Тұрғындар талабы – тұрақты назарда

Кеше облыс әкімі Ерлан Қошановтың төрағалығымен бейне-селектор режиміндегі кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде президенттің сайлауалды тұғырнамасы негізінде әзірленген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер тілге тиек етілді.

19 маусымда Мемлекет басшысы Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жоспарын бекіткен болатын. Аталған бағдарламаны әзірлеу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды кампаниясы халықпен кері байланыс орнату мақсатында жалпыұлттық «Бірге» акциясын жүргізген-ді. Яғни, отандастарымыз сайлауалды бағдарламаға өз өтініштерін жолдаған еді. Нәтижесінде, барлық ұсыныстар назарға алынып, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жоспарына енді. Жоспар өз кезегінде «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сынды үш бағытты қамтиды. Аталған акция туралы «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова баяндады.

  • Сайлау кезеңінде республикалық, облыстық, аймақтық желілік кестеге сәйкес, облыста 1 миллионнан астам адам қамтылған 4 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Үгіт-насихат жұмысы басталғаннан бері қолға алынған «Есіктен – есікке!» акциясы да өз жемісін берді деуге болады. Сондай-ақ, халықпен кері байланыс орнатуды мақсат еткен жалпыұлттық «Бірге» акциясын да айрықша атап өтуге болады. Жалпы, аталған акция аясында ел көлемінде 500 мыңнан астам ұсыныс келіп түссе, соның 56 мыңы – осы облыстың тұрғындарына тиесілі. Оның барлығы Президент сайтының дерекқорына енгізілді, – деді Қадиша Базарбайқызы.

Оның айтуынша, өңір тұрғындары ұсынысының 12,7 әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуге, 9,4%-ы білім жүйесіне жетілдіруге, 6%-ы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жақсартуға, 5%-ы жұмыспен қамту және еңбек дауына, 4,9%-ы денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты болды.

Ертең Үкімет отырысында Президенттің сайлауалды тұғырнамасы негізінде әзірленген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мәселесі қаралады. Біздің мақсат – осы жоспарды уақытылы жүзеге асыру. Бұл ретте, «Бірге» акциясы аясында келіп түскен тұрғындар өтінішінің орындалуы мен оны қадағалауды, Қадиша Базарбайқызы, Сізге тапсырамын. Үкімет жоспарды жүзеге асыру жөніндегі «Жол Картасын» ұсынған соң, қысқа мерзімде облыстық деңгейде атқарылар шаралар жоспарын әзірлеуіміз қажет. Бұл жұмысқа орынбасарларым мен басқарма басшылары да аймақтардағы әкімдіктермен бірлесе отырып, сала-сала бойынша белсенді араласуы керек, – деді Ерлан Жақанұлы.

Өз сөзінде, облыс әкімі Президент белгілеп берген он негізгі бағытты жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды. Соның алғашқысы – тұрғындардың кірісін арттыру. Бұл ретте, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру маңызды. Жалпы, өңір тұрғындарының нақты табысы осы күні 8,5%-ды құрап отыр. Ол – республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Десе де, мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Тұрғындар жағдайын жақсарту мақсатында облыс әкімі өз орынбасарларына қызметкерлер жалақысын жоғарылату жөнінде кәсіпорын басшыларымен жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ, өңір тұрғындарына әлеуметтік төлемақының барлық түріне қолжетімділікті қамтамасыз етуді де жүктеді. Үшіншіден, тұтыну бағасының индексін де назарсыз қалдырмауды айрықша атап өтті.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы балалар аттракциондары бойынша рейд жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, кәріз қақпақтарының болуын және құрылыс алаңдарын қоршау ережелерінің сақталуын тексеру қажеттілігін тілге тиек етті. Бұл қауіпсіздік шаралары балалардың жиі жарақат алуына байланысты қолға алынуда. – Жазғы демалыс басталмай жатып, балалар жарақаттанғаны, қайғылы оқиғалар орын алып жатқаны турасында жиі естудеміз. Барлық аттракциондардың қауіпсіздігін мұқият тексеруді тапсырамын. Барлық беті ашық кәріздерді анықтау және жабу керек. Сондай-ақ, құрылыс және басқа да алаңдардың қоршауын тексеру қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қысқа мерзім аралығында тексеріс қорытындысы туралы баяндауды тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДА.