Тарихпен тамырлас игі дәстүр

          Қазақ халқының ғасырлар бойы сұрыпталып өмірімізге бейімделген, салт-дәстүрлерімізге икемді, адами ара-қатынасымызға жылылық ұялататын ғұрыптары аз емес. Сондай ерекше дәстүріміздің бірі – Көрісу күні.

Шын жүректен қол алысып амандасқанда адамдардың бір-біріне деген адал ақ тілеуі алақандары арқылы өтіп, биоток – үлкен күш береді дейді қазіргі ғалымдар. Ол денсаулыққа жақсы әсер ететін көрінеді. Әлемдегі ең ұзақ жасайтын жапондықтар да көктемде сакура ағашы гүлдегенде көшеге шығып, бір-біріне иіліп, амандасып, ақ тілегін тілейді екен. Көп адаммен амандасса, көңілдері көтеріліп, бақытқа бөленіп қайтады. Біздің бабаларымыз да көне заманнан бері қаһарлы қыста шаруашылығымен арпалысып жүріп, Наурыз мейрамының алдындағы Көрісу күніне дейін бір-бірімен жиі араласудың реті келе қоймаған. Бұл – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы тазару дәстүрі ме деп ойлаймын. Өйткені, Наурыз мерекесін халық бір-біріне ешбір өкпесіз қарсы алуы керек қой. Ендеше, Көрісу күні – жыл бойы жиналған өкпе-наздан арылып, кешірімділікпен көрісе білу, ақ тілек тілеп, бата алып, мейірімділікке бас­тайтын өнегелі дәстүр. Ол, әсіресе, балаларды үлкенді сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған.
Үлкендер біздің бала күнімізде Кеңес үкіметінің ұлттық салт-дәстүрлерімізді діншілдіктің сарқыты деп тыйым салғандығына қарамастан, есік-терезені жауып алып, намазын оқып, көрпе астында тығылып жатып, елдегі Алаш азаматтарының ерлігін сыбырлап отырып, жері үшін, халқы үшін жанын берген асылдарды құлағымызға сіңіріп отыратын. Әкем Нарымбай – коммунист, Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар балықшылар ауылының байланыс бөлімінің бастығы. Бізді ұлттық тәрбиеге ыңғайлап өсірді. Анам Әсима – отызыншы жылдары қудалауға түсіп жер аударылған, кезінде Бозай өңірінде мешіт ұстаған Шыңғали қазыреттің немересі. Менің тәрбиеме әкем өте көп көңіл бөлетін. Жастайымнан ұлттық тәрбиенің бар жақсылығын бойыма дарытты. Әсіресе, үлкендерді құрметтеп, кішілерге қамқор болуға баулыды. Көрісудің үлкен орын алатынын үнемі түсіндіретін.
Төрттен беске қараған кезім-ау деймін. Кешкісін әкем маған:
– Ертең ерте тұрып, Темірғали атаңа амандасып, батасын алып кел, көрісу күні ғой, – деді. Мен қуанып жатып қалдым. Ертеңінде күн әлі шықпаған кезде анам оятып, киіндіріп, әкем көшеге алып шығып, терезеден жарығы жылтыраған көшенің қарсы бетіндегі атамның үйіне шығарып салып, артымнан қарап тұрды. Үйге кірсем, таңертеңгі шайларын ішіп отыр екен. Мен табалдырықта тосырқап тұрып қалдым білем, төрге шықпаған соң, неге келгенімді сұрады. Мен әкемнің жібергенін айттым. Неге жібергенін білген соң, атам:
– Ендеше амандаспайсың ба? – дегені. Мен шетте шай құйып отырған Қазипа шешемнен бастап, үш қызына, Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлдары Төлеген еркеге, ең соңынан Темірғали атама қолымды бердім. Атам:
– Не деу керек? – деп қолымды жібермей ұстап тұрып алды. Мен:
– Сәлем бердік, – деп жыбырладым.
– Жоқ, ер-азамат «Ассалаумағалейкум!», – деп амандасады, кәне, қай­тала, – деді. Мен:
– Әс-әс-салау-малау-малау.., – деп жылап жібердім. Айта алмағаныма ұялғанымнан булығып кетсем керек. Бәрі жабылып, мәмпәси, каб­решкі сияқты тәттілерін беріп, жұбатып алды-ау әйтеуір. Содан бастап мені көрсе болды, «сәләу-мәләу-мәләу» деп маған қолын созып амандасады. Мен мазақтамасын деп, намысқа тырысып, үлкендерге: «Ассалаумағалейкум!» деп жүгіріп барып амандасатынмын. Үлкендер ризашылықпен батасын беретін. Қазір өзім сол аталарымның жасына келгенде ойлаймын, осы жасқа жетіп, абыроймен ел арасында жүргенім сол аталарымның аялы алақанының ыстығы мен ақ баталары шығар. Өйткені, күні бүгінге дейін елге барғанымда, тілеуімді тілеп, «Әссалау-маләу» келіп қалыпты ғой деп төрге шығарып, бәйек болатын қайран ауылдың кең дария қарттары-ай!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.