Төрт ұрпақтың темірқазығы

Ана деген сөзде әлемнің әлдиі мен адамзаттың жан күйі үйлесіп тұрады. Бұл сөзден асқан артық теңеу, айқын анықтауыш жоқ та шығар, сірә?! Ана жайлы толғанғанда жүрек түбіндегі шын сөз шыныдай мөлдір шығармашылыққа айналады. Ананың алақанындай ыстық, алақанындай жұмсақ құбылысты әлі сезбеппіз…

Бұл ойлар бүгінде әулеттің ғана емес, тұтас дәуірдің келбетіне айналып, ел анасындай ерекше сыйға ие Күлзада әжемізді айтқан кезде санамызда тізбектеледі. Биыл торқалы тоқсан жасқа келіп, тұтас төрт буынның текті темірқазығы болып отырған ана жайлы ендеше біз де қалам тербеп көрдік.

Әжеміз өзінің өмір жолын баяндағанда 1929 жылы 8 наурызда Қарқаралы ауданы, Ленин атындағы колхозда (қазіргі Бақты ауылы) дүниеге келгенінен бастап әңгімелейді. Әкесі – Жақып Бибабаұлы еті тірі, ширақ, қайырымды жан болған. 1928-1930 жылдар бағдарында болған атышулы кәмпескенің арты 1932 жылғы жаппай ашаршылыққа ұласқан уақытта әжеміздің әкесі Жақып қиыннан жол тауып, өзінің бала-шағасымен бірге қауым елді асырап-сақтау қамының қамы- тын мойынына ілсе керек. 1933 жылы Қазақстан билігі ауысып, билікке Мирзоян келіп, әбден аштықтан есеңгіреп қалған елге азық-түлік таратыла бастайды. Әжеміздің әкесі Жақып бірінші болып сол іске араласады. Cондай бір қиын-қыстау күндерде ниеті бұзық, ауылдас ағайын- дардың бірі жол тосып, Исайын Керімханов деген кісімен қоса, нағашы атам Жақып Бибабаұлын қастандықпен өлтіріп, кіре тартып жүрген аттарын алып кетеді. Артынша олар ұсталып, жазаларын алса керек…

Міне, сол күндерден бастап, 4 жаста жетім қалған әжеміз – Күлзаданың тауқыметті тірлігі басталады. Бірінен кейін бірі келген зобалаң – 1937-1938 жылдардағы репрессия, 1941-1945 жылғы Отан соғысы жылдарының ауыртпашылығы елде қалған тағы да кәрі-құртаң үлкендер мен қызыл қарын жас өскіндердің иығына артылады. Жасынан еңбекпен көз ашқан әжеміз жұмыстың ең ауырын істеп, өзінен кейінгі сіңлі-бауырларын шешесімен қоса асыраған. Соғыс жылдарында тылдағы еңбекте тынымсыз еңбек етіп, бейбіт күнде Соғыс ардагерлерімен теңестіріледі.

Әжеміз 1947 жылы атамыз – Тәңірберген Асанұлымен атасып, үлкен әулетке келін болып түседі. Өз сөзімен айтар болсақ, «Аталарыңмен 14 жыл жолдас болдым, бір ауыз сөзге келіп, қабақ шытысқан емеспіз. Аталарың қандай ауыр жұмыстан шаршап келсе де, үйге күліп кіруші еді. Шайын іше отырып, домбырасын шертіп, үйді дуылдатып, думандатып отыратын еді…» деп сағынышпен өткен күндерін еске алады.

Сөйткен аяулы ата-ана жеті құрсақ көтеріп (екеуі шетінеп кеткен) 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Бақыт 14 жаста, кішісі – әкеміз Болат екі жаста қалса керек. Атамыз тұрмыстың ауыр тауқыметін арқалап 40-тан асар-аспастан қайтыс болыпты. Бала-шаға өсірудің бар міндеті әжеміздің мойнында қалады. Бірінші Алла жар болып, екінші өзінің қажыр-қайратының арқа- сында балаларын жұрт қатары- на қосты. Келіндері мен күйеу балалары да Күлзада әжеміздің ақ пейіліне берген асыл жандар ретінде әулеттің ажырамас бүтін бөлшегіне айналып кетті. Бүгінде немере-жиендерінің аяулы әжесіне айналды.

Жалпы бүгінде тоқсанның торқалы тойына себепші болып отырған әжеміз ұрпақтарына, немере-шөберелерінің қызық-қуанышына тәуба айтып, батасын беріп келе жатқан шын мәніндегі бақытты жан. Келіндерін қыздай, ұлдарын құздай көретін әжемізді айтып мақтана бермекпіз.

Нұртас БОЛАТҰЛЫ, немересі.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.