АқтоғайБасты тақырып

Тәуелсіздік тойы – Шұбартау шаттығында

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Қарағанды облысының 80 жылдығына және Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар Ақтоғай ауданында басталып кетті. Оған дәлел – өткен аптаның соңында Қусақ ауылдық округінің (орталығы – Шұбартау) 80 жылдығымен орайластырылған «Ауыл күні» мерекесі.

Тақырыбына бірнеше ұлық мерекені таралғы еткен тамаша тойдың таңдайға татырлық тұстарын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

 

…Шұбартау – барып көрмеген жерім. Алғаш рет ат ізін салғалы тұрмын. Естуімше – ауданның ең шалғай ауылдарының бірі. Орталықтан шалғай. Десек те, шалғайдағы шағын ауылдың түтіні – түзу. Өйткені, мұнда балталасаң бұзылмас бірлік бар. Жылқылы ауыл. Белдеуінде – сәйгүлік, төрінде – ұлтымызға сай ғұрып бар. Азаматы – жомарт, топырағы – кие. Иә, мұның бәрі – естуіміз. Осынша естігенді көзімізбен бір көрмекке жолға шыққанбыз. Аудан басшылары мен ауыл азаматтарының қолқалап шақырғаны тағы бар.

Таңмен таласа шыққанбыз аудан орталығынан. Межелі жер жеткізер емес. Жүріп келеміз, жүріп келеміз… Той дүбірі естілер емес. Жол қысқартпақ болып қалжыңдап та аламыз. Жолбасшымыз ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Базылұлына:

Апыр-ай, Әбеке, қайда бара жатырмыз? Ауылдан шыққанда жап-жас едік, Шұбартауға жеткенше қартайып кетпесек жарар еді, – деп қоямыз.

Күн жарықтық көкжиектегі ұясынан арқан бойы көтерілгенде, біз де той шетіне іліктік-ау. Табиғат-Ана еміреніп тұр. Салқын самал маңдайыңды өпкенде, тұла бойың балбырап сала береді. Даланың жазықтығына қарап, шілденің аптабына қақталармыз деп ойлағанбыз. Олай болмады. Мынау жомарт дала мен дархан елден сәуір мен мамыр көшпегендей. Мұның өзі осы өңірді мекен еткен халықтың пейіліне деген Алланың ықыласы болса керек-ті. Басқаны қайдам, мен өзім сондай байлам жасадым. Аудан орталығынан күтіп алып, ақ жол тілеп шығарып салған аудан басшысы Салтанат Әбеуова:

Шұбартау – қасиетті мекен. Думанын тамашалап, дәмін татып қайтыңыздар. Сондай шағын ауылдардың ынтымағы тұтас мемлекетіміздің тұтастығына кепіл ғой, – деген еді. Көзім жетті, сөзім бітті. Шаршап жетсек те, келгенімізге өкінбедік.

…Өткенсіз бүгін бола ма?! Бұл тойды ұйымдастырушылардың басты мақсаты да ел мен жер тарихын бүгінгі ұрпақ жадында жаңғырту арқылы, өскелең толқынды отансүйгіштікке баулу болған. Ұрпақ сабақтастығы деген мұратты ұғымның да ұйымдастыруға сеп болғаны көрініп тұр. Осында туғанымен, еліміздің әр өңірінде жүрген жерлестер бар. Солардың барлығы – осында. Туған топыраққа тәу етуге келген. Бірін-бірі шырамыта танып, шұрқыраса қауышып жатқан ауылдастардың аппақ пейіліне куә болдық.

Тарихын тым әріден қаузайтын болсақ, газет көлемі көтере алмайтын әпсананың авторы болып шыға келетінім анық. XVIII ғасырдың соңында Шыңғыстаудан Арқаға көшкен Тобықтылар көшін бастап келген Қараменде би орда тіккеннен бергі уақытта осы Қусақ даласы – бүгінгі шұбартаулықтардың атамекені. Одан берідегі хатқа түскен тарихи мәліметтерге сүйенсек, Қусақ өзенінің бойында 1936 жылы «Таң», «Молотов», «Береке», «Қопа» деп аталатын 4 колхоз құрылған екен. Осы 4 колхоз сол кездегі әкімшілік жүйе бойынша атқарушы орган – Қусақ ауылдық кеңесіне қараған. Міне, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына орайластырылған бұл ауылдың 80 жылдық мерейтойының ұйымдастырылу себебі – осы.

