Жаңалықтар

Тарифтің төмендеуін түбіртектен көріңіз

Коммуналдық төлемдер тарифінің төмендеген пайызы наурыз айында түбіртектерде айқын көрсетіледі. Сөйтіп, тұрғындар қандай қызметке нақты қанша төмендеп, өзінің қалтасында қанша үнем қалғанын есептей алмақ. Құзырлы орындардың айтуынша, тарифтің төмендегеніне былтырғы сәйкес кезеңмен салыстыра отырып көз жеткізуге әбден болады.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыстық департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің мәлімдеуінше, облыстағы қызмет көрсетуші ұйымдар ақысын жалпы алғанда 10 пайызға дейін төмендеткен. Әрине, әр монополис мүмкіндігіне қарай тарифті арзандатуды қолдаған екен.

– Президенттің тапсырмасы бойынша облыс, қала және аудан әкімдіктері мен біздің департамент коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету жөнінде жұмыс жүргізді. Тарифті төмендетуде облыс аумағындағы қала, ауданның ешқайсысы қалыс қалмады. Соның нәтижесінде бүгінде 1,5 млрд.теңге тұрғындардың пайдасына тиесілі болып отыр. Тарифті төмендету – әр субъектінің экономикалық жағдайына байланысты жүзеге асты. Бірыңғай тариф қою мүмкін емес, – дейді департамент басшысы Арман Өтегенов.

Қазіргі таңда Қарағанды қаласында «Қарағанды-су» ЖШС – қызмет көрсетуін 5 пайызға, кәріз желісіне – 3 пайызға төмендеткен. «Қарағанды жылусбыт» ЖШС электр энергиясына жасаған төмендетуі – 5 пайыз, жылуға – 3,4 пайыз. Қызмет көрсетуші ұйымдардың айтуынша, тарифті арзандату – ішінара оңтайландыру мен үнем жасау негізінде іске асқан.

Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Ұлантай Үсенов тарифтің төмендеуін сезіну тұтынушыға да байланысты екенін айтады. Негізі, тарифтер қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруда, газда да көрініс тауып отыр.

– Қарағандыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруда өзінің қызмет көрсетуін 4 пайызға төмендеткен үш субъект бар. Ал, лифт қызметі және газ бойынша тарифтер – 5 пайызға дейін арзандады. ПИК қызметіне келсек, мұны тұрғындар өздері кеңесіп, шешуі тиіс, – дейді Ұлантай Үсенов.

Қызмет көрсетуін арзандатудағы ең жоғары пайыз – 10 пайыз. Бұндай арзандатуға бел буған Осакаров ауданындағы «Сарыарқа-2017» компаниясы екен.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button