Басты тақырыпҚарағандыҚарқаралы

Тұғыры – Қарқаралы, ғұмыры – мәртебелі

Өткен аптада Елордада басталған Тоқтар тойының торқалы көші Қарқаралының маң даласын бетке ұстап жөңкілді. Осы ұлы дүбірдің арасында кімдер жоқ дейсіз?.. Батырдың қандыкөйлек достары, ата жұрттың сәлемін ала келген іні-бауыр, өнерпаз, ақын-жазушы аға толқын, бәрі-бәрі көшпен бірге Арқаның «Алтын Тәжіне» ат басын бұрған. «Халық Қаһарманын» құттықтауға халықаралық ғарыш саласының белгілі өкілдері СССР сынақшы-ұшқыштары, СССР батырлары – Александр ВОЛКОВ, Георгий МАСЛОВ, Аустрия­ның тұңғыш ғарышкері Франц Артур ФИБЕК, Ресей авиация мен ғарыш саласының белді өкілдері Марат АЛЫКОВ, Валерий НОВИКОВ, Ованес МИКОЯН мерейтой иесінің шашбауын көтеріп жүр. Сонымен…

Қараөткелде

«Жеті қат көкті жеті күн жайлап, қазақтың намысын арттырған тұңғыш қазақ, көк Түріктің көк найзасы, Алаштың ақжолтай ұлы батыр Тоқтар жетпіске келді» дегенді естіп төрт дүниенің бұрышынан жөңкілген жұртта қисап жоқ екен. Баһадүрін таң бозынан таласа құттықтап жатқан қошеметшіл халықта пейіл ерекше. Шіліңгір дейтін шілдеміздің аспанын бұлыңғыр бұлт торлап тұрғаны болмаса, көңіл шайдай ашық.

Алдымен Отандық авиацияның аңызға айналған шебері ретінде, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры, ғарышкер Тоқтар ағамызды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының атынан құттықтады. Сыйлықтың үлкені әрине, халықтың бағасы шығар, бірақ та биліктің де мезіретісі пенде баласының көңіліне медеу болып жататыны бар. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қаһарманның құрметіне мерекелік концерт өтті. Елордамыздағы музей залдарының бірінде еліміздің тұңғыш ғарышкері, сынақшы-ұшқыштың еңбек жолымен таныстыратын фотокөрме ұйымдастырылды.

Кейбіріміз ұшқыр ұшақпен аспанды аралап, алып зымыранмен кеңістікті кезбек түгілі, қара Жерде дұрыс жүре алмай жатамыз. Жетпіске әрқайсымыз келерміз, бірақ, қалай келу деген басқа әңгіменің басы. Ресми құттықтаулардан кейін, қаһарманын қаумалаған қалың нөпір арланның апанына қарай жүрді.

Алыс-жақыннан құттықтауға келген құрметті қонақтарға Асқар Мәмин мырза басқарып отырған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқармасы батырдың өз шаңырағында тай тұяғы тозатын дастарқан жайып, ұлан-асыр той жасап жатыр.

Қыран Тоқтардың тойын бұлбұл Бибігүл әнмен ашты. Тоқтардың тағдырын қазақтың әнімен байланыстырған алтын арқау – Бибігүл Төлегенованың бұл келісінде айрықша мән жатыр. Өзгені қайдам, біз «Гауһартасты» есімізге алдық…

Ұранын Алашқа айналдырған айтулы тұлға, ділмар шешен Тұрсын Жұртбай, айбоз ақын Серік Тұрғынбек – бір төбе. Әңгіменің неше атасы айтылып, әнге ән үстеліп жатыр. Бір уақыттарда жас буынға кезек жетіп, Арқаның дәстүрлі әуендері әуелей бастады. Редакторымыз Мағауия Сембай: «Қап, Мейірхан мен Сержанның жоғын қарашы» деп қалды. Сөйтсе, Тұрсын Жұртбай: «Біржан мен Сара айтысында Сараның Біржанға «Арғындардың дауысы ащы келер, кісідей былтыр кетіп, биыл келген» дегені бар. Сен сол дауысты аңсап отырсың-ау», – деді.

Қазақстанның әскери авиациясының ардагерлері, Кеңес Одағының, Ресей Федерациясының және ЕуроОдақ мемлекеттерінің ұшқыш-ғарышкерлері кезек-кезек сахнаға шығып, ұлымызды ұлықтап жатқанда төбеміз көкке екі елі жетпей тұрды.

