Рухани жаңғыруШет

ТАҒЫЛЫ ҚОЙНАУЫНДА АСҚАҚТАҒАН ӘН МЕН КҮЙ

    Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Еліміздің әр өлкесінде халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс”, –  деп атап өткен болатын.

Сондай біртуар перзенттердің бірі – өрнекті өлеңімен сөз кестесін төгілдіріп, өз заманында кеңінен танылған Сәрінжіп ақын.

“Туған жерге туың тік” деген, ағаларымыз Маркус, Бәкен, балалары Аслан, Нұрлан, Біржан, тағы басқа да ақын ұрпақтары туған жерге келіп, елдің елдігін ойлап, осы жолда тыным таппаған бабаларына Тағылы тауының ішіндегі Қаражартастағы басына мазар тұрғызып, күмбез орнатты, рухына құран бағыштап, ас берді.

Халық та көп жиналды, ақ шаңқан ақ боз үйлер тігіліп, дала сахнасы құрылған, арнайы баннер де ілінген.

Талай тар жол тайғақ кешуді басынан өткерген азулы ақынның өткен өмір жолы зерттеліп, оны ұрпаққа жеткізу қамында республикалық, облыстық, аудандық газеттерде талай-талай мақалалар жазылды. Бұл бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың басты парызы, әрі міндеті. Ақынның көптеген өлеңі, әлеуметтік теңсіздік тақырыбын қамтыған шығармалары көзі тірісінде жарыққа шықпаған. Соған қарамастан біраз шығармалары бүгінгі күнге жеткен.

Қазақта «Жақсының ұрпағы», «Асылдың сынығы», «Тектінің тұяғы» деген қанатты сөздер бар. Осының бәріне ақынның ұрпақтары лайықты. Сәрінжіп ақыннан Құсайын, Хасен, Бәден, Кәріғұл, Шөкей есімді бес ұл туады. Осы балаларының ішіндегі Хасен Сәрінжіпов 1904 жылы Мойынты болысына қарасты Шалтас деген жерде дүниеге келген. Жас кезінде молдадан сауат ашып, 1930 жылы Қарқаралыдағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық техникумды бітіріп, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда ұстаздық еткен. Мектеп директоры болған, партия-кеңес ұйымдарында түрлі қызметтер атқарды. 1939 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.Калининнің қолынан Еңбек Қызыл Ту орденін алған. Соғыс жылдары Шет аудандық халық депутаттары атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1949 жылы Қайрақты кентіндегі орта мектепке директор болып қызметтер атқарған. Әр кездері жазған өлеңдері мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көріп отырған. Қазір Қайрақты орта мектебі Хасен Сәрінжіповтің есімімен аталады.

Хасен Сәрінжіповтен төрт ұл Валерий, Маркус, Мәкен, Бәкен туады. Бәрі де үлкен қызметтер атқарған. Маркусы тау-кен инженері, “Казвзрывпром” мемлекеттік мекемесінің бас директоры болып қызмет атқарған, 25 ғылыми еңбектің авторы, ұлы Нұрлан да тау-кен инженері, “Қазақалтын” акционерлік қоғамында директор, Бәкені ғылым кандидаты, экономист, бұрынғы білім және ғылым министрі, бүгінде “Назарбаев қорының” президенті Аслан Сәрінжіповтің әкесі. Тектінің тұяғы деп осындайда айтса керек.

Ақынның туғанына 155 жыл толуына орай өткен шарада алдымен ауыл имамы ақын рухына құран бағыштады, мұнан соң ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтіп, арнайы дайындалған сахнада сөз сөйлеген ғылым докторы, Еуразия университетінің профессоры “Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы және оның заманы” атты кітаптың авторы Серік Негимов ақынның өмірі, шығармашылығы, Тағылы, Бұғылы жайлы кеңінен толғап, кешегі өткен атақты Нарманбет, Дия қажы, Шашубай, Қақпан  ақындардың тұрғылас замандасы, олармен аралас-құралас болған Сәрінжіп атамыздың сол бір зұлмат заманда бас сауғалап, бытырап кеткен елді жинап, ашаршылықта елді аман сақтап қалу үшін Балқаштан балық тасуды ұйымдастырғанын, ақынның араб, латын, кирилл қарпімен жақсы жаза білгендігін, жастайынан өнер қуып, ақындықты өзіне мұрат тұтқан, Арқаға қайта оралған елмен бірге «Жас-терек» ұжымшарын ұйымдастырғанын тың деректер келтіре отырып айтты. ҚР білім және ғылым вице министрі Есенғазы Иманғалиев,  ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіповтер аталарына осындай сәулетті күмбезді мазар тұрғызып, игілікті іс атқарып жатқан ақын ұрпақтарына ризашылықтарын білдіріп, халқымыздың рухани жаңғыруына осындай келелі игілікті істер көп болсын, Мәңгілік ел болайық деген тілектерін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Мұхит Мұхтаров, Х.Сәрінжіпов атындағы орта мектеп директоры Рымбала Шәкіржанова, Алматы қаласынан Әлекешов Құлберген және Қайрақты ауылының тұрғыны Мырзағұл Тойбековтер де елім деп еңіреген ақынның өмір жолына тоқталып, ақжарма тілектерін білдіріп, ас қабыл болсын айтты.

Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, оның шымылдығын Төменгі Қайрақты ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Аңсар Болатов өзінің арнау өлеңімен ашса, Ш.Бейсекқызы атындағы Ақадыр мәдени-сауық орталығы өнерпаздарының орындауындағы әсем ән мен мың бұрала билеген билері, Мұхтар Сәтқозының орындауындағы Иманжүсіптің әні, Ақан Дәулетбектің орындауындағы С.Сейфулиннің “Тау ішінде”, “Молдабайдың әні”, Алшағыр Жақаевтың орындауындағы «Ерлердің аты өшпейді ұрпақ барда» әні  және осы кешке арнайы шақырылған басқа да өнерпаздардың қос ішектің шанағынан күмбірлей төгілген Қыздарбек, Сембек, Әбдилердің күйлері Тағылы тауларын әсем әуенге бөлеп жатты.

Шарада, сонымен қатар, Серік Негимовтың “Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы және оның заманы” атты кітабы халыққа таратылды.

Біздің байқағанымыз, “ас ішіп, аяқ босату” емес, керісінше жастарды оқуға, білімге шақырған, рухани жаңғыруға, Мәңгілік Ел болуға үндеген, рухани азық боларлық небір ұлағатты сөздер айтылған, ғибраты мол іс-шара болды. Біз де осының бәрін көңілімізге түйіп аттандық.

 

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button