеңімен ренжісіп қалса да, кешкілікте бір-бірімен араласып, тату түрде сыйластықпен күн кешкен кездері де болған.

Нұра бойындағы сол кездегі «Орталық» колхозының азаматтары: Әутүсіп, Мақажан, Әлиакпар, Әлбатыр, Жұмкей, Қали, Аманбай, Айдапкел, Әлнұр, Әбілдә, Бикен, Әңгір, Мақай, Қашқынбай.

Келесі «Калинин» колхозының тұрғындары: Сейілхан, Күлтай, Сүйіндік, Қали, Бекіш, Әшкей, Нұркен, Жалтыр, Мұса, Абдрахман, Бәйкен, Тұлымшақ, Мұстафа, Асан, Тәжмағанбет, Байкен, Әпсаттар, Төкен, П.Украинский, И.Мадлей, Я.Рябцев, П.Тротно, Г.Пеннер, Ш.Балатабаев, М.Балтабаев.

«Жаңабірлік» колхозының тұрғындары: Оспан, Темірғали, Абылхайыр, Оқыжан, Нұрлан, Асылхан, Әкпар, Қапыш, Мүсілім, Ыбрахым, Алтайбек, Ахмет, Дүйсенбі, Тәжкен, Мұсатай, Зейнолла, тағы басқалары. Есімдері аталған осынау азаматтар барлық жұмысты қолмен атқарып, өгіз арба, ат арбамен шөп тасып, мал азығын жинап, халықтың әл-ауқаты мен ауыл экономикасын көтеруге ерен еңбектерін сіңірді.

Осы арада тағы бір атап айтар жай, жалпы Нұра ауданының өркендеп өсуі мен экономикасын дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша мүдделі болып еңбек сіңірген, аянбай тер төккен азаматтардың есімдерін де құрметпен атасам артық болмас. Олар: П.Украйнский, Н.Айтуғанов, Қ.Былқылов, М.Кушнер, Е.Литвиненко, Н.Рүстембаев, Т.Сатенов, Қ.Ералин, З.Құсайынов, Н.Смағұлов, В.Гощик, П.Анисимов, Грибов, А.Әлімбаев, С.Омаров, Қ.Қоржынбаев, Байғанин, Қ.Мусин, Қ.З.Ниязов, З.Ниязов, Е.Жакин, Ө.Намысов, Қ.Мұстафин, С.Мұқанов, А.Мұқанов, Х.Мұқанов, Я.Мофа, Л.Курченко, Ә.Ержұманов, О.Қоңырбаев, Ш.Қоғабаев, Қ.Қаусылов, Қ.Қаржасов, Х.Токпаев, Ж.Баймағанбетов, Қ.Айнабеков, Б.Балабиев, С.Әлиев, Қ.Досжанов, Т.Әлімбаев, Т.Түсіпбеков, Р.Шалабеков, Қ.Жұмабеков болатын.

Ал, енді байқасам, сол кездегі халықтың бір-бірімен татулық қарым-қатынасы, ұлттық рухтың, патриоттық сезімнің жоғарылығы – нақ осындай ортақ мүдде негізінде қажырлы еңбектің, өзара сыйласымның арқасында қалыптасты десем, еш артық айтқандық болмас.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде нұралықтар да одан шет қалған жоқ. Қандықол фашист жендеттерімен соғыста ерлігімен көрінген талай боздақтар ұрыс даласында қалды… Ал, аман қалғандардың легіндегі Мүтәш Сүлейменов бастаған И.Колодий, С.Лебедев тәрізді талай батырларымыздың жанқиярлық ерліктері ел есінде мәңгі сақталып, ұрпақтарымыз мақтаныш тұтады.

Онан әріде революция – төңкеріс кезінде Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Рақымжан Алсенов тәрізді қоғам және мемлекет қайраткерлерінің жалынды істері, оқу-ағарту еңбектері Нұрамен тығыз байланысты.

Ал, Телғозының Шоңы, Брет ұлы Алсен би, Қаспақ би, Сапақ би тәрізді бишешендеріміз елдің ұйытқысы болып, қара қылды қақ жарған әділ шешімдерімен халқының жадында жатталып қалды.

Белгілі ғалымдар: Кәрім Мыңбаев, С.Талжанов, Дәкен Шалабеков, Т.Масенов, С.Мусин, Бейбіт Мамыраев, А.Данияров, Б.Әбдікәрімов, С.Баттаков, Т.Исабеков.

Атақты қаламгерлер: Сайділ Талжанов, Қабікен Мұқышев, Бүркіт Ысқақов және басқалары. Бұлардың еңбектерін өскелең ұрпақ әрдайым терең зерттепзерделеп, қадір тұтып, қажеттеріне жаратып жүрсе, нұр үстіне нұр болары ақиқат.

Нұралық халық-ағарту саласы майталмандарының да шоғыры төмендегідей тізімді құрайды екен: М.Шынтақова, Уатай Әубәкіров, Баймағанбет Мамраев, Мүтәш Сүлейменов, Шорман Қалиев, Асыхат Шалқарбаев, Рахым Асубаев, Мажит Қалиев, Махмет Темірұлы, Көбек Ынтықаев, Нұрғайша, Әния Әкімбекова, Тыныбек Балабеков, Қайып Шайменов, Мейірхан Айтжанов, Закарин, Үкіжан Қасенов, Аманкен Шалабеков, Алтынхан Ауғалиев, Қали Жылтыров, Сағат Нашарбекова болып тізіле береді.