Тоқтар алғаш рет салмақсыздық күйге түскенде, оның көзіндегі бақыт пен қуанышты байқадым. Қазақстанның нышаны – қыран секілді қанатын кеңге жайып ұша жөнелді. Бізді ғарыштық жол жақындастырғанына қуаныштымын, – дейді Александр Волков.

Ақын ару, сүйрік саусағы жүйрік қаламға айналған Марфуға Айтқожина жырдан шашу шашып, «естіген бес әніміздің төртеуі Хасанғалиевтікі» деп той иесінің өзі айтқандай, Ескендір Хасанғалиев әнге басты. Кенжеғали Мыржықбаев шырқағанда әрідегі тарихты шермен бірге қозғады дейсің…

Тай-құлын құрықтаған қазақтың «Ай нұрын ұстап мінгені» (Бұқар жырау) Алашқа абырой ғой.

Елордадағы тойдан осылай аттандық.

Қарағандыда

Тоқаңның кіндік кесіп, кір жуған туған топырағы Қарқаралы десек, тәй-тәй басқаны Теміртау, қаз тұрғаны Қарағанды шаһарлары. Қарағандының қаһарманға деген орны алабөтен, ендеше. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жеке қабылдап, батырға баталы тілек, оқалы шапан жауып, тұлғаға тура мағынасында лайықты құрмет көрсетті. Бағана сөздің басында айтқан Ресей және Аустрия ғарыш саласының өкілдері, «Ресей Федерациясының Батыры» Марат Алыков, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген машина жасаушысы Валерий Новиков, ұшақ құрастырушы Артем Микоянның ұлы Ованес Микоянға да ерекше ілтифат көрсетілді.

Қарқаралыда

Қарқаралы басында жалғыз арша ғана емес. Қарқаралы басында Ғарышқа құлының құлхуалласын жеткізген Құдайдың үйі де бар. Қарқаралы басында Ғарышқа Алаштың табанын тигізіп, маңдайын сүйгізген Тоқтардай ұлы бар. Көлі көкжиекке ұмтылып, ұлы көк семсерін Көк Тәңіріне алтындатып ұсынған бұл елдің тойы Қоянды жәрмеңкесінен беріде осал өтпеген. Себебі, арыдан солай келе жатқан игі дәстүр қалыптасқан.

Той Қарқаралы баурайындағы Жаңанегіздің ескі жұртына жайғасқан. Батыр Тоқтар балақ бауынан ажыраған қыран бүркіттей көкке тік шаншылғанда ішінен алдағайлап тұрған арда жұрт – осы Қарқаралы. Тік көкке өрлеп барып, бұлтқа сіңіп кеткенде «арыстанымыз Айдың қолын ұстады» деп бөркін аспанға атқан осы халық.

Дүркіреген той сіркіреген жауынға ғана алаңдап тұрған. Бірақ, өзі баһадүр, сөзі бәтуалы батыр аруақты келмей ме?! Ізетті халықтың ішкі түйсігі осылай сөйлейді. Тап солай ойлағандай тойдың түндігі түрілген бетте Күннің көзі ашылып, Алланың арай нұры Арқа төсіне тік құйылды. Аспан шайдай ашылып, көңіл Айдай нұрланды. «Батырымыз ауылға ат шалдырыпты» дегенді естіген жұртта ес қалмаған. Ентелей түседі. Жампозының жетпіс жасына сегіз қанатты жетпіс ақ боз үй тігіп, сәнді сахнадағы мәнді мәслихатты тыңдауға бейіл. Тұлғасына туған топырақ ерекше тебіреніп, еріне сүйінген елі бөлек еміренеді. Ыстық ықыластары соғар алақанынан, мінгізер нар атанынан көрініп тұр. Қайнаған самаурын, ойнаған бала, жайнаған өлке, сайраған әнші-бұлбұлдар… Қызық-думан басталғанға дейінгі тойлы ауылды бір қыдырудан алған әсердің басы – осы.

Сонымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Алаштың Айға ат шалдырғанына жиырма бес жыл өткенін қаперлеп, сол асқақ арманға қазақты бірінші жеткізген батыр Тоқтардың жетпіс жасқа толған торқалы той, мерейлі мерекесі қазақтың рухани астанасы – Қарқаралыда басталды да кетті.

