Тұтқындау

Бетеге дір етті,
Бел асты шаң көрінді,
Сылп еткізді келіншек сәнді ерінді.
Ұрттай берген қымызын кері ысырып,
Төреңіз де басқаша мәнге кірді.

Қабақ керіп қарайды,
Паң мінезі,
Жұртта қалған Хан өзі, хандық өзі.
Қыр астынан қырағы көкті барлап,
Аңдып жатыр кәззаптың қанды көзі.

Ат тұяғы дүркіреп, дүбір шықты,
Көзін жұмып, молдекең ыңырсытты.
Аттан ауып офицер құдық басы,
Су тартып тұр, зарлатып шығыршықты.

Ақ селеулер желбіреп күлте шашы,
Ойбай салған сияқты үрке қашып.
Қымыз құйған келіншек қатып қапты,
Қашты үйіне қорқақ шал сілте басып.

Тұтқындайды, Жасанған бар жасағы,
Обалы осыларға арғаса әні.
Тобылғы қып-қызыл боп ыза-кектен,
Балағына солдаттың жармасады.

Жарқ етіп алмас қылыш шауып түсті…
Дала да сезеді екен қауіпті істі.
Жау жолын аңдып жатқан қақпан құсап,
Түйетабан біреуін қауып түсті.

Мырс етті, соны көріп Төреңіз де,
«Қош болыңдар, Келмейміз бе,
Келеміз бе? 
Көрмейміз бе,

Көреміз бе?
Туған жер киең болса, елді сақта,
Құл-құтанды ойнатпай төбемізге!».

Шаң ұзады,
Бетеге дір етпеді,
Басқа салса, қиямет қыл өткелі.
«Қазақ – Азап – Азат» деп күбір етті,
Үш ауыз сөз сол еді жүректегі.

«Қош, қош» деді,
Сырындай бір ақтарған,
Көз жас ақты жылғадан, бұлақтардан.
Адамдар ма жылаған, жо-жоқ жаным,
Жусандар ғой, жусандар жылап қалған…

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