Жаңалықтар

Тарих қойнауындағы «Таңбалы тас»

Еліміздің барлық өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұсынған «Жаңа гуманитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Латын графикасына көшу», «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тәрізді жобаларды іске асыруға бағытталған ауқымды шаралар атқарылуда.

Аталған жобалар еліміздің рухани әлеміне жаңа леп әкелді. Мәселен, «Туған жер» мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларының іске асырылуына арнайы ведомство өкілдері, құзырлы органдардың мамандары, ғалымдардан бастап, өңірлердің барлық азаматтары атсалысуда. Әсіресе, бізді қуантатыны – бүгінгі жас ұрпақтың қызығушылық танытуы. Оларға туған жер ұғымының мағынасын түсіндіру өздерінің отбасынан басталғаны дұрыс. Оны әрі қарай дамытып, жоғары деңгейге жеткізуде мектеп мұғалімдері, оқу орындарының оқытушылары, мәдениет қызметкерлері, бір сөзбен айтқанда, қоғамның барлық өкілдері атсалысады.

Әрине, әркімнің өз туған жері бар. Оның әр бір тауы мен тасының, ағып жатқан өзені мен көлінің, жайқалып өсіп тұрған орманы мен тоғайының, ондағы аңы мен құсының тарихы бар. Ал, сол жерде тұрған адамдардың тағдыры тіпті ерекше. Елбасы ұсынған жобалар осыларды зерттей отырып зерделеуге жетелейді.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің бірі – Ақтоғай ауданындағы Желтау. Ол Қызыл-арай тауларының оңтүстігіндегі оқшауланған тау жүйесі, дұрысы Тоқырауын өзенінің сол жағында орналасқан сай, жыралармен тілімделген ұсақ шоқылардан тұрады. Осында «Таңбалы тастар» бар. Киелі жердің баурайын осы өңірдің тумасы Қалқабай Медетбековтің ата-бабалары мекендеген. Ол туралы біз Қалекеңнен сұрағанда ол былай деді: «Мен атамның бауырына басып, тәрбиеленген немересімін. Атамыз Медетбек үнемі бізге ата-жұрт туралы әңгімелеп отыратын. Атам біздің бала күнімізде сендерді ата-жұрттарыңның бастарына апарамын. Сол жерлерді сендерге көрсетемін деп жүретін. Өкінішке орай, атам бізге көрсетуге үлгермеді, қайтыс болып кетті. Бірақ, атам көзі тірісінде «Ақтұмсықтағы» бейіт басына құлпытасын өзі қойдырып кеткен болатын. Онда мынадай сөздер жазылған: «Құлсары, Көшкін, Қазыбай, Отар, Қонақбай, қайратпен алған қонысымыз Ақ құдық, Үңіреу, Ұзын бұлақ, Таңбалы тас … 1890 – . Бұл тасты атама онымен жақын араласқан Смахан төре жасап беріпті. Тасқа жазып қалдырған кісі аттары мен жер-су тарихын зерттей бастадым».

Осы жерде Смахан төре туралы қысқаша тоқталып кетейік.

Смахан төре – ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туған інісі. Кеңестік дәуірдің не бір қиын кездерін басынан өткерген Смахан төре мен Қалекеңнің атасы арасындағы достықта да бір құпия бар тәрізді. Себебі, Желтаудың солтүстік-шығыс жағында Бөкейхан әулеті, ал оңтүстік шығысында Көшкіннен тараған Қазыбай әулеті қоныстанған. Ендеше, екі ақсал бір таудың екі жақ бетінде өскендіктен, әрине, бірін-бірі білуі әбден мүмкін. Ол – әзірше жұмбақ. Ал, құлпытастағы жазуларға келетін болсақ, біздің пікірімізше, Смахан төренің ықпалы бар сияқты. Неге десеңіз, «Талдыбейіттегі» кейбір құлпытастардың салыну формасы мен ондағы жазулар еріксіз ой тастайды. Неге олай жазды? Кім үшін жазды? Ал, таста жазылған есімдер мен жер-су аттары нені білдіреді деген көптеген сұрақтар туындайды. Біз Қалекеңнен Смахан төре жайлы не білетінін сұрадық. Тағы да оны тыңдап көрейік. «Бала кезімізде біздің үйге Смахан төре жиі келуші еді. Ол кісі келгенде, киіз үйдің есігін жауып, атам екеуі ұзақ әңгімелесетін. Өкінішке орай, ол кісілер оңаша сөйлескендіктен, әңгімелерінің не жайлы болғанын айта алмаймын. Керісінше, ол кісінің ерекше бейнесі, әлі күнге дейін көз алдымда. Смахан төре – басына аппақ сәлде орап, үстіне тобығына дейін түсіп тұратын ақ матадан тігілген көйлек киетін, бойы бойшаң ерекше тұлғалы адам. Тіпті, біз ол кісінің осындай киім кию үрдісінен сәл жасқанатынбыз да», – деп еске алады Қалекең.

Смахан төренің ерекше келбеті туралы Сырым Бөкейхановтың «Өткен күнде белгі бар: мемуарлар жинағы» (Алматы, 2016) атты кітабында, автор былай деп сипаттайды: «… Ол біздің үйімізге Мазай атай ма, Аяз ата ма, солардың бірі сияқты үстінде үлкен тұлыбы, басында түлкі тымағы, аяғында пима, қолында кедір-бұдыр, түйінтек-түйінтек жуан таяғы бар тосыннан кіріп келетін. Біз, балалар, ол кісіні бәріміз ерекше жақсы көретінбіз, ал бір жағынан аздап сескенетінбіз, өйткені ол басқаға ұқсамайтын ерекше келбетті кісі болатын …» (69 бет).

Жасынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен Қалекең, атасының басына қойылған ескерткіштегі жазылған есімдер жайлы іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Орталық Қазақстанды ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген танымал өлкетанушы, қазір Санкт-Петербург қаласында тұратын Ю.Поповқа хат жазады. Юрий Григорьевичтен мынадай жауап келеді: «… 1898 жылғы халық санағының Тоқырауын болыстығына қарайтын №3 ауылда Қонақбай, Отар деген кісі аттары және қыстау Таңбалы тас тіркелген…». Ендеше, «Таңбалы тастың» етегінде күні бүгінге дейін жақсы сақталған қыстаудың орны Қалекеңнің ата-бабасынікі екендігінде күмән жоқ.

Әрбір қазақ үшін туған жер – қасиетті ұғым. Оның әрбір тау-тасын, ағып жатқан өзені мен бұлағын, әрбір сайы мен саласын қасиетті, киелі деп санайды. Осыны жақсы түсінетін Қалекең балалары мен немерелеріне рухани азық беру мақсатында, осы ата-жұртының орнын көрсетіп, туған жердің қасиеті және оның құдіреті жайлы толғана отырып әңгімелеп берді. Қазір оның немерелері қалада туып-өсіп жатса да, жеті атасын жатқа айтып, шыққан тектері «Таңбалы тас» екенін біліп жүр. Және бұл жерлердің Елбасы ұсынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгенін мақтан тұтады.

Ғ.СМАҒҰЛОВА,

ҚарМУ-дың тарих факультетінің деканы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button