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бастан-аяқ қатынасқан қызықты думан ел Тәуелсіздігінің тойы мен ер салтанатының мерекесі үйлесім тапқан «Ұлы Дала Елі, Сарыарқадан – Ғарышқа» атты стелланың ашылу рәсімінен бастау алды. Ата-баба рухына тағзым етіп, аруақтарға құран бағышталды. Салтанатты мерекенің алғашқы құттықтау сөзін аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков сөйлеп, Қарқаралы халқының мерейтой иесіне мінгізген темір тұлпарының тізгінін ұстатты. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданының бұрынғы әкімі, бүгінгі таңда Нұра ауданын басқарып отырған білікті басшы Ниқанбай Омарханов сөз алып, өзі бастаған ел азаматтары, жанашыр жігіттер Рауан Шаекин, Берік Камалиев, Болатбек Байменов, Талғат Зейнуллин, Тоқаңның аңшы досы Бораш Мұқанәлиевтің атынан тағы да бір темір тұлпардың кілтін табыстады. Сіздер жақсы білетіндей, «Наркескен» атты батырдың тойына бәсіре-кітабымызды да сахнада салтанатты түрде табыстап, «Орталық Қазақстанның» сыйлығын ерекше атап өтті. Ауқымды бағдарлама арнасынан асып түсердей. Алаштың аяулы ақыны Аманжол Әлтай арнау айтып, Қытайдан келген Қадырхан Хизатұлы атты қандас ақын жырдан шашу шашты.

Қарқаралы халқының атынан аудандық мәслихаттың депутаты Мұхит Адамов жүрекжарды лебіз білдіріп, Астанадағы тойда алқалы топтың ажары болған Бибігүл Төлегенова мен Ескендір Хасанғалиев те Қарқаралыда әнге басты. Бибігүлдің «Өз елімді» айтқанында тебіренбегеніміз жоқ. Тоқаңның көзіне жас алғаны – сол кез…

Байтақ даланың Байқоңырдай бесігінен құс жолына тура тартқанда босамаған Тоқтар бүгін босады. Аустриялық Франц қазақша тілек айтып: «Айналайын!» дегенде көзіне жас іркілді… Театрландырылған қойылымды Қарқаралы қаласындағы А.Шанин атындағы халық театры сахналаса, «Салтанат» ән-би ансамблі Қарқаралыдан шыққан ұлы тұлғалардың өлмес мұраларын тамылжыта шырқады. Қарағанды шаһарының тамаша әншілерінің талайы өнер көрсетіп сахнаға кезекпен кезек көтеріледі. Нұра, Бұқар жырау аудандарынан, Теміртау қаласынан келген өнер майталмандарына көрермендер тәнті болды. Оған маңайдағы жиырма бес селолық округтен келген өнерлі өрендердің еңбегін қос. Тура осы жерде Тоқаңның тойына жан-тіні қалмай, тер төккен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Раушан Жылтыбаеваның есімін айта кеткен жөн.

Сегіз жасар серкені сілкілеп, жамбы атып, жамбасқа алып жігіттер әуре-сарсаң… Боз жусанның үстіндегі боз кілемде балуандар балпаң-балпаң басады.

Жетпіс төрт келі салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеген Бұқар жырау ауданының балуаны Абылай Шаратов 100 мыңды еншіледі. Екінші орын мен үшінші орынға табан тіреген қос қарқаралылық Нұрлан Искаков (ІІ орын) пен Дамир Әлімбаев (ІІІ орын) болды.

Жетпіс төрт келіден жоғары салмақ дәрежесінде бас бәйгені Бүркітті ауылының жауырыны жер иіскемеген балуаны Ерсін Мұхамеджанов иеленіп, 100 мың теңгемен марапатталды. Екінші орынға Айдын Дартаев (Шет ауданы) тұрақтаса, үшінші орынды Еркін Мұхамеджанов иеленіп, Мұхамеджан атаның қос ұланы шаңыраққа да, төңірекке де бірдей олжа салды. DSC_0496

Алыптар айқасын тамашалауға келген қадірлі қонақтар арасында Атланта Олимпиадасының жүлдегері Юрий Мельниченко бар. Сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы бойынша жүлде тіккен Нұра ауданының сыйлығын Қоблан Жиенбаев есімді қарқаралылық балуан алды.

