Талғат Ыдырысов: «Тәттімбет оркестірінің өзі бренд!»

Қарағанды ғана емес, Қазақ топырағындағы ұлттық рухтың құтханасы, кешегі ән өнерінің алыптары Жүсіпбек пен Қали ән салып, Мағауия Хамзин күй шерткен қасиетті қара шаңырақ Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік биыл 80 жаста. Сексен жылдық тарихы бар өнер ордасы бірде Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі боп құйқылжыса, енді бірде симфониялық оркестр, джаз болып құбылып, әлем классикасынан сыр шертетіні тағы бар. Өнер ырысын еселеп жүрген фольклорлық «Арқа сазы», «Мерей», «Арай», «Әуен», «Аққу» сияқты ансамблдерінің өзі неге тұрады бірлестіктің?! Алаш даласын ғана емес, әлем елдерінің сахнасын дуылдатып жүрген ұжымға мерейтойы қарсаңында арнайы бас сұғып, бірлестіктің директоры Талғат ЫДЫРЫСОВПЕН аз-кем әңгімелескен едік…

– Талғат аға, мерейтой құтты болсын! Дайындық ойдағыдай шығар?

– Иә, әрине, рахмет ізгі ниетіңізге! Қазір қызу дайындық үстіндеміз. Сексен жылдық – алғашында филармония аталған, одан кейін бірлестік болып құрылған біздің концерттік орталықтың жалпы тарихы ғой. Мұндай шоқтығы биік үлкен бірлестік Қазақстанда кем де кем қазір. Сексен жылдық аясында бүгіндері жекелеген мерейтойлық концерттер де өтіп жатыр. Мәселен, желтоқсанның 1 күні біздің симфониялық оркестр 35-ке толып, мерейтойлық концертін берді. 6 желтоқсанда «Аққу» би ансамблі 25 жылдығына байланысты концерт қойды. 9 желтоқсан күні Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі 30 жылдығына орай, 11 желтоқсанда джаз оркестрі 25-ке толуы себепті концерттер ұйымдастырды. Осының бәрінің басын қосып, желтоқсанның 20 күні кешкі сағат 17.00-де қазір өзіміз отырған Қарағанды «Цирк» ғимаратында сексен жылдық үлкен мерейтойымызды атап өтпекпіз. Оған Астана мен Алматыдан, республикамыздың тағы да басқа қалаларынан құрметті қонақтар келіп қатыспақшы. Қазірдің өзінде кассада билеттер аз қалды. Қазақстаннан бөлек, бізге «Жезкиік» фестивалінен соң хабарласып тұратын шетелдік (Англия) бір әріптесіміз өздерінің ұлттық аспабымен ойнап, музыкалық құттықтау жіберіп жатқан жайы (жымиып) бар.

– Бірлестіктің бүгінгі даңқына біршама қанықпыз, аға. Сексен жылдық қалың тарихы бар. Өткеніне де тоқталып өтсек?

– Филармония 1938 жылдың наурыз айында ашылған. Қазіргідей үлкен өнер ұжымы бірден қалыптасып кете қоймаған, бірақ, ел арасында, радиода, хорда ән салып жүрген әншілер тартылған екен. Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Нұрман Әбішев, Зәбира Жұбатова, Рахия Қойшыбаева, Әлия Тұрдықұлова, Қосымжан Бабақов, Алтын Әлиева, атақты күйші Мағауия Хамзин сынды, тағы басқа өнерпаздарды атап өтуге болады. Ол кезде көлік жоқ, елді ат арба, өгіз арбалармен аралап өнер көрсеткен. 1950 жылдары «Сарыарқа» ансамблі құрылыпты. Осы 1955 жылдың шамасында бізде тұңғыш рет КарЛаг-та отырған Варламовтың жетекшілігімен джаз оркестрі дүниеге келген. Тұңғыш эстрадалық оркестр. Алғашында екіүш әншіден құрылған ансамблдер ғана жұмыс істесе, 60-70 жылдары үлкен ансамблдер ашыла бастаған. Солардың арасынан «Гәкку» ансамблін атап айтуға болады. 1990 жылы филармонияға әйгілі әнші Қали Байжанов есімі берілді.

– Осыншама тарихы бар концерттік бірлестіктің Қазақ еліндегі бүгінгі орны қандай?