Айта кетерлігі – осынша ұлан-асыр тойға бюджеттің бір тиыны шығын болмаған. Ауыл халқының демеушілігімен ұйымдастырылып отыр. Ауылдағы ағайын сыртта жүрген жерлестеріне сауын айтқан. Бастама қолдау тапқан. Нәтижесі – бүгінгі мереке.

Сонымен, той түндігі түрілді. Салтанатты жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Рашид Әбеуов ашып, жиылған көпшілікке аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Ауылдың арғы-бергі тарихына ауыл әкімі Дархан Мұқатай шолу жасап, осы тойды ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс арнады. Әрине, шара демеушілері сый-сияпатсыз қалған жоқ. Бұдан кейін осы ауылдың тумалары, белгілі қаламгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күләш Сардарбекова, ақын-журналист, Алматы облысы, Талғар ауданының Құрметті азаматы Қамнұр Тәлімов, бұрынғы «Шұбартау» совхозын ұзақ жыл басқарған ардагер аға Шүкіржан Жақсыбеков сөз алып, туған жерге құрмет көрсетудің жарқын үлгісін танытты.

Тойдың ресми бөлімі аяқталысымен сахна өнер саңлақтарына тиді. «Тоқырауын толқындары» ансамблінің концерттік бағдарламасымен басталған ән-күй думаны той тарқағанша толастаған жоқ.

…Ауылдың озық үлгіде жасақталған спорт алаңы киіз үйлер қалашығына айналған. Ошағында қазан қайнап, палуаны белдесіп, теңіздей толқыған халық мәре-сәре күй кешуде. Ән әуелеп, күй күмбірлеп… Қаз-қатар тігілген 11 киіз үйде мерекелік ас беріліп, босаға аттағаны төрге озып жатыр. Жатсыну, жатырқау жоқ. Мерекелік сауда да той көркін еселей түскен. Бейнебір қыстаудан жайлауға қонған елдің көшірмесіндей.

Бүгінгі мерекені ұйымдастыруға мұрындық болған ел ағалары Маратбек Сәрсенбеков, осы топырақта туып, отандық медицинаның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Тайтөлеу Жұманов пен профессор Нұртас Тұрсынов бастаған топпен біз де мерекелік дастарқанға беттегенбіз. Маркең бізді Арқа атырабына аты мәлім атбегі, құрығы құтты жылқышы марқұм Тілеуберлі Қадырберлиннің ұрпақтары тіккен ақбоз үйге бастады. Тілекеңнің асыл жары Мәкен анамыздың қолынан дәм татып, отағасының рухына тәу еттік. «Орнында бар – оңалар» демекші, ел қадірлісі болған Тілекең ұрпақтарының ұлағатына сүйсіндік. Бүгінгі тойдың ұйымдастырылуына да қомақты үлес қосқан осы әулет екен.

…Тысқа шығып, қазақша күрестің ақтық белдесулерін тамашаладық. «Бел кетер, бел кетпесе белдік кетердің» қызығы. Жанкүйерлер қиқуы мен намысқа тырысқан палуандардың өнері өзінше бір әлемге айналған. Демімізді ішке тартып, біз де қосылдық жанкүйерлер қатарына. Сонымен, 80 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңіс тұғырына Қусақ ауылының ақжолтайы Е.Қуанбай көтерілсе, Абай ауылының үкілі үміті А.Шақатов пен қарағандылық палуан А.Файзолла тиісінше екінші-үшінші орынды бөлісті. Ал, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жауырыны жерге тимеген Қарқаралы ауданы, Сарыобалы ауылының палуаны Е.Мұхамеджанов жеңімпаз атанды. Жаңаарқалық Қ.Абзалов екінші, Шет ауданының палуаны А.Сейітжан үшінші орынды місе тұтты.