Түс ауа тойшыл әлеумет аламанды тамашалауға бәйгетөбеге аттанды. Арғымақтар ауыздығымен алысып тұр. Күлігі жер танабын қуырып берсе, қазақы тірліктің салтанаты екен. Шабандоздан бұрын, көрермен тақымды көбірек қысатындай. Тоқаң бала-шағасын ертіп, келіндері мен немерелеріне аламан бәйгенің мәнісін түсіндіріп келеді. Қарап отырсақ, Тоқтардың тұтас тағдыры тұлпардың тұяғы мен сұңқардың қанатында жүрген ғой. Ғарышты айналып келген тарланның тойында жиырма бес шақырымды тұлпарлар айналып келер. Мұншама бақытты сәт батырдан бұрын біздің басқа қайта айналып келер ме екен дейміз. Жиналып халық құралды. Жусан жұпар атып, жуа танауды жарады.Туған топырақта думан бақылап Тоқаң отыр.

Не керек, құйрық тістесіп, құрық бойы озып, дара шауып тұлпарлар келді. Жиырма сегіз құнанды артқа тастап, Нұра ауданының Төлеубай Сатанов есімді серісінің «Жезкиік» деген тарланы бірінші келді. Құнан жарысына құнан тігіпті.

Екінші келген «Самир» атты ерекше тұлпар бақтылық Жасұлан Әзімбаевтікі екен. «Самирден» сәл кейін келген «Көкдауыл» Мәди Кәршаловқа ғана емес, бүкіл Бүркітті ауылына атақ әперді.

Ал, аламанның алдында шашасына шаң жұқпай дара келген Жаңаарқа ауданының тұлпары «Көкбастауға» халық қатты сүйсінді. Шелектей қос танауынан бу бұрқырап, сөренің жалауынан бірінші өтті. Біраздан кейін барып басқа аттар жеткендей. Қинаш Қожахметовтың шабандоз баласына жүлдені Тоқаңның өзі табыстады. Жеңіл автокөліктің кілті жеңістерге бастай берсін деп тіледік.

Екінші орынды тағы да жаңаарқалық сері Икен Ақылбаевтың баптаған сәйгүлігі «Малыш» алды. Оны экипаждың командирі Александр Волков табыстады. Үшінші жүлдені Едірейдің ерке «Баяны» атанған тұлпары әкетті. Сәйкесінше, Ардақ Тергеубековке жүлдені аустриялық Франс Фибек табыстап, баптаған жануарында мін жоқ екенін өз тілінде жеткізді.

Түйін

Несін айтасыз, биліктің «сыбырлатып» құттықтаған тойын Қарқаралы дүбірлетіп өткізді! Аудан әкімі Халел Мақсұтов­тың «Тоқтар аға, Сізді киелі де қасиетті Қарқаралының құнарлы топырағы мен алтын құрсақ әз Анаңыздың қосыла толғатып мынау жарық дүниеге әкелген ұлы күні – туған күніңіздің жетпісін тойлап жатқан біз бақыттымыз. Сіз үшін басты мақсат пен асқақ арман қазақтың ар-намысы мен мәртебесін көтеру еді. Елдігіміздің байрағын биікке желбіреттіңіз. Ұлт қамын ойлаған біртуар тұлға сіздей болсын!» деген сөзінде батыр болмысын айқындар ақиқат жатты. Тойдың өту деңгейіндегі өлшем мен сөздегі кір тасындай салмақ тең түссе – басшы білігінің беріктігі. Алыптың құшағына халықтың құшағын айқара ашқан той болса, осы той болсын!

Алла алқаса, сексен жасында туған топырағында батырға арнап сегіз қанат ақ боз үйдің іргетасын көтеріп, батырға баспана салып берсек деп қайттық. Ол арманның да орындалатынына бек сенімдіміз. Көптен көре алмай жүрген жанды құбылыс – осы мереке, Қарқаралының қызығы, Тоқаңның торқалы тойы болды.

Ақын Мұхтар «Ерлікті жасамаудан, бағаламау әлдеқайда қауіпті» депті. Ата жұрты ардагер азаматын алақанына салды!

Тұғыры – ғарышқа, дүбірі – алысқа кеткен тойдан тәбәрік – осы сөз.

Астана – Қарағанды – Қарқаралы.

Мирас АСАН

Суреттерді түсірген Т.ХАМИТОВ.

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Т.Әубәкіров облыс әкімі Н.Әбдібеков және Социалистік Еңбек Ері С.Біләловпен; 2. Тойдан көрініс; 3. Батырдың үзеңгілес достары Ф.Фибек, А.Волков; 4. “Ұлы Дала Елі, Сарыарқадан – Ғарышқа” стелласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button