Жаңалықтар

Тұғыры биік туған жер

Кеудесін ат тұяғының дүбіріне бөлеп, ұлы даланың төсінде сынаптай сырғыған Ата Қазақтың тарихы тереңнен бастау алады. Ол, тіпті, Керей хан мен Жәнібек сұлтанның дәуірінен де әріде жатыр. Ал, біз сөз еткелі отырған Сарытерек ауылдық аймағы Қазақстан деген алып елдің бір тамшысы ғана. «Теңіздің дәмі тамшыдан» деген тәмсіл бар. Рухани жаңғыруды ту еткен тұста туған ауылдың өткенін саралап қал-қадірімізше келер ұрпаққа өлкеміздің өткен тарихынан, азды-көпті сыр толғасақ дейміз. Әрине, әрідегі тарих өз алдына, біз сөз еткелі отырған уақыт қазақ даласына кеңес өкіметі келіп ту тігіп, билік жүргізген тұстан басталады.

Сарытерек ауылдық кеңесінің іргетасы 1928 жылы қаланған. 1927-1930 жылдары қазіргі Ақтоғай ауданы бойынша ең алғаш құрылған: «Басшы», «Сәуле», «Бесата», «Оян» серіктестіктері екен. Сол уақытта Сарытерек аймағында да алғашқы серіктестіктер құрылған. Олар: «Жетімшоқы» төрағасы – Сейтжан Мұқашбаев, «Сарытерек» төрағасы – Әбдінің Ахметжаны, «Қарашілік» төрағасы – Әлиманның Шәрібі, «Қарағұла» Жақатай Нұржақыпов деген кісі басқарды. Мұны бүгінде 90 жасқа толып отырған, ауылдың абыз ақсақалы Қабылбек Рамазанов ақсақал айтады. Осылармен қатар құрылған «Үш өзектің» басшысы Махмет Түсіпбеков деген азамат болған. Осы айтылғандарды мұрағат деректерімен салыстыра қарасақ, «Қарашілік» серіктестігі – 1927 жылы ұйымдасқан, 1938 жылы Ежов атындағы колхоз болып аталған, кейін 1941 жылы колхоздың аты өзгеріп, Сарытерек ауылдық кеңесінің құрамына өткен. Тарихтан білетініміздей, 1927 жылы желтоқсанда болып өткен партияның XV съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Және оны жедел аяқтау 1932 жылға жоспарланды. Бұл шараны іске асыру кезінде шаруалардың тілегі мен ықыласы есеп болған жоқ, ол жоғарыдан берілген әмір, нұсқаулар негізінде жүргізілді. 1929 жылдың 10-17 қарашасында өткен ОК БКП(Б) пленумында колхоздастыру туралы мәселе қаралып, онда жекелеген облыстарда колхоздастыруды жаппай жүргізу міндеттелді. Осыдан соң колхоздастыру қозғалысы шапшаң қарқын алды.

Бұл жағдай Қоңырат ауданын да кеңінен шарпыды. Соның нәтижесінде, бұрын құрылған жоғарыдағы ұсақ серіктестіктер ірілендіріліп, ауданда 35 колхоз құрылды. Сол уақыттағы құрылған колхоздардың саны көп болғанымен сапасы айтарлықтай болмаған. Мысалға айтар болсақ: Сарытерек ауылдық кеңесіне қарайтын: «Дастан», «Екпетал», «Мирзоян», «Құлымбетов», «Куйбышев», «Молотов», тағы басқа колхоздарының пайда болуы сол кездегі науқаншыл саясаттың көрінісі. 1932 жылғы алапат аштыққа ұрынып, қазақтың жартысына жуығы нәубет құрбаны болды. Тарихта болмаған нәубеттің қасыретінен ел ес жиып үлгермей жатып 1937 жылдың қуғын-сүргініне ұласты. Бір ғана бұрынғы Қоңырат ауданынан ерекше үштік пен НКВД-нің шешімімен 1937 жылы 54 адам сотталған. Солардың 27-сі ату жазасына кесіліп, қалғандары 10-15 жылға сотталып кеткен. Олардың ішінде Сарытеректен Құтжан Әменов, Ахмет Әбдиев (Ахметжан болуға тиіс), Қуанышбек Көшкінбев, Тілеубек Айтжанов, тағы басқа азаматтар жалған жаланың құрбаны болды. Құтжан Әменов* ұсталардың алдында «Үшөзек» колхозының басқармасы болған екен. «К.Бекмағанбетов ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері. «Ардагер және қоғам». №24 маусым 2016ж.».

