Жаңалықтар

«Тамшының» теңіздей сауабы

«Instagram» желісіне шолу жасап отырып, «Тamsy_kz_of» қайырымдылық қоры парақшасына тап болдым. Әрине, жақсылықты жария ету мақсатында емес, қайырымдылыққа жиналған қаражаттың игерілуіне есеп беру деп ұқтық парақшаның әр жарияланымын. Жақсылық жасаған жандарды да, қайырымдылық қорларын да жиі кездестіреміз. Ал, бұл «Тамшыны» назарларыңызға ұсынудың жөні бар, енді. Облыс орталығындағы аудиториясы ауқымды бір қор болса, ол – осы. Жақсылық жасау жолында жарысқан жастардан жанашырлықтың жарқын келбетін байқадық…

Қор алғашында, яғни, 2018 жылдың 28 қазанынан бастап елге «Мейірімді жастар» атымен танылған. Биылғы жылдың наурыз айында Әділет басқармасынан заңды түрде тіркеуден өткен.
Қор тарапынан қайырымдылық жәрмеңкесі, турнирлер (футбол, волейбол), шеберлік сабақтары, концерттік бағдарламалар, жастар кездесулері, тағы басқа тағылымды шаралар ұйымдастырылып, бұдан түскен қаражат қор иелігіне өтеді. Науқас жандар мен әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар – қордың жіті назарында. Сонымен қатар, жетімдер үйі мен қарттар үйіне де арнайы барып, жабырқау жандардың жанарына мейірім сәулесін ұялатып тұрады. Бұл – кәнігі дәстүрлері. Арыстағы ағайынға да қол ұштарын созған. Алда аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдарын алып беру ниеттері бар. Қор тарапынан көрсетілген көмекті тізбелеп, жария етудің қажеті шамалы, әрине. Десек те, бұл игілікті істің қазіргі қоғам үшін маңызы мейлінше зор. Себебі, мейірімге зәру, ізгіліктің ізі көмескіленіп бара жатқаны – қоғамның келбеті. Ал, «тамшылықтардың» бұл ісі осынау кеселге аз да болса тосқауыл болатын секілді… Қалай болғанда да, көңілі пәс, жаны жабырқау жандардың алғысын алуға құштар, жүректеріне ізгілік ұялаған жастардың әрекеті дәріптеуге лайықты.
Табандылықтарымен танылған «тамшылықтар» келешекте ықпалды ұйымға айналғалы тұр. Аз да болса жақсылық жасап, қоғамдағы бір отбасының оңалып кетуіне септігі тисе, бір науқастың ем-домына қолғабыс етіп, қуаныш сыйласа, онда «Тамшының» тас тескені. Сосын, теңіздей сауапқа кенелгені…

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button