Тарих

Тарихты бұрмалауға болмайды

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 26 ақпандағы №22 (22 618) санында «Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің туғанына – 100 жыл» айдарымен жарық көрген Жеңіс Көпжасаровтың «Батыр өмірінің белестері» атты мақаласындағы Нұркен атамыздың шығу тегі туралы мәліметтер, шындығын айтқанда, таң қалдырды…

Мақала авторының «осыны оқыған жұрт нендей пікір айтады, туысқандары бар шығар, олар не дер екен?» деп ойланбағаны, ең болмаса, ұсынып отырған мәліметтерін байыптап тексермегені өкінішті. Нәтижесінде шежіреден сыр шертіп, ата таратамын деп бәрімізді ыңғайсыз жағдайға душар етті.

Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін өзінің арғы тегін жақсы біледі. Соңғы уақытта ұрпақтар шежіресін құрастыруда жан-жақты ізденіп, тер төге еңбектеніп жүрген азаматтар біршама жүйелі жұмыс атқарғаны белгілі. Сол еңбектерге, әкелерімізден мирас болып қалған жазбаларға сүйеніп, арғы жағына бармай-ақ, үлкен бабамыз Сарымнан бастап жүйелесек, мынадай ұрпақ сабақтастығы көрініс береді. Ұлы бабамыздың Тоқсан, Өтеміс деген екі ұлы болғаны белгілі. Мақала авторы батырдың арғы тегін Өтемістен таратады. Сонда Тоқсаннан тараған қалың ел қайда қалады?! Ақиқатында, Тоқсаннан – Мастан, Алдияр, Жиенкелді. Жиенкелдіден – Құдайберлі, Қожағұл. Құдайберліден Байдәулет баба дүниеге келеді. Байдәулет баба елден аруағы асып, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленген. Бабаның өз кіндігінен алты ұл – Байтоқа, Жантоқа, Жабағы, Ерубай, Шуақ, Төле. Үлкен ұлы Байтоқадан тоғыз ұл туады. Оның төртінші ұлы Добығырдан он ұл туған. Добығырдың екінші баласы Тәшкеннен – Смағанбет, Жарма, Жәйке, Емберген. Жәйкеден – Әбдір, Әбдікеш, Нұрлыбек, Қарсыбек, Жазыбек, Өмірбек. Әбдірден – Сәрсен, Нұркен, Сәдірбек. Анасының есімі – Бағжан Айнабекқызы. Міне, Нұркен батырдың аталарының таратылуы осындай. Тіпті, Байдәулет ұрпақтарының бәрі дерлік мекендейтін Ақсу, Тоқырауын, Жәмші өзендерінің бойын жайлаған қалың елден сұрасаңыз, бәрі бірауыздан осылай әңгіме өрбітері сөзсіз.

Ал, Әбдірдің отбасы неліктен төркін жұртына қоныс аударғаны бұл тақырыптан бөлек, бұлдыр әңгіме. Тап басып айта алмаған соң, ол жөнінде сөз қозғаудың артық екенін түсінерсіздер. Осы жерде «бұлар бұрын қайда қалған?» деген сұрақтың туындауы мүмкін. Оған жауап біреу – кешегі Кеңес заманында Нұркенді қарағандылық, қарқаралылық десе де, руын таратқан ешкім жоқ. Сондықтан, батырдың аруағын мазаламау басты мақсат болып, қай жердің баласы деп айтылса да, әйтеуір, қазақтың ұлы деп жершілдікке, рушылдыққа бой ұрмай, аз қазақты алаламағандығымыз шығар… Қай жерде тусын мейлі, аз ғана шоғыр халықтың ынтымақ-бірлігін ойлап, арғы тарихты қаузамадық.

Шындыққа сәйкес келмейтін, негіздемесіз шаруадан наразылық туындайтыны белгілі. Кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Шет ауданының Құрметті азаматы Серік Тұрсынбеков ағамыз: «Нұркен Жәйкенің Әбдірінен туса, мен оның бір әке-шешеден туған інісі Ембергеннің Тұрсынбегінің ұлымын, бір емшекті ембесек те, қатар өскенімізді көзімнің тірісінде жария қыламын» деп «Жас Алаш» газетіне мақала шығарып еді. Ағамыздың сөзінде еш жалғандық жоқ. Кейінірек Ақсу-Аюлыда соғыс құрбандарына арнап қойылған мемориалға Нұркеннің атын жазғызып, сонымен шектелген болатынбыз. Онсыз да бұра тартқан мазмұндағы мақалалардың қатары көбейіп, төл тарихымыздың әр атаға, руға бейімделіп жазылып жатқаны рас, «оң көзқараста болайық, батыр барша қазаққа ортақ» деген пікірге тоқтағанбыз.

«Платон менің досым, бірақ маған шындық бәрінен қымбат!» деген сөз бекер айтылмаған. Білместік үлкен қатеге ұрындырады. Сондықтан, жоғарыда аталған мақаладағы өрескел қателік баршамызға сабақ болуы тиіс. Халқымызға тән асыл қасиеттердің бірі ата-баба аруағына бас ию емес пе? Ендеше, айғақты ақиқатқа қиянат жасамайық.

Айналып келгенде, осы уақытқа дейін бұрмаланып, құндылықтарымызға теріс баға беріліп келгенін ескере отырып айтарымыз: шежіре-тарих жазылсын – тегімізді, ағайындығымызды білсек, бірлігіміз нығаяды, елдігіміз бекемденеді. Бұл үшін үлкеніміз де, кішіміз де тарихқа асқан жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.

Қайыржан ТІЛЕУБЕРГЕНОВ.

Басқа материалдар

Back to top button