Қызықтың көкесі – түйе палуандар белдесуінде. Барлық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып, ешкімге есе бермеген ақтоғайлық палуан А.Оралов «Түйе палуан» атанып, той ұйымдастырушылары бәйгеге тіккен мотоциклді тақымға басты. Барлық салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз-жүлдегер атанған палуандар жүлдесіз қалған жоқ. Бәріне бағалы сыйлықтар үлестіріліп, арнайы диплом-кубоктармен марапатталды.

…Күн ұясына еңкейген шақта барша жұрт ауыл сыртындағы аламан алаңына қарай ойысқан. 27 шақырымдық аламанға республиканың түпкір-түпкірінен 35 ат қатысты. Арысы – Алматыдан, берісі – Қусақтан. Делебе қоздырар аламаныңыз да қас-қағымда мәреге жетті. Кіл жүйріктің жылдамдығы шапшаң болды ма, біздің көңіл жүйрік пе, әйтеуір, жаңа ғана басталған ат жарысы көзді ашып-жұмғанша аяқтала салсын. Аламанның абыройы ауылда қалды, Алла қолдап. Атбегі Серік Тәлімовтің «Берікқара» аталатын сәйгүлігі (шабандозы – Ержігіт) екінші аттан оқ бойы озық келіп, «Лада-Приора» автокөлігін еншіледі. Кермені екінші болып үзген «Қарабура» атты жүйрік те – Қусақ ауылынан. Ал, үшінші болып Жамбыл облысының сәйгүлігі «Көгершін» келді.

Дархан МҰҚАТАЙ, Ақтоғай ауданы, Қусақ ауылдық округінің әкімі:

Бұл тойды өткізу жөніндегі бастама – ауыл халқының ниеті. Дархандық дағдарысқа есе жібермейді екен. Білесіздер, биыл – Қазақстан үшін мерекелі жыл. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Оның сыртында Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойы тағы бар. Осындай атаулы мерекелерді халық арасында насихаттау мақсатында қолға алған едік бұл шараны. Ауылымыздың 80 жылдық мерекесін осынау атаулы мейрамдармен бірге атап өтейік деген ел азаматтарының бастамасын жерге тастай алмадық. Аудан әкімі Салтанат Мірәсілқызы қолдау көрсетті. Ұйымдастыру алқасы ақпан айынан бері Балқаш қаласында екі рет, ауылымызда үш рет жиын өткізіп, той бағдарламасын әзірлеп, барлық шығын есептелді. Ауылымыздан шыққан Маратбек Сәрсенбеков, Тайтөлеу Жұманов, Махмуд Жарылғапов, Жұмағазы Адамбеков, Әбіш Балжігітов секілді азаматтар бас болып осы тойдың қамына кірісті. Сондай-ақ, ауылымыздың шаруа қожалықтары демеушілік жасады.

Бұл шара – қала мен дала арасындағы байланыстың алтын көпірі. Сонымен бірге, «Той атымен тон тігіледі» демекші, ауылдың ажарлануына септігі тиді. Ауылдың кіреберісіне еңселі қақпа, мәдениет үйінің ауласына домбыра мүсіні орнатылды. Бұл нысандардың барлық шығыны тойға жиналған демеушілік қаржының есебінен жұмсалды. «Тарихы терең – туған жер» атты кітап шығардық. Мұның өзі ұрпаққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз дүние деп білеміз.

…Той тарқады. Бірақ, дүбірі алысқа кетті. Мәселе, мұнда да емес. Шалғайдағы демесеңіз, бұл ауылдың маңдайдағы бағы бес елі екен. Ол бақ – елдің азаматтары. Бірлігі бекем елден береке қашпайды. Біле-білгенге, той – ысырап емес, ынтымақ.

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерді түсірген  автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button