Жаңалықтар

Тамыры – телеарна, Тамыры – кең арна

 

          «Телеарна – менің тағдырым» деп өткен жанның бірі – Рәбиға ЖАБАЕВА жайлы біреу білер, біреу білмес бүгінде. Бірақ, таспадағы түсірілімдер мен бейнеде қалған бағалы бағдарламалар жаңғырып сала бергенде… Қарағанды облыстық телеарнасы қарлығашының еңбек жолына еріксіз мойын бұрасыз. Мамандығын мәртебесіндей көріп, ақпарат саласында адал қызмет қылған ардагердің еткен еңбек, төккен тері түбі өтелмей қойсын ба? Соның жарқын бір көрінісіндей, облыстық мемлекеттік архивтің ғимаратында Қазақ телевизиясының 60 жылдығы аясында еңбек ардагері Рәбиға ЖАБАЕВАНЫҢ жеке қоры ашылды. Аталған архив ұжымының ұйымдастыруымен. 

Рәбиға апамыз табандай 40 жыл ғұмырын Қарағанды радио, теледидарының даму жолына жұмсапты. Соған қарағанда, Қарағанды телеарнасының тарихын Рәбиға Жабаевамен өткен және Рәбиғасыз өткен жылдар деп екіге бөлуге болатын сияқты. Себебі, архивтегі жеке қорының ашылуына келген ардагер журналистердің пікірлері соған жетелейді. Кәсіби  көзқарасымен шығармашылық биіктерден көріне білген режиссер жайында ол кісімен істес болған ардагер әріптестері, әсіресе, әр құбылысты көре білудегі ерекшеліктері мен еңбекқорлығына жеке тоқталып өтті.

Ұжымдық жұмыс болғанымен, телеарнадағы түсірілімдерге жауапты режиссердің шеберлігі орасан зор қызмет атқаратыны айтпаса да түсінікті. Маман ретінде кәсіпқойлықты мұрат тұтқан және сол үдеден шыға білген Рәбиға апамыз қызмет жолын 1945 жылы Қарағанды облыстық телевидение және радиохабар комитетінен бастаған. 1958 жылдан бастап режиссердің бірінші санатты ассистенті болса, 1968 жылдан былай режиссер қызметін атқарды. Орталық телевидение­нің тапсырысымен алғашқы телебағдарламасын Социалистік Еңбек Ері, металлург Арғын Жүнісов туралы түсірген. Р.Жабаева дайындаған көптеген бағдарламалар кәсіби шеберлігімен қатар, авторлық көзқарасымен ерекшеленеді. Дайындаған көптеген күрделі телебағдарламалар мен телеқойылымдарының арасынан «Денсаулық», «Сыр сандық», «Арай», «Жас қанат», «Семья және мектеп», «Құрбылар» және тағы басқаларын атауға болады. Осындай өнегелі телебағдарламалары мен телеқойылымдары арқылы соңынан ерген жастарды тәлімгері ретінде режиссер мамандығына баулып, өз мектебін қалыптастырып кетті.

Облыстық архивтегі Рәбиға Жабаеваның жеке қорына шығармашылық қызметіндегі және өміржолындағы құжаттар мен фотоқұжаттар, аудиовизуалдық құжаттар топтастырылыпты. Жеке текті қордың тұсаукесерін аталған архивтің басшысы Жанагүл Тұрсынова жүргізіп, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев пен «Saryarqa» облыстық телеарнасы орыс редакциясының бас редакторы Галина Балбекова сөз сөйледі. Шара барысында «Телевидение – менің тағдырым» атты тарихи-құжаттамалық көрме ұйымдастырылып, Рәбиға Жабаева туралы фильм және слайд көрсетілді.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button