– Қазір Қазақстанда ең белгілі, беделді, өзіндік орны бар концерттік бірлестіктің бірі – біз. Атына заты сай іргелі ұжымдар бірлестігі. Республика көлемінде деңгейі жоғары деп ауыз толтырып айта аламыз. Мәселен, бізде Тәттімбет оркестрі, симфониялық оркестр бар. Қазақстанда осыларға жететін оркестр аз. Осыдан екі-үш ай бұрын Алматыда оркестрлер арасында фестиваль өтті. Сонда күллі өнертанушылар, музыкатанушылар Тәттімбет оркестрін өте жоғары бағалады. Тіпті, кейбір музыка сыншылары біздің оркестр туралы «барлығын жүрелетіп кетті» деп жазды. Симфониялық оркестр биыл қыркүйек, қазан айларында гастрольдік сапармен Қытайдың 35 қаласында 40-қа жуық концерт қойып келді. Қытай бұқаралық ақпарат құралдары сонда «Қазақстанның мемлекеттік оркестрі» деп жазды. Ондай мәртебесі болмаса да. Мұндай оркестрлер Астана, Алматыда да бар. Солардың арасындағы шоқтығы биігі осы оркестр. Джаз оркестрі жақында Осьня мен Сербияға сапарлап, ол жақтан жоғары баға алып қайтты. Тіпті, шақыртулар түсіп жатыр бұл оркестрге. Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі дүниежүзін аралап шықты. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Симфониялық оркестрдің де гастролдік картасы қалыптасқан. Бұлардан бөлек, белгілі-белгілі ансамблдеріміз бар. Мәселен, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің өзіндік орнын атап өтуіміз керек. Гастрольдік қартасы қойылған. Әлем елдерінің біразына барды. «Аққу» би ансамблінің гастролдік картасы «Арқа сазынан» да ауқымдырақ. Бәленбай елде өнер көрсетті. Онымен қоса, «Мерей», «Әуен», «Арай» сынды ансамбльдер бар. «Мерей» ертедегі «Лекторилардың» жалғасы. «Әуен» де сондай.

– «Лекторий» сөзіне тоқталып өтсеңіз?

Лекция-концерттер. Мәселен, Тәттімбетті таныстыру үшін оның өмірін шығармашылық мұрасын орындай отырып түсіндіру. Орта мектептер мен колледждерде жүргізіледі. Баланың танымын арттырып, өнерге деген көзқарасын қалыптастыру мақсатында. Бірақ, қазір лекторий сабақтары жүргізіле қоймайды. Жоққа тән. Қазақтың қобызы скрипканың атасы екенін түсіндіріп тартса, оқушылардың ұлттық музыкамызға көзқарасы анағұрлым жақсара түсуі мүмкін ғой.

– Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік бренд қалыптастыра алды ма осы уақытқа дейін?

– Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің өзі бренд емес пе?! Бұл – Қазақстандағы алдыңғы орында тұрған оркестрдің бірі. Қазақстанның бренді десек, жарасқандай. Басқалары шертпе күйді Тәттімбет оркестріндей орындай алмайды. Қазақстанның бренді деуімнің мәні сонда. Өйткені, шертпе күйдің отаны – Арқа даласы. Сол шертпе күйдің атасы Тәттімбет болғандықтан, оркестр сол кісінің атын алғандықтан, репертуарының басым көпшілігі шертпе күй. Басқа аймақтағы оркестрлер шертпе күйді бұлардай орындауы екіталай. Біздікілер төкпе күйді олар сияқты орындай алмайды дегендей. Сол сияқты, біздің симфониялық оркестр де сондай. Дүниежүзінің дирижерлері келіп, тәжірибе алмасып кетеді. Ансамблдердегі дәстүрлі әншілеріміздің Арқа әндерін шырқағаны тіпті керемет қой!

– Бірлестікке не жетіспейді?

– Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары өнер мен мәдениетке үлкен бетбұрыс жасады. Оның ішінде ұлттық өнерге. Орыстар «әуелі мәдениетіңді көрсет, сенің еліңді содан танимын» демей ме? Сол сияқты, бізді де басқа халыққа танытатын осы өнеріміз бен мәдениетіміз. Өзге ұлттарға ұялмай көрсететін озық мәдениетіміз бар. Мәселе, сол өнердің жүгін арқалап, тіпті, мәпелеп жүрген әртістердің жалақысы түкке тұрғысыз. Көп өнерпаздардың айлығы шайлығынан аспайды. Тапқан табыстары арқылы олар несиеге пәтер ала алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, өнерпаздардың жалақысын көтеру керек-ақ. Бұрынғысынша, пәтерлер берілсе қандай тамаша! Даңғайыр домбырашы, мықты қобызшы деген көп емес, талант мыңнан біреу ғой. Олар халықаралық байқаудан жеңімпаз атанып келгенде, бір рет сыйақы беріледі, болды. Әрі қарай аз жалақымен қала береді. Жеңімпаз ретінде халқымызды шетелге таныта алған өнерпаздың ептеп жалақысын көтеріп қойса, оларда қанаттана түспей ме? Әрине, мен қолдау мүлде жоқ деп айтудан аулақпын. Облыс әкімінің жыл сайын берілетін арнайы сыйақылары бар. Аймақ басшысының ықпалымен шетелдерге шығып жатады, халықаралық байқауларға қатысады дегендей. Ресейде өнер мен мәдениетке ақша құйған шүлеңгер (меценат) мемлекет салығынан босатылады. Ондай үрдіс ертеректе біздің елде де болған ғой. Атақты байлар өнер иелерін құрметтеп қана қоймай, үлкен демеушілік көрсетіп отырған.

 – Рахмет, аға! Осылай уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін. Тойларыңыз құтты болсын тағы да!

Сұхбаттасқан Жәнібек ӘЛИМАН.