Жаңалықтар

Танысы жоқтың “шансы” жоқ па?

Қазір жастардың көбі жоғары оқу орындарына тек диплом алу үшін түседі. Себебі, Қазақстанда дипломсыз жұмысқа орналасу мүмкін емес. Құжатын қолына алған сол жастарға жұмыс берушілер де оңайлықпен «кел» дей қоймайды. Оқу орындары болса, мәселе мемлекеттен гранттарға бөлінген қаржыға тірелгенде, ақылы білім беру арқылы оқушының қалтасын қағады. Ал, дайындаған мамандарын жұмыспен қамтуға келгенде – дәрменсіз. Сонда жұмыссыз жүрген жас маманның тағдырына кім жауапты? Жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауына не кедергі?

«Жастардың еңбекке құлқы жоқ»

Жұмыс берушілер көп жағдайда жас маманның талап үдесінен шықпағанын айтып, шағымданады. Жастардың кәсіби деңгейінің төмендігі, еңбекке талпыныстың жоқтығы жұмыс сапасына әсер етеді дейді олар. Жас маманның дипломы қызметтік міндетін орнықты орындауға кепілдік бермейтінін де жиі тілге тиек етеді. Мәселен, қоғамда мұғалім мамандығынан жалақысының аздығы үшін бас тартып, жеке кәсіп бастағанды дұрыс көретін жастар бар.

– Жастар мамандықты еңбек нарығының қажеттілігіне емес, қоғамдағы беделіне қарай таңдайды қазір. Табыс көзі ретінде қабылдайды. Көбіне ЖОО-ны бітірген жастар осы себепке байланысты мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сосын қоғамда жұмыссыздық пайда болады. Тиісінше, олардың оқуға төлеген ақшасы далаға кетеді, өзін-өзі ақтамайды. Ата-ана балаларын өзіне ұнайтын мамандық таңдауға үйретсе, жұмыс берушілер арасында үлкен бәсекелестік қалыптасар еді, – дейді қарағандылық бір мектептің директоры.

ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің инспекторы Әлихан Құлжаның айтуынша «жастар мамандық таңдайтын уақытта ақша, мансаптан да артық дүниелер бар екенін естен шығарады».

– Қазір жастар ата-анасының айтуымен лауазымды қызметті қалайды. Кейін өзі қаламаған мамандықты таңдағанын түсінеді, үйренуге құлқы болмайды. Егер көздегені ақша болса, еңбектенген адамға жалақыны көп ұсынатын дәнекерлеуші немесе бұрғышы мамандығын оқу керек. Ал, қазіргі жастардың ондай ауыр жұмысты істегісі жоқ. Қарапайым жұмыс істегеннен көрі, бар кінәні қоғамға жаба салған оңай, – дейді инспектор.

Мәселен, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Электр энергетикасы» мамандығының 2018 жылғы түлегі Мұхамедәли Айнабек мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр.

  • ЖОО бітірген соң бірден Қарағандыдағы үшінші жылу электр орталығына түйіндеме арқылы таныссыз, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Электр монтері болып жұмыс істеймін. Қазіргі таңда дипломың сәйкес болса да, жұмыс табу оңай емес. Тек, жас мамандар табыс көзі бірден жоғары болмайтынын ескергені жөн. Өндіріс орындары, компаниялар мамандарды «бос орындар» немесе «мамандық» жарнамасы арқылы іздейді, – дейді Мұхамедәли.

«Жұмысыма мамандығым сай емес.

Бірақ…» Электрмонтер сөзінің жаны бар. Қалауының жүзеге аспай, жұмысына мамандығының сәйкес келмеуі – жастар үшін басты кедергі. Осыдан кейін мүмкіндігі жүзеге аспаған жастар арасында жалақының басты мүддеге айналуы – заңдылық. Оған қоса грант болғаны үшін кез келген мамандықты таңдай салып, дипломды күтіп оқу орнында төрт жыл уақыт өткізуі де жастар арасында жиі кездесетін жайт. Мәселен, ҚарМТУ-дың «Машинажасау» факультетінің бірінші курс магистранты Нұрлан Әділетұлы екінші мамандықта білім алып жүр. Оның айтуынша:

“Қазіргі уақытта дипломың бола тұра, жұмыс табу қиын. Оның үстіне жастардың дені «таныс арқылы» жұмысқа тұрдым деп айтудан арланбайтын болды. Жұмыс орындары сұхбаттан өту барысында бірінші «жұмыс тәжірибең бар ма?» деп сұрайды. Оқуды енді бітіріп келген студентте қандай тәжірибе болсын? Жұмыс ұсынушылар тәжірибені өздері үйретуі керек. Мысалы, мен дипломым бойынша энергетикпін. Жұмыссыз жүрмін. Жұмыс орны босағанда шақырамыз деген өндіріс орындары бар. Бірақ, маған жұмыс береді деп күтіп отырмаймын ғой. Күн көру керек. Жоғары оқу орнынан кейінгі қосымша білім алып жүрмін, алдағы уақытта оқытушы болуым мүмкін. Бұл – екінші мамандығым”.

