Тәшенов сыйлығы — таланттарға

Қазақстанның жартысына жуық жерін отаршыл империя оқпанынан алып қалған Жұмабек ТӘШЕНЕВ есімі қандай құрметке болсын әбден лайықты. «Сол күнде елге қорған Абылайдың, Қылсаң аз қанша тәуап моласына» демей ме Мағжан ақын? Дәл сол сияқты, демек. Ұлтының бақыты үшін жанын шүберекке түйіп, басын бәйгіге тіккен Жұмабек ТӘШЕНЕВТІҢ жан қиярлық ерлігі ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс.

Жыл сайын Жұмабек Тәшенев есімін құрметпен еске алып, «жылдың үздік ақынын» анықтайтын Қарағанды биыл да сол үрдісінен танбады. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ерлік жолын жалғастырған жалғыз қайраткер ұл Жұмабек Тәшенев екенін ашып айтуымыз керек. Кең ақыл, отты қайрат пен арыстан жүректі арыс ұл! Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс Ресейге қарап кеткелі тұрған жерінен Н.Хрущевті білімімен бағындырып, жерін аман алып қалған. Сол бес облыстың бірі – бүгінгі Астана! «Жұмабек атамыз болмағанда, Астанамыз Астана болып тұрар ма еді?» десті Ж.Тәшенев атындағы облыстық «Жылдың үздік ақыны» жыр мүшәйрасына қадірменді қонақ ретінде Елордадан келген ақын Несіпбек Айтұлы. Осындай ұлы қайраткердің есімін ұлықтап, ұлт бақыты жолында атқарып кеткен ұлағатты істерін көпке үлгі етіп жүрген Айтбай Жұмағұлов пен Сапар Ипкеев есімін айрықша атап өтпеуге болмайды. Бірі – Тәшенев атындағы дәстүрлі «жылдың үздік ақыны» жыр мүшәйрасының ұйымдастырушысы болса, бірі – осы игі шараның демеушісі! Арқадағы атымтай жомарттың бірі һәм бірегейі! Ұлтының бақытына бола, қарақан басының амандығын тәрк еткен Тәшеневті еске алуда Арқада аянбай еңбек етіп жүрген осы екі азамат

Ұлт қайраткері Жұмабек Тәшенев атындағы жыр додасы биыл облыстық көлемде жетінші рет өткізіліп тұр. Дәстүрлі түрде жолға қойылды деген сөз – бұл. Оған себепкер жоғарыда аттары аталған екі азамат екенін айттым. Мұндай мүшәйра бізде, яғни, Қарағанды облысында ғана бар. Басқа мүшәйралардан артықшылығы, мұнда демеуші – жеңімпаз болып танылған жас ақынның жыр жинағын шығарып береді. Тірісінде елге қызмет етіп кеткен Жұмабек Ахметұлы о дүниелік болғанда да жас таланттарға қамқорлық қылып жатыр. Ұлы Абайдың «өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы?» дегені осындайда еске түседі. Мүшәйраға, сондықтан, кітабы шықпаған жас таланттар ғана қатыса алады. Өзге аймақтағы жас ақындардың қызыға қарайтыны – содан. Осы уақытқа шейін қарағандылық алты жас ақынның тырнақалды жыр жинағы жарық көрді. Олардың алды Жадыра Байбұланова, Рауан Қабидолдин, Айзада Рахымжанова, Жәлел Шалқар, Ерболат Қуатбек сияқты жастар республикамызға танылып қалды бүгінде. Жұмабек Ахметұлының шарапаты!

Дәстүрлі жыл мүшәйрасы биыл тіптен керемет өтті. Кештің қадірлі қонағы – ҚР Мемемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Несіпбек Айтұлы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы келіп, қатысты. Несіпбек аға – Жұмабектей арысқа поэма арнаған ақын. Қарағанды мемлекеттік университетінің 8 ғимаратының акт залында өткен шарада Нес-ағаң Тәшеневке арналған «Жер жаннан қымбат» поэмасынан үзінді оқып, ұлт қайраткерінің ұлағатты істерін тілге тиек етті. Мүшәйраға қатысқан сегіз ақын сахнаға шығып, ең таңдаулы деген өлеңдерін оқыды. Жастардың жырларын мұқият тыңдаған Несіпбек аға: «Қазір Қарағандының әдеби ортасы алдына қара салып тұрған жоқ. Мұндай тегеурінді жас ақындар шоғырын Қарағандыдан басқа бірде бір облыстан кездестірмейсіз. Тіпті, ұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім шыққан біздің Семейде де жоқ. Кезінде қазақ даласында Абай қалыптастырған ақындар мектебін. Көзіне мақтады демеңіздер, Қарағандыда мұндай орта қалыптастырып отырған – мына менің досым, ақын Ақсұңқарұлы! Оның қадіріне жетіңіздер» деді.

Қарағанды әдеби ортасының ұйысқанының бір көрінісі сол, жыр додасына қатысқан жас талаптар бір-бірін оқып, біліп жүргендіктен, әрқайсы өлеңдері өзіне ұнаған қатарласына дауыс береді – бір. Екіншіден, сырттан шақырылған қонақ Несіпбек Айтұлы және Серік Ақсұңқарұлы таңдауынан соң барып, «жылдың үздік ақыны» анықталды. Сонымен, биыл байқау қортындысы бойынша бірінен бірі артық деуге келмейтіндіктен, екі бірдей жас ақын – Ерік Нарын мен Жоламан Әйткен жеңімпаз танылды. Серік аға Ерік Нарынды қолдап шықса, Несіпбек аға Жоламанды құп көрді. Екі жүйрік қатар шапқан соң, атымтай жомарт, ұлт руханиятының жанашыры Сапар Ипкеев қос талантты бөліп-жармай, Ерік пен Жоламан кітаптарының қатар шығуына демеуші ететін болды. Руханиятқа жанашыр нағыз жомарт азамат осындай-ақ болар. Жылда бір ақынның жинағы жарық көретін байқаудың биылғы ерекшелігі, қос бірдей жас ақынның кітабы дүниеге қатар келмек. Ерік – Қарқаралының, Жоламан – Баянауылдың тумасы. Қазақтың қасиетті қос өлкесінің түлектері. Жыр сапарында жолдары ұзақ болсын!

Сонымен қатар, осының алдында ғана өткен Ж.Тәшенев атындағы «жылдың үздік айтыскер ақынын» жеңіп алған Нұрсұлтан Ырымбай мен «жылдың үздік жас қайраткері» Амантай Ақыш марапатталды. Жыр мүшәйрасына қатысқан қалған жас ақындарға Алғыс хаттар табысталса, Ақерке Әбдікәрім атты ақын қарындасымызға «Нұр әсем» сән үйінің басшысы, руханият жанашыры Венера Исина арнайы сыйлық тапсырды.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»