Ресми

Тұрғындар тілегі – сенаторлар назарында

Парламент Сенатының депутаттары Рысқали ӘБДІКЕРОВ пен Сергей ЕРШОВ қоғамдағы көкейкесті жайттың бірі – халықты электр қуатымен жабдықтау мәселесіне қатысты Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ атына депутаттық сауал жолдады.  Оған мандат иелерінің биылғы жылдың қаңтар айында Қарағанды облысына іссапары барысында тұрғындар тарапынан айтылған өтініштері мен арыз-шағымдары арқау болғанын айта кеткен жөн. 

Депутаттық сауалда айқын көрсетілгендей, қазіргі таңда облыстың электр қуатын тұтынушыларына, оның ішінде, қарапайым халыққа іріліұсақты алты бірдей энергиямен жабдықтаушы кәсіпорын («Караганды Жылу Сбыт» ЖШС, «Казэнергоцентр» ЖШС, «РСЦ» ЖШС, «Жезказганэнергосбыт» ЖШС, ПУ «Энергоуголь» және «Электржабдықтау» ЖШС) қызмет көрсетеді. Алайда, олар электр энергиясын көбінесе өз аумағындағы емес, керісінше, шалғайдағы энергия көздерінен сатып алуға мәжбүр (негізінен, электр энергиясын сатып алу Екібастұз МАЭС­нан жүзеге асырылады). Бұл өз кезегінде энергия жеткізуші және транзиттік мекемелер түріндегі делдалдар арқылы келген электр қуаты тарифінің көтерілуіне әкеліп, нақты тұтынушыларға тиімсіз әсерін тигізіп отыр.

Бұл орайда, облыста жалпы белгіленген қуаты 2302 мега ватт/сағ. болатын 8 жылу электр станциясы шоғырланғанын айта кету керек. Олардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Балқаш ЖЭО, Жезқазған ЖЭО, Топар МАЭС сияқты ірі энергия станциялары бар және оларда өндірілетін электр қуаты, негізінен, корпорацияның жеке өндірістік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Ал, артылған электр қуаты аймақ тұтынушыларының қажетін ашпай, тысқары жерлердегі басқа заңды компанияларға келісім­шарт негізінде сатылуда.

Осы ретте, іс жүзінде елді мекендер шекарасында орналасқан бірқатар энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын КЕGОС (тарифі – 2,50 теңге квт/ сағ.) және өңірлік энергия желілерімен кез келген жерге тасымалдайтынын айта кету артықшылық етпейді. Бірақ, осы елді мекендердің тұрғындары, тіпті, өздері сол ұйымдардың қызметкерлері бола отырып, электр энергиясын жүздеген, мыңдаған шақырым қашықтықтағы мекемелерден алатындығы ақылға сыймайды.

Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша ресми сайтының ақпаратына сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, қосымша құн салығын есепке алғанда орташа тариф құны жеке тұлғадан 10 теңге 58 тиын болып қалыптасқан. Алайда, Балқаш қаласының тұрғындары 1 киловатт электр энергиясы үшін қосымша құн салығын есепке алғанда, жеке тұлғалар – 14 теңге 36 тиын, ал коммерциялық құрылымдар 20 теңге 54 тиын төлеуге мәжбүр болуда. Осындай келеңсіздіктер Жезқазған және Сәтбаев қалаларында да қалыптасып отыр. Сәтбаев қаласында жеке тұлға үшін 14,58 теңге, заңды тұлғаларға – 17,89 теңге, Жез қазған қаласында жеке тұлға үшін 14,58 теңге, ал заңды тұл ғаларға – 15,59 теңге.

«Осыған байланысты жергілікті жерде тұратын халықты арзан электр қуатымен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында тиісті энергиямен жабдықтаушы мекемелер электр энергиясын жергілікті энергия көздерінен сатып алуын заңнамалық жағынан негіздеуді ұсынамыз. Сонда ғана, электр энергиясының тарифін тұтынушы халық үшін айтарлықтай төмендетуге болады.

Осы мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Сізден «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне түзетулер енгізуді қарастыруыңызды сұраймыз» – делінген Парламент Сенаты депутаттарының Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27­бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы оны жолдаушы тарапқа жазбаша жауап берілуі тиіс.

Депутаттар «қайнауы жеткен» әлеуметтік маңызы зор мәселеге қозғау салып отырғаны күмәнсіз. Енді, электр қуатын тұтынушы санатындағы қалың қауымның күтері – көңілдерді күпті еткен түйткілді жайттың түйінінің тарқатылуы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button