Тұрғындар тілегі — қызмет тірегі

Бейсенбі күні Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында тұрғындар алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысан басшылары, сондай-ақ бұқара қауым қатысты.

Қала әкімі өз сөзінде өткен жыл қорытындыларына кеңінен тоқталып, алдағы атқарылар істер жайлы баяндады. Өткен жылдың қорытындысымен өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі 42,3 млрд. теңгені құраған. Бұған қызметін Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырған кәсіпорындар айтарлықтай үлес қосқан. Олар 2019 жылы 32 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл – былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 47,4 млрд. теңге. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 5497 шаршы метр. Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін 380 жер учаскесі, 32 пәтерлі тұрғын үй, 2 білім беру нысаны инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Пайдалануға берілетін тұрғын үйлер 1,8 есеге, абаттандырылған аулалар саны 2,5 есеге артады. Биыл көпқабатты үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, лифтілерді қалпына келтіру, орталық саябақ пен Тәуелсіздік алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталады. Кездесу барысында шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, автомобиль жолдарын салу, білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт салаларымен қатар, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларына қатысты атқарылған жұмыстар жан-жақты баяндалды. Бұл салаларда айтарлықтай ілгері басушылық бар.

    • Туризмді дамыту әлеуеті – Балқаш қаласы мен оның айналасында. Өткен жылы қалаға 33 мыңға жуық турист келіп, оларға 311 млн. теңгенің қызметтері көрсетілді. ҚР ішкі туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына республикалық және жергілікті бюджеттен коммуналдық құрылыстарға шамамен 3,5 млрд. теңге қаражат бөлу жоспарлануда. Олар қажетті деңгейде пайдаланылатын болады, – деді Ораз Тәуірбеков.

Жиынға дейін түскен жазбаша сауалдар өз алдына, кездесу кезінде берілген сауалдар мен көтерілген мәселелер де аз болған жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі жолдардың сапасына, олардың жаяу жүргіншілер жолдары салынбағанына реніш білдірді. Сондай-ақ, медициналық қызметтің сапасы мен балалар ойын алаңдарының иесі болмауына қатысты мәселе көтерді.

Тұрғындар тарапынан ұсыныстар да аз айтылмады.

Қала әкімі сауалдардың басым денін жиынға қатысушылардың көз алдында оқып, нақты жауап берді. Тұрғындардың қайсыбір тілектерін сол сәтте қанағаттандырып, енді бір бөлігін осы мәселелермен шұғылданатын тиісті адамдарға тапсырды. Ал, тексеріп, анықтауды талап ететін күрделі мәселелерді кейін қарап, иелеріне жазбаша түрде хабарлауға уәде етті.

Есепті кездесуден кейін шаһар басшысы10 тұрғынды жеке сауалдары бойынша қабылдады.

Нұрдос КӘРІМ