Рейтингке байланған білім

Мейлі екі-үштен дипломың болса да, жұмыс берушіге жұмысын білетін адамды алған тиімді. Бірақ, олардың арасында ЖОО бітірген түлектерді «тәжірибең жоқ» деп қайтарып жіберетіндері де жоқ емес. Осы орайда, қателік колледждер мен ЖОО-да болашақ кадрларды дайындауда қолданбалы білімнің жеткілікті берілмеуінен дегеннен басқа себеп жоқ. Тіптен, кейбір университеттердің өз түлектерінен «жұмысқа тұрдым» деп қол қойғызып алатыны тағы бар. Бұл туралы ҚарМУ-дың мансап және жұмысқа орналастыру орталығының басшысы Гүлжан Тиышмағанбетовадан сұрап көрген едік. Орталық басшысының сөзіне сүйенсек, «оқу орнының талабы бойынша жұмысқа орналасқан түлектердің кәсіби өсуі университеттің рейтингін көтереді. Әсіресе, жұмыс берушілермен байланысты нығайту – күн тәртібінде. Түлектердің жұмысқа орналасуға қызығушылығын арттыру мақсатында семинарлар және тренингтер өтеді». Бүгінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де жыл сайын сегіз бағыт бойынша 3 мыңнан астам түлек білім алып шығады екен. Бұл – бакалавриаттың 80 мамандығын және магистратураның 50 мамандығын, сондай-ақ докторантураның 12 бағдарламасын қамтиды деген сөз.

Ал, сол түлектердің бәрі жұмыспен қамтыла ма? «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік мекемесі облыста жоғары оқу орнын бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылған үлесі – 85% дейді. Онда неге жастардың басым көпшілігі жұмыссыз жүр?! Ал, оқу орындары түлектерінің жұмыспен жүз пайыз қамтылу жайына тоқталар болсақ, ҚР ІІМ қарасты Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын атаған жөн. Оны бітірген түлектердің жүз пайызы жұмыспен қамтылатынын ескерсек, жастардың еңбекке араласуының тек тәжірибеге байланып тұрмағанын көруге болады. Университет түлектері бүгінде еліміздің ІІД бөлімшелері қатарын толықтыруда. Академияның түлегі Самат Қасым (аты-жөні өзгертілген) оқыған төрт жылда тәжірибе жинап, диплом алған күннің ертеңінде тергеуші қызметіне кіріскенін айтады.

Білікті жастар шетелде жүр, неге?

Жұмыс таба алмаған жастардың санасында «шетелден білім алып келгендерге жұмыс табу оңай» деген ой қалыптасқан. Бұған жастардың белгілі бағдарламалар арқылы шетелде білім алуы және «Болашақ» түлектерінің тезірек жұмысқа орналасуы себеп. Деректерге сүйенсек, 2018 жылы Қазақстан бойынша 7 838 жас шетелге кеткен. Оның 1061-і Қарағанды облысына тиесілі. Солардың бірі – қазір Қытайда білім алып жүрген Тоғжан Искандерова. Оның сөзіне сүйенсек, Қытайда оқуға және жұмысқа тұру мақсатында пара беруге қатаң тиым салынған. Құрлық асқан қазақстандық жасқа білім беріп, жұмыс ұсынудағы Қытайдың осы талабы ұнайтын көрінеді. Бір жағынан қытайлықтар жұмысқа бейім еңбек адамына мұқтаж екен.

«Қазақстанда барлық жоғарғы оқу орындарында бірдей нақты жүйе қалыптаспаған. Болондық жүйенің әр оқу орнында әртүрлілігі, қосымша пәндерге көп көңіл бөлу сияқты мәселерді де біржақты ететін кез жеткен сияқты. Студенттерге еркіндік берілмейді, олар өзіне қажетті пәнді таңдай алмайды, университет ұсынған жүйе талабын орындауға мәжбүр» дейді ол. Ал, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары 2018 жылы 23 727 жастың жұмыспен қамтылғанын айтады. Оның ішінде, 15 975 жас мемлекеттік қолдау шараларынан тыс жұмысқа орналасса, 1236 адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліпті. 700-і техникалық және кәсіптік оқуға жолдама алса, 682 жас кәсіпкерлік негіздерін оқыған. 356 жас азамат әлеуметтік жұмысқа орналасса, жастардың 1232-сі жастар тәжірибесі арқылы тұрақты жұмыс тапқан. 3080 жас буын өкілдері басқа да қоғамдық жұмыстарға атсалысып, 203-і шағын несиені құп көріп, 3 адам грант алғанын алға тартады.

Жоғары оқу орындарының мақсаты – студентке білім беріп қана қоймай, жұмыспен қамту. Десек те, отандық ЖОО-лар бұл қағиданы ескермейтін сыңайлы. Жекеменшікке өтіп, оқу ақысын көтерумен шектелетіні тағы бар. Солай бола тұра, «бізде оқытушылар аз, студенттер келмейді, мамандықтарды таңдамайды» дейді. Не деп, не үшін таңдасын?!.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button