Жаңалықтар

Тамыры – терең, тынысы – кең

Қарағандының құтқа толы қойнауын барлаған кеңес үкіметі баға жетпес байлықты бағамдап, оны игеруге барын салған. Кен орындарын ашып, тұрғын үйлер салу стратегиялық маңызды міндетке айналады. Қарағанды кенді өлкенің орталығына айналып, тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық, өндірістік орындар бой көтере бастады.






Тарихпен

бірге жасасқан

Қарағандымен бірге жасасып келе жатқан облыстың клиникалық ауруханасына да биыл 80 жыл. Ауруханаға клиникалық мәртебесі бертінде 1952 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен берілді. 1936 жылдан бері бөлек бөлім болып жұмыс істеп келген мекемелердің басы бірігіп, облыстық аурухана атанды. Алғашқы жылдары дәрігерлер емдеу ісімен ғана емес, ауыл шарушылығына көмектесу, сауатсыздықты жою секілді жұмыстармен де айналысты. Заманның талабы солай еді ол уақытта.

Бір арнаға тоғысқан ұжым құру оңай болған жоқ. Әуелгі уақытта мамандар жетіспеді. Соның басында профессор А.Сперанский, Л.Тростонецкий, ғарыштық медицинаның атасы А.Чижевский ҚарЛаг-тан шыққаннан кейін осы ауруханада зертханашы болып жұмыс істеді. Аурухананың көптеген дәрігерлері жаң

адан ашылған Қарағанды медицина институтының негізгі оқытушылары ретінде студенттерге сабақ берді. Олардың ішінде О.Коган, А.Нессис, Ю.Хайрова, С.Лохвицский, А.Баширов және тағы басқалары студенттердің бірнеше буынына тәлім-тәрбие беріп, шеберлікке баулыды. Сонымен қатар, ҚазКСР Денсаулық сақтау министрі болған Т.Шорманов, аймақтың денсаулық сақтау саласын тізгіндеген Н.Лапшин, К.Ермекбаев, А.Бароянц, Б.Абзалиев, В.Сапожков, Ш.Әшімова, сондай-ақ, Социалистік Еңбек ері О.Лубинец, Г.Орда, М.Даниярова, Л.Тен, З.Темірбеков, Е.Самарцева, Н.Бидайбаев және басқалары осы мекемеден қанаттанған білікті мамандар.

Уақыт өткен сайын облыстық клиникалық аурухана қанатын кеңге жайып, мүмкіндіктері арта түсті. Алпыс жыл бұрын ауруханада жедел жәрдем қызметінің бөлімі іске қосылды. Халыққа, үйді-үйге барып, дер кезінде көмек көрсетіле бастады. Сонымен қатар, тұрғындардың денсаулығын үнемі бақылауда ұстап, медициналық көмек көрсету мақсатында емханалық қызмет жұмыс істей бастады. Алғашқыларының бірі 1947-1953 жылдары Жамбыл көшесі 16 мекен-жайында орналасты.

Қазіргі күні барлық емханаларда ашылып жатқан отбасылық мектептердің алғашқы қарлығаштарының бірі осы ауруханада 1978 жылы ашылған болатын. «Неке және отбасы» кеңес беру қызметі отбасын құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

Республикада алғашқы болып телелапароскопиялық ота жасауды қолданған да осы емдеу мекемесі екенін мақтанышпен айтуға болады. Бұл экономиканың тұралап қалған уақыты – 1996 жыл еді. Тың әдісті меңгеруге сол уақыттың өзінде мамандарды Германияға жіберіп, тәжірибе алмасуға жағдай жасаған.

Келбеті келіскен

мекеме

Заман көші ілгерілеген сайын облыстық клиникалық аурухананың да тасы өрге домалауда. Бүгінде ол көпсалалы емдеу-профилактикалық мекемесі болып табылады. Тәулік бойы жататындарға 460 орын, күндізгі стационар мен гемодиализ иелігінде 70 орын бар. Құрылымында 18 клиникалық бөлім мен 10 қосымша клиникалық-диагностикалық емхана жұмыс жасайды.

Аурухана қабырғасында хирургиялық көмек көрсететін алты бөлім жұмыс істеп тұр. Онда жылына жоспарлы және жедел түрдегі төрт мыңдай ота жасалады. Олардың басым бөлігі шағынинвазивті түрде лапароскопиялық және эндоскопиялық құрылғылардың көмегімен жасалады. Биыл хирургиялық бөлім түбегейлі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Бүгінгі күні аурухананың терапевтік бөліміне жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған.

Аурухананың перзентханасы үшінші деңгейдегі мекеме болып табылады. Яғни, ана мен бала денсаулығына қатер төнген жағдайда осында жіберіледі. Мұндағы мамандардың жауапкершілігі аса зор. Өткен жылы 1625 ана нәрестелі болыпты.

Дертіне дауа іздеген жандарға жылы сөз, білім-білік арқылы қол ұшын беріп жүрген 130 дәрігер, 303 орта буын маманы бар. Сонымен қатар, 200-ге жуық кіші қызметкер жұмыс жасайды.

«Дәрігердің үш құралы бар: жылы сөз, шипалы өсімдік және өткір пышақ» деген екен аты мәшһүр ғалым Ибн Сина. Жылы сөзбен жанын, дәрі-дәрмек пен пышақ арқылы тәніндегі дертті жазатын мамандарды даярлауда да медициналық мекеме үлес қосады. Аурухана Қарағанды мемлекеттік университеті және медицина колледжінің студенттері үшін таптырмас тәжірибе алаңы болып табылады.

Мемлекет басшысының халыққа сапалы медициналық көмек көрсету туралы тапсырмасын орындау аясында жасалатын жұмыстар мұнымен бітпек емес.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button