Сондай-ақ, медицина саласындағы ел мақтанышына айналған Зекен Қайырбеков, Зәрлі Мүслімов, Мұхит, Қали, А.Кулагин тәрізді ақ халатты абзал жандарға жерлестерінің айтар алғыстары шексіз.

Заң қызметіндегі қара қылды қақ жарып, әділдікті қолдаған заңгерлер қашанда мәртебелі. Солардың алғы легіндегі Х.Ахметов, З.Қажыбеков, Ж.Мамин, Т.Былқылов, Рашид Түсіпбеков, Б.Төлеубаев, Қ.Әубәкіров, Қ. Құсайынов, Е.Асубаев, Байқұтанов, М.Күзгібековтер есімдері де құрметпен аталады.

Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нұркен Айтуғанов, І.Смағұлов, Н.Кузнецовтардың қажырлы еңбектері жайында да өскелең ұрпақ арнайы ұйымдастырылатын тәрбиелік маңызы зор кездесу кештерінен, естеліктерден мағлұмат алып отырады..

Қазіргі кезде Қанат Отарбаев, Сейітжаппар Нығметов, Ықсан Тәттібаев, Г.Прокоп, С.Қоңырбаев тәрізді азаматтар шаруа қожалығының иелері, ауыл шаруашылығы саласының іскер ұйымдастырушылары ретінде ауыл экономикасын дамытып, аудан жұртшылығының құрметіне бөленіп жүр.

Нұраның өз басынан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов халқымыздың мақтан тұтар тұлғаларының бірі.

Кеңес дәуірінде коммунистік партияның басшылығымен әр жылдары аудан шаруашылығын басқарғандар, ауданның 1-ші хатшылары болғандар: Оңғаров (1928-30 ж.ж), Железнов (1930-31 ж.ж.), Нүркин (1931-32 ж.ж.), Ш.Ерманов (1932-33 ж.ж.), М.Бейсепанов (1933-34 ж.ж.), О.Жақыпов (1936 ж.), Н.Задорожный (1965-75 ж.ж.), В.Ануфриев (1975- 77 ж.ж.), Қ.Жақыпов (1977- 85 ж.ж.), А.Навоенко (1985-90 ж.ж.), Д.Әбілдинов (1990-91 ж.ж.).

1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдық жүйе өзгеріп, басқару саласына басқа атаулар берілгенде аудан әкімдері болған Д.Құсайынов, С.Шайдаров, Қ.Бексұлтанов секілді азаматтар Нұра ауданының шаруашылығын көтеріп, ел мен жерді көркейтуге көп еңбек сіңіріп, әділетті басшылар бола білді.

Ал, енді Нұра ауданының бүгінгі әкімі Ниқанбай Омарханов өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, парасатты, ұлтжанды азаматтық қасиеттерімен танылып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасының аясында Нұраның жеріне, еліне, өсіпөркендеуіне айтарлықтай мол үлесін қосып жүр. Ниқанбай мырзаның ауданды экономикалық және әлеуметтік жағынан көтергені өз алдына бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, Нұра ауданының мәдениетіне, осындағы тарихи атаулардың қалпына келуіне қосқан ерекше үлесі еді. Бір ғана мысал, өзіне дейінгі қаншама басшы, әкімдер өзгерте алмаған «Киевка» деген мызғымас атауды жойып, Нұраны қайта нұрландырды. Онымен қоса, ауданға қарайтын бірнеше елді мекеннің тарихи атауларын өзіне қайтарып, ұлт ұпайын түгендей түсті. Және бұл батыл іс-әрекетін заңды түрде бекітіп берді. Яғни, ұлттық кодымызды сақтап қалуда жанашырлық танытты.

Осы арада бұрынғы тарихымызға бір сәт көз жіберсек, созылып жатқан Сарыарқаның орта тұсына орналасқан Нұра, Осакаров, Бұқар жырау аудандары үш белге бөлінеді екен. Нұра жері – Мұз бел, Осакаров аумағы – Сары бел, Бұқар жырау аймағы – Ақ бел делінеді. Міне, сол тарихи көне атауларды іздеп тауып, жаңғыртып, бұрынғы ТОО «Пржевальское» шаруашылығын – қазір «Мұз бел» ЖШС шаруашылығы атандырып, жергілікті халықтың санасына жеткізе түсіндіріп, осындай Нұра ауданына қарасты барлық елді мекендерге ұлттық шапанымызды кигізіп жатқаны аса құптарлық іс. Биылғы Нұрлы Нұра даласының, көрікті Нұра кентінің, айбынды Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойының қарсаңында 100-ден астам елді мекеннің тарихи атауларын қалпына келтіріп, заңдастыруы – ердің ерінің ғана қолынан келер шаруа. Сондықтан да, осынау Нұрлы Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойы алдында аудан халқы атынан, тұғырлы туған жеріміз – елді мекендер тұрғындары атынан Ниқанбай Омарханұлы бауырымызға үлкен алғысымызды білдіреміз

Ел игілігі жолындағы табандылықпен атқарған қажырлы да ерен еңбегіңіз әрдайым аға ұрпақ, үлкендердің батасына бөленіп, жарқын істеріңіз халқыңыздың, жастарымыздың көз қуанышына айнала беруіне шынайы тілектеспіз!

Қайыржан Бекішев,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры,

 Халықаралық Еуразия экология ғылым академиясының академигі,

 «Құрмет» орденінің иегері,

Нұра ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button