Жаңалықтар

Тәртіптік жауапкершілік таразылануы тиіс

           Елбасы бастамасымен бекітіліп, Қазақстанның негізгі даму бағыттарын айқындаған “100 қадам” Ұлт жоспары аясында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қатысты реформаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.

Осы өзгерістер аясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңадан Заң қабылданған болатын. Аталған заңға сәйкес, мемлекеттік қызметтегі басты қағидалардың бірі – мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету.

Осы қағида негізінде мемлекеттік қызметшілер Конституциямен кепілдік берілетін құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға, ешбір кемсітушіліксіз еңбегінің қорғалуына, денсаулығының сақталуына, әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқылы.

Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметшiге жүктелген міндеттерді тиісінше орындамауы, өкілеттігін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен әдепті бұзуы, қызметтік шектеулерді сақтамауы – тәртіптік теріс қылық саналып, жауапкершілікке тарту көзделген.

Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге ескертуден бастап, қызметінен босатуға дейінгі жазалар қолдануылуы мүмкін. Өз кезегінде, мемлекеттік қызметші айыбы толық дәлелденбейінше, тәртіптік жаза қолданылмайды. Бұл ретте, тәртіптік жаза қолдану барысында мемлекеттік қызметшінің құқықтық қорғалуына кепілдік берілген. Атап айтқанда, тәртіптік жазаға тарту туралы шешім қабылдау үшін бірінші кезекте мемлекеттік қызметші анықталған бұзушылық бойынша түсініктеме беруі тиіс.

Ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазалар мемлекеттік қызметшіден түсінік алу нәтижесінде қолданылса (егер қызметші кінәсін мойындаса), ал қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе лауазымнан төмендету, сондай-ақ, қызметінен босату түріндегі тәртіптік жазалар тек қана қызметтік тексеру қорытындысы және тәртіптік комиссияның шешімі бойынша ғана қолданылады. Бұл да мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жазаға тартылу барысында тек әділ шешім қабылдануының кепілі болып табылады.

Сонымен қатар, қызметтік тексеру жүргізу барысында мемлекеттік қызметшіге жеке қатысу құқығы берілген және ол тәртіптік жауапқа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуы тиіс. Осының өзі мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға бағытталғандығының айғағы деуге болады.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді жазаға тарту тәртібі ҚР Президентінің 2015 жылғы №152-ші Жарлығымен бекітіліп, тәртіптік жаза қолдану қағидаларымен реттелген. Аталған құжаттың орындалуын және мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жазаға тарту барысындағы құқықтарын қамтамасыз етуді мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті тұлға жүзеге асырады.

Есептік ақпараттарға сүйенсек жылдан-жылға тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілер саны азайып келеді. Мәселен, 2016 жылдың 9 айында 552 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылса, өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш – 374-ті құрады (жергілікті атқару органдардың қызметшілері).

Өкінішке орай, мемлекеттік қызметшілер өз құқықтарын жеткілікті білмеуі себебінен заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тартылып жатады. Тек, жекелеген қызметшілер ғана өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті органға шағымданып жатады. Мысалы, 2016 жылы тәртіптік жазаға тарту барысында құқықтары бұзылғаны жөнінде 2 мемлекеттік қызметші Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жүгінсе, өткен жылы 6 мемлекеттік қызметшіден шағым түсті.

2017 жылы жүргізілген тексерістер барысында шағымдарда көрсетілген тәртіптік жазалардың заңсыз екендігі анықталып, жазаның күші жойылды. Нәтижесінде, 8 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды. Бұл тек ішінара тексерістер мен қызметшілер тарапынан түскен шағымдар негізінде ғана анықталған бұзушылықтар.

Тексеріс барысында мән-жайды анықтамай тәртіптік шара қолдану, мемлекеттік қызметшінің тиісті материалдармен танысу құқығын шектеу, сондай-ақ, қызметші келіспеген жағдайда кепілдік берілген қызметтік тергеп-тексеруді жүргізбеу сынды бұзушылықтар анықталып отырады. Бұл бұзушылықтардың орын алуы – мемлекеттік қызметшілер құқығының бұзылуымен қоса, жалпы мемлекеттік қызметтің имиджіне де нұқсан келтіреді. Яғни, мемлекеттік қызметтегі заңдылық қағидасының сақталмауына әкеп соғады.

Заңнама талаптарына сәйкес, тәртіптік жазаға тарту туралы шешімді мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындауға және одан босатуға құқылы тұлға (көп жағдайда мемлекеттік орган басшылары) қабылдайды. Сондықтан, мемлекеттік қызметші құқығының сақталуына бірінші кезекте мемлекеттік орган басшысы жауапты. Бұл ретте, аталған лауазымды тұлғалар шешім қабылдау кезінде заңдылықты негізге алып, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға, мемлекеттік орган ұжымында қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға, тиісті жағдай жасауға міндетті.

Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің тәртібін нығайтумен қатар, олардың құқықтарын қорғауға басым көңіл аударады. Тәжірибеде кейбір мемлекеттік қызметшілерді дәлелсіз балағаттап, айыптайтын жағдайлар болатыны белгілі. Ондай кезде құзіретті орган ретінде аталған мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға күш салудамыз. Сондықтан, арызданушылар бізді тек жазалаушы орган ретінде қарастырмауы тиіс.

Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер құқықтары бұзылған жағдайда келесі мекен-жай бойынша орналасқан Департаментке шағымдануға құқылы: Қарағанды қаласы, Бейбітшілік бульвары, 39 үй, 2 қабат. Тел. 8(7212)504075.

Айдын ШАХМЕРДЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button