Жаңалықтар

Тарих – рух бесігі

Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясының және «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының ұйымдастыруымен Қазақ тарихы күніне орай «Қазақ тарихы – ұлт қазынасы» атты шара өтті.

Ұйымдастырушылар онда жас спортшыларға Қазақ тарихы күнінің мән-маңызы туралы айтып, Қазақстан тарихына қатысты кітаптармен таныстырды. Олардың қатарында «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясы шеңберінде жарық көрген «Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы» атты тарихи анықтамалық пен «Тәуелсіз Қазақ елінің (1465- 1991 жылдар) 526 жылдық тарихы» атты аудиокітап, «Қазақтың әскери тарихы» кітаптары бар.

Шара барысында жас жеткіншектер Қазақстан тарихына қатысты жаңа деректермен танысып, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Қазақтың мақал-мәтелдері», «Қазақ тарихының айтулы тарихи даталары» атты байқауларға қатысып, арнайы жүлделерге ие болды.

 Аталған шара «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясын үйлестірушілердің бастамасымен өткен жылы тұсауы кесілген «Қазақ күнтізбесі» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Биылғы жылы елімізде алғаш рет өткізілген бұл игілікті шараға «Түркі дүниесі» қоғамдық қоры мен «Ұлт тағдыры» қозғалысы қолдау білдірді. Сонымен қатар, шара соңында ұйымдастырушылар алдағы уақытта Қазақ тарихы күнін неғұрлым кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғандарын атап өтті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button