Колхоздың шаруасы дамып, мал өнімдерін көбейтіп, егін салып, дән жинап, өркендеп келе жатқанда неміс басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашып, ер азамат жаппай майданға аттанды. Олардың орнын қарттар мен әйелдер, балалар басты. Сұрапыл соғысқа Сарытеректен 148 адам аттанды. Соның 50-і қан майданнан оралмады. 64 жауынгер соғыста хабарсыз кетті. 32 майдангер елге оралып, бейбіт өмірде еліне қызмет етіп, бейбіт өмірді көріп дүниеден озды. Бүгінгі күні жастары 80-нен асқан екі ардагер қалада тұрып жатыр. Соғыс жылдары жеңісті жақындатуға тылда да жанталасқан еңбек майданы жүріп жатты. Еңкейген кәріден, бұғанасы қатпаған балаға дейін мал соңында, егіс алқабында, шабындық басында жүрді. Колхоз шаруашылығында қажырлы еңбек етіп табан ақы, маңдай терімен жинаған ақшаларын Отан қорына аударып, қаржылай көмек көрсеткен азаматтар да ел ішінде аз болмаған. Солардың бірі – Мәли Жақсыбеков 1943-1946 жылдары «Каганович» колхозының төрағасы болған азамат. 1943 жылы «Танк колоннасын» ұйымдастыру қорына 100 мың сом қаржы өткізіп, КСРО Қорғаныс Комитетінің Жоғарғы Қолбасшысының атынан құттықтау телеграмма алған. Сол секілді Сейдығазым Шомақбаев 1942-1947 жылдар аралығында «Ақтұмсық» колхозының төрағасы болып еңбек еткен азамат, танк қорына 60 мың сом қаржы өткізіп туған елі мен туған жеріне деген шексіз сүйспеншілігін білдірген. Сарытерек ауылының азаматтары соғыс жылдары тылда да, майданда да алғы шепте болды. Ағдарбек Кенжебековтің есімін Ақтоғай ауданы жақсы біледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында А.Кенжебеков партияның ерекше тапсырмасын орындап, радиостанция бастығы ретінде шетелде болған. Ол туралы құжаттар облыстық өлкетану мұрағатында тұр. Соғыстан соңғы жылдар да оңай болған жоқ. Күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін майданнан оралған азаматтар бірден еңбекке араласты. Бізге мәлімі: «Үшөзек», «Сарытерек», «Ұлы Октябрь», «Ақтұмсық» колхоздары. Бұлардың бәрі де 1920 жылдың соңы, 30 жылдардың басында құрылған: «Жетімшоқы», «Үшөзек», «Қарашілік», «Қарағұла», «Сарытерек» серіктестіктері еді. Колхоздастырудың науқаны қауырт жүрген кезде жоғарыдағы ұсақ ұжымдар колхозға айналып, кейбіреулерінің атауы өзгеріп, оларға көсемдердің аты телінді.

Жоғарыда аты аталған серіктестіктермен бірге бір мезгілде құрылған «Қарашілік» туралы мына бір мәліметті келтіруді жөн көрдік. «Қарағанды облысы бойынша колхоз, совхоздардың тарихы туралы анықтама» кітабында «Қарашілік» серіктестігінің ұйымдасқан уақыты 1927 жыл делінген. Кейін оның атауы өзгеріп «Ежов» атындағы, колхоз болып аталғаны айтылады. «Қарашілік» колхозының 1938 жылғы 4.02. статистикалық жылдық есебінде: колхозда 35 отбасы,134 адам бары көрсетілген. Колхозшылар 48 га. жерге бидай, 9 га. жерге сұлы, 5 га. жерге тары егіп отырған. Колхоздың сол тұстағы төрағасы – Қалқай Сармантаев деген азамат

Мұрағат деректерінде Ленин колхозының ұйымдастырылған кезі – 1927 жыл деп көрсетілген, демек Қарағұла, Қарашілік артельдерінің алғаш ұйымдасқан кезі есепке алынған. Алайда, құжат бойынша колхоз 1929 жылы құрылған деп жазылған. Әуелде, Ленин колхозы Ақтоғай ауылдық кеңесінің құрамында ұйымдасып, 23.05.1941 ж. бастап Сарытерек ауылдық кеңесінің құрамына кірген. (Бұрынғы Қарағұла колхозына Ленин аты берілген). Ал, 9.10. 1950ж. «Каганович», «Үшөзек», «Сарытерек» колхоздарының бірігуі нәтижесінде іріленіп «ЛЕНИН» колхозы құрылды.

Осы дәйектерге қарағанда бүгінгі Сарытерек ауылдық округі – бұрынғы Ленин колхозының тікелей мұрагері. Жалпы, Сарытерек ауылдық кеңесіне бұдан басқа «Ақтұмсық», «Үшөзек», «Сарытерек» басқа да колхоздар қараған, олардың бәрін бірдей айтуға шағын мақаланың көлемі көтермегендіктен бірден Ленин колхозы туралы айтайық.

