Тағылымы тарихтың тақтасында

Ұстаз деген ұлағатты сөзді естігенде есіме профессор, техника ғылымдарының докторы, білім саласының майталманы Сәбит Сейітұлы ҚОНТАЕВ түседі. Қарағанды облысында ғана емес, жалпы Қазақстанның түпкір-түпкірінде Сәбеңді білмейтін адам кемнен кем болар деп ойлаймын.

Жиырма жылдан аса Қарағанды облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтын басқарып, білім жүйесіне талай жаңалық пен оңды өзгерістерді енгізуде ерен еңбек еткен ұлағатты ұстаздың саналы ғұмыры осы білім саласымен тығыз байланысты.

Шағын мектептер құру тәжірибесін алғаш министрлікке ұсынған «ҚР білім саласының үздігі», «Құрмет» орденінің иегері – Сәбит Сейітұлы өзінің іздемпаздығымен, талапшылдығы және өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында биік белестерді бағындырды.

Ол – Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылының тумасы. Петропавл қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатын 1966 жылы бітірген.

– Әкем қазақты сүюге, қазақша сөйлеуге үйретті. Дегенмен, біздің кезде жағдай басқаша болса да, жастайымнан орыстармен тең дәрежеде сөйлесіп, білімімді қазақша жеткізе алатын ғалым болғым келетін. Сол мақсатым орындалған шығар деп ойлаймын. Оған жеткізген – намыс. Нағыз адами капиталды дамытатын осы шығар, – деп еске алып отырады Сәбит Сейітұлы.

Расында да, оның бойынан білімділік, басшылық қасиетімен бірге адамгершілік пен ізгілік, сыпайылық пен сырбаздықты және нағыз қазақы қайсарлық пен намысты аңғарасың. Мүмкін ол қанмен бірге келген тектіліктен де болар. Бәлкім қоршаған ортаның да әсері тиген шығар. Дегенмен, дүниеге шыр етіп келген әрбір адамзат баласы, есі кірген күннен бастап алдына мақсат қойып, сол мақсат үшін еңбек етеді және күреседі. Егер, боркеміктік танытып, еріншектікке салынсаң өмір мектебі кешірмейді.

Сәбит Сейітұлы өзгеге ғана емес, өз-өзіне қатал талап қоя білетін тұлға. Ол алдына қандай мақсат қойса, сол мақсаттың орындалуы үшін барын сала тер төгіп, еңбек етеді.

Мысалы, ол кісінің ауыл мектептері, ауылда оқитын балалар үшін жасаған еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ресурстық орталықтарды құрып, тірек мектептерін ашуда, инклюзивті сыныптардың ашылып, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің өз орнын табуында қосқан үлесі Қарағанды білім саласының тарихында алтын әріппен жазылып қалады. Кейін жаңартылған білім мазмұны бойынша да қаншама жұмыстардың басы-қасында болып, үштілділік, инновациялық білім беруде білім басқармасымен бірге көптеген ауқымды істер атқарды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ?! Ел үшін еткен еңбегі қандай ерен болса, жан-жүрегі де сондай нұрлы жанның жастарға берер үлгісі мен өнегесі де мол деп ойлаймын.

Сәбит Сейітұлының бір ерекшелігі, ешқашан асығыстық жасап, бастаған жұмысты аяқсыз тастамайтын ыждаһатталығында деп ойлаймын. Қандай қиын сынақ болмасын, сабырмен ойланып, соңына дейін жауапкершілікпен атқарады. Содан да болар, әрбір жасаған дүниесі басқаларға қарағанда көңілге қонымды болып, ойдан шығады.

Осындай адами құндылықтары мен бай тәжірибесі біз үшін де мақтанарлық мәртебе.

Қазіргі таңда Сәбит Сейітұлы Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының кеңесшісі, Қоғамдық кеңестің мүшесі.

Әрқашан кейінгі жас ұстаздарға өзінің ақылын айтып, бағыт-бағдар беруден талмайтын ұстаздардың ұстазы бүгінгі күні 70 жасқа толып отыр.

Сәбит Сейітұлының білім саласына қосар үлесі әлі де алда. Әлі талай ойларын жүзеге асырып, талай қамалды алуға білімі де, күші де жетеді деп ойлаймын.

Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ, облыстық білім басқармасының басшысы.