Жаңалықтар

Төрде – тіл жанашырлары

Тіл қашан да қастерлі, киелі. Жүзден аса этнос өкілі берекелі тіршілік кешкен Қазақ елінің бірлігін ұйыстырушы басты фактор – мемлекеттік тіл. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі қазақстандық ұлтты біріктіретін басты фактор болып табылады» деген ұстын сөзі – біздің осы сөзімізге дәлел. Республика халқының сан алуандығын бір тұста тоғыстыратын менталитет – мемлекеттік тілді құрметтеу мен меңгеру десек, артық айтқандық болмас.

Мемлекеттік тіл саясаты – мемлекет тілінің мерейін үстем ету, азаматтардың заман ағымына қарай шет тілдерін меңгеруіне және ұлт-ұлыс өкілдерінің ана тілдерін дамытуына барынша жағдай жасау секілді бірнеше бағытты қамтып келеді. Қазақстан халықтарының тілдері күнін барлық деңгейде атап өту – еліміз егемендігін алғалы бері бастау алған игі дәстүр.

Былтыр Үкіметтің 31 қазандағы қаулысымен 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді. Бұрын аталмыш мереке қыркүйек айының үшінші жексенбісі болып келгені белгілі. Енді барша қазақстандықтар қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым Ахмет Байтұрсыновтың туған күнінде Тілдер мерекесін атап өтетін болады.

Осынау мерейлі мезетте тілдерді дамыту жөніндегі басқарма аталмыш мекеме қабырғасында тілдің дамуына елеулі үлес қосып, жанашырлығын ілкімді істерімен дәлелдеп жүрген тұлғаларды арнайы құттықтады. Атап айтқанда, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары – филология факультетінің деканы, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұхаммедғали Әбдуов, профессор, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Әділова, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынова, ағылшын тілі лингводидактика кафедрасының доценті, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі Жаңбырбай Қағазбаев, тарих факультетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Салауат Кентбеков және өңірлердегі тіл мамандары – Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина, Шахтинск қаласының «Бастау» тіл орталығының директоры Бибігүл Дауылбаева облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жезқазған қаласының «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының директоры, үш тілде жарық көретін «Ұлытау және ұлт» журналының жауапты редакторы, қазақ тілін оқытуға арналған озық әдістемелерді әзірлеуші Ғазиз Ештанаев және Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің директоры, бірнеше топонимикалық еңбектің авторы Темірғали Аршабековке Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

 Тіл жанашырларына ел дамуы мен өркендеуіне қосқан жемісті еңбектеріңіз еселене берсін дейміз.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button