Жаңалықтар

Талап үдесінен шығуға талпыныс

    Өткен жылмен салыстырғанда, облыстағы жалпы құық бұзушылық көрсеткіші 13,4 %-ға төмендеген. Бұл туралы  облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Жалғасбай  ЖАҚАЕВ халық алдында берген есебінде айтты.

Жалғасбай Сұлтанғали­ұлының айтуынша, қылмыстар саны біршама азайыпты. Оның ішінде, адам өлтіру, аса ауыр қылмыс дерегі 13 пайызға кеміген. Қоғамдық орындардағы заң бұзушылықтар да 13 пайызға азайыпты. Қылмыс ашуда бейнекамералардың көмегі көп. Жалпы, Қарағанды қаласында 1068 бейнебақылау камерасы орнатылған. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Есеп», «Түнгі қаладағы балалар», «Көрші бақылауы» сияқты жедел-сауықтыру шаралары жүргізілген. Әсіресе, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін әр жұма, сенбі күндері арнайы топ кезекшілікке шығып отырған.

Жалғасбай ЖАҚАЕВ,

облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Дәл бүгін қолбайлау болатындай проблема жоқ. Былтыр мен осы қызметке келгенде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы өте нашар еді. Сол себепті, облыс әкімдігінде, облыстық мәслихатта, «Нұр Отан» партиясының филиалында, дөңгелек үстелдер басында, депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиналыстарда Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жағдайы аянышты халде екенін айтып, қаншама рет мәселе көтердік. Нәтижесінде, мәслихат депутаттары біздің өтінішімізге құлақ асып, тірек пункттерімізді, жол-патрульдік полициясы полктерін аралап, қарап шықты. 2017 жылы толықтай жабдықталған 100 көлікпен қамтамасыз етті.

Осы күні Қарағанды қаласы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Арман Оразбаев та халық алдында есеп берді.

Ол баяндамасында халықпен өзара бірлесіп біраз түйткілдерді шешуге қол жеткізгендігін атады. Мұндай өзара байланыс тиімді болған. Алдағы уақытта да игілікті жұмыстар жалғасын таба береді. Жергілікті полиция қызметі жауапкершілікті арттырып, Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытын жүзеге асыруға қомақты үлесін қоса беретіндігін сөз етті. Сонымен қатар, осы жылдан бастап  Қарағанды көшелерінде, оның ішінде, 79 білім ұясына  су жаңа 1896 бақылау камерасы орнатылатындығын жеткізді.

Кездесу соңында қала тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, облыстық ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметіне және қалалық ішкі істер басқармасының Жергілікті полиция қызметіне жұмысын жүйелі түрде жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Сақшылар құрамы болса, барлық көтерілген мәселелер мен өтініштер назарға алынғандығын және сол талаптың үдесінен шығуға күш салатындықтарын тілге тиек етті.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button