… 9.10. 1950 ж. «Каганович», «Үшөзек», «Сарытерек» колхоздарының бірігуі нәтижесінде іріленген «ЛЕНИН» колхозының жұмысы 1963 жылға дейін жалғасты. 1963 жылы колхоз құрылымы өзгеріп, атауы «Ақтоғай» совхозы болып өңір тарихының жаңа бетін ашты. Аталмыш колхозды әр жылдарда басқарып, шаруасын өрге сүйреген азаматтардың есіміне тоқталып өтейік. 1938 жылдан бастап колхоз жұмысын жандандырып, қиын да күрделі кезеңдерде елімен бірге болып, халқын бақытты өмірге жеткізуге, қуатты елге айналдыруға жансалып еңбек етіп, көп жағдайда соған лайықты баға алмаса да соның өзін дәтке қуат санаған абзал ағаларымыздың есімін келер ұрпақ жадына түйіп жүргені ләзім.

Ленин колхозының басқармалары:
1938-1942ж.ж. Әмірбек Сұраншин,
1942-1945ж.ж. Кенжебек Үсенов,
1945-1950ж.ж. Шайкен Жаппаров,
1950-1951ж.ж. Бегендік Байсұлтанов,

1951-1953ж.ж. Зікрия Искаков,
1953-1954ж.ж. Тілеужан Қордабаев,
1954-1959ж.ж. Серік Отыншин,
1959-1960ж.ж. Жағыппар Абдуақасов,

1960-1961 ж.ж. Елубай Нұрмағанбетов,

Рымқұлов Дюсембай (дұрысы Дүйсембай) – 1961 жылға дейін колхоз төрағасы болып абыройлы еңбек етті. Сол жылдары колхоздарды совхозға айналдыру ісі қауырт қолға алынды. 1963 жылы ҚазақССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен – Жезқазған, Қоңырат, Қу, Ұлытау, Шет және Ульяновск аудандары қысқартылып, олардың орнына Ақшатау өнеркәсіптік ауданы және ауыл шаруашылық аудандары – Ақтоғай, Жаңаарқа, Жезді, Қарқаралы, Нұра, Тельман, Осакаров құрылды. 1963 жылы Ленин колхозы «Ақтоғай» совхозына айналғанда жаңа совхоздың директоры болып, бұған дейін Ленин колхозының төрағасы қызметін атқарған Дүйсембай Рымқұлов басшылық жасады. Осылайша, 1950 жылы «Каганович», «Үшөзек», «Сарытерек» колхоздарының бірігуі нәтижесінде құрылған «ЛЕНИН» колхозы таратылып, солардың негізінде 1963 жылы «АҚТОҒАЙ» совхозы құрылды.

…Сарытерек ырыс-құтты тасыған бай өлке. Әрі, аудан аймағындағы тарих керуенінің жуан ортасында тұрған өңір. Олай дейтініміз кеңестік билік салтанат құрған сәттен бастап Сарытерек өңірінің халқы жаңа дәуірге үн қосып, алғашқы артельдер мен алғашқы колхоздардың қазығын қағып, іргетасын қалап, келер күннен жақсылық тосты. Әлемде теңдесі жоқ Тоқырауынның атақты Ақ бидай да осы өңірдегі диқаншы аталарымыздың жансебіл еңбегі арқасында дүниеге келді. Білім-ғылымның тал-бесігі болған алғашқы бастауыш мектеп 1926 жылы ашылып, жас ұрпаққа білім бере бастады. 1959 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне қарапайым еңбек адамдары қатарынан депутат болып сайланған, алғашқы депутат Қақарман Жапенов те осы өңірдің тумасы еді. Одан кейін 1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне Совет Алғамжанов, 1967 жылы Иісбек Жаркенов Сарытерек топырағынан депутат болып сайланып, ел мерейін өсірді.

Аудан бойынша алғашқы ұстаз «Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген мұғалімі» Ленин және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Жабас Кеңесбаев та осы Сарытеректің тумасы. Жабекең әрі ұстаз, әрі ақын болған адам. Бүгінде Сарытерек орта мектебі Ж.Кеңесбаевтың атында болуы да даңқты жерлесіміздің аудандық, облыстық, республикалық білім саласына сіңірген еңбегінің орасан екенін білдірсе керек. Кеңес өкіметі «Тың игеруді» ту еткен кезде де Сарытеректіктер одан да тыс қалған жоқ. Ауылымыздың даңғайыр механизаторы Әжібек Дауылбаев тыңға түрен салғандардың қатарында болды.

Мал тұқымдарын асылдандыру бастамасы да осы Сарытерек топырағынан бастау алып, қойдың «Дегерес» атты асыл тұқымы алынды. Осындай жетістіктерге ауыл еңбеккерлері өздерінің ынтымағы жарасқан бірлігімен, қиындықтарды қайыспай көтерген қайсарлығымен жетті. Бүгінгі күні де еңбегімен ел мақтанышына айналған тәуелсіз елдің аптал азаматтары атадан балаға мирас болған өмір тағылымын бойларына сіңіріп, адал еңбек етіп, кешегі әкелер дәстүрін өміршеңдікпен алға бастыруда.

Жанболат БАШАР,

 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button