Талап — қатал, қызмет — мінсіз

КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ СЕНІМІН НЫҒАЙТУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ. ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ, ӘЛБЕТТЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖОҒАРЫ КӘСІБИЛІГІН ЖӘНЕ ӘДЕПТІЛІГІН ҚАЖЕТ ЕТЕДІ. ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНДА ӨТКЕН БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА ОБЛЫСТА ӘДЕП НОРМАЛАРЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ҚАТАРЫ АЗАЙҒАНЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕДІ.

Мәселен, өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 24 қызметші тәртіптік жауаптылыққа тартылса, биыл қызметтік норманы 1 ғана адам бұзған.

– Түсіндіру жұмыстары мен алдын алу шаралары оң нәтиже беруде, – дейді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Айдын Шахмерденов. Оның үстіне, Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы да алдымен, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың бұзылуының алдын алуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мен Әдеп кодексінің нормаларының сақталуына бағытталған. Көп жағдайда Кеңес отырыстарында алдын алу шаралары қарастырылып, сәйкес ұсыныстар жасалады.

Осы орайда, жыл сайын алдын алу сипатындағы мәселелерді қарастыру да артқанын айту керек. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен екі есеге артып, 66 %-ды құраған. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері де отырыстармен шектелмей, шараларға белсенді ат салысуда. Яғни, өңірлерге, оның ішінде, ауылдық округтерге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың өтініштерін қарастырады. Нәтижесінде 2018 жылы 5 тексеру жүргізіліп, шаралар қабылданған.

Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Ерқанат Мәжитов те алдын алу шараларының тиімділігін айтады. Нәтижесінде, өткен жылы нормадан артық жұмыс істеудің 250 фактісі орын алса, биылғы жағдай біршама жақсарған.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы мамандары кеңес мүшелерімен, департамент жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесіп, мемлекеттік органдарда 500-ге тарта инспекциялау жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, бірінші тоқсанда мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу фактілері анықталған. Тексеріс нәтижесі олардың негізді және арнайы бұйрықпен жасалғанын көрсеткен.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесін енгізу де нәтижесін берген. Агенттіктің ендігі міндеті – мемлекеттік органдарда қызметшілердің кірген және шыққан уақытын белгілеу арқылы «Е-Қызмет» ақпараттық жүйесімен бір уақытта ықпалдасу. Бүгінгі таңда қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі 81 әкімшілік мемлекеттік органға енгізілген.

Белгіленген мөлшерден артық жұмыс істеумен күресудің тағы бір тиімді жолы – 8 сағаттық жұмыс күнінен соң компьютерлердің өшірілуі. Жүйе облыстағы 395 мемлекеттік органға орнатылған. Жүйе электр энергиясын тұтыну, техникалық құралдардың тозуы тәрізді әкімшілік шығындарды төмендетуге де ықпал еткен.

Мемлекеттік қызметшілер құқығының сақталуы да кеңес мүшелерінің назарында. Департамент қызметкерлерінің жұмыс нәтижесінде 2018 жылы 4 қызметшінің, 2019 жылы 2 қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген.

Салтанат ІЛИЯШ