Табысқа толы қырық жыл

«Тентек» шахтасына 40 жыл толуына орай Шахтинск қаласындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын өтті. Аталған жиынға кәсіпорын қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.

Салтанатты рәсімде қала әкімі Сержан Аймақов кеншілерді мерейтоймен құттықтап, Құрмет грамоталарын тапсырды.

 «Тентек» шахтасы 1979 жылы іске қосылды. Өз атауын жақын маңдағы Тентек өзенінен алып отыр. Сондай-ақ, номерлік атауы бойынша «сегізінші» шахта деп те аталады.

Бүгінгі күні «Тентек» шахтасында 1218 адам еңбек етеді. Шахта өңірдегі ең әлеуетті кәсіпорындар қатарында саналады. Былтыр 677357 тонна көмір өндірді.

– Кәсіпорынның болашағы жарқын. Қазір жаңа оқпан құрылысы жүргізілуде. 1 қаңтарда қазба жұмыстары 471 қума метрді еңсерді. Болжамды тереңдігі – 830 метр. Көмірдің өнеркәсіптік қоры 90 млн. тоннадан асады. Есеп бойынша қор 60 жылға жетеді. Нысанды пайдалануға беру 2021 жылға жоспарланған, – дейді шахта директоры Төлеген Шаяхметов.

Шахта негізін қалаған кеншілердің бірі Шайқы-Ислам Сапаров. Бүгінге дейін инженер ретінде еңбек етіп жүр.

– Шахта ашылған күннен бірінші ауысымға жұмысқа кірдім. Ол кезде шахтада 3 мыңнан астам адам жұмыс істеді. 7 учаске, 17 қазба жүргізу бригадасы болды, – деп еске алады ШайқыИслам Сапаров. №1 конвейерлік көлік учаскесінің басшысы Владимир Пустовалов та алғашқы күннен бастап шахтада жұмыс істейді.

Әсем әнмен әрленген мерейтойлық жиында үздік қызметкерлерге I-II дәрежелі «Шахтер даңқы» және «Еңбек даңқы» төсбелгілері табыс етілді.

Өз тілшімізден.