Түпкі меже — әлеумет әлеуеті

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезекті XXVI сессиясы өтті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізер тиімді әсері мол біршама маңызды мәселелер қарастырылған халық қалаулыларының басты жиынына облыс әкімінің міндетін атқарушы Ерлан ҚОШАНОВ қатысып, толғақты тақырыптар туралы өз пікірін білдірді. Сессияға шақырылғандар қатарында, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, құқық қорғау органдары мен облыстық департаменттердің, басқармалардың басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес пен БАҚ өкілдері болды.


Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, депутаттар алғашқы кезекте облыстық экономика басқармасының басшысы Ораз Тәуірбековтің Қарағанды облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебіне зейін қойды. Басқарма басшысы мәлімдегендей, есепті кезеңде бағдарлы әрекеттер экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары, сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетулер бағытында жүргізіліп, аталған жылы оларды ілкімді атқару мақсатында барлық қаржы көздерінен 275 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Ал, осы басымдықтарға тиесілі қол жеткізілген нәтижелер 126 бағалау индикаторы бойынша екшелген. Қысқаша қайырғанда, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен Тұңғыш Президент Жолдауларында межеленген міндеттерді орнықты орындау мақсатында түзілген облыстың даму бағдарламасы аясындағы жұмыстар ауқымын серпінді деп сипаттауға толыққанды негіз бар.
Сессияда «2018 жылғы облыстық бюджеттің орындалуын бекіту туралы» мәселе бойынша мінберге көтерілген облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаның хабарламасына да ерекше ден қойылды. Сонымен қоса, аталған тақырып аясында қосымша хабарлама жасаған облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Аян Әбдікәрімов пен облыстық мәслихаттың бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Жомарт Таласпековтің тарапынан ұсынылған ұйғарымдар да назарға алынды.
Одан кейінгі кезекте Қарағанды облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәселе жанжақты зерделенді. Күн тәртібіндегі бұл сауалға қатысты ахуал жайында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов баяндады. Сала басшысының айтуынша, өткен жылы Қарқаралы ауданынан басқа аудандар мен қалалар тұрғын үйлерді қолданысқа енгізу жоспарын талап деңгейінде орындап, жалпы алғанда 115,9 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Көрсеткіш 2017 жылдың мәліметіне шаққанда 126,3 пайыздық деңгейді құрайды. Жыл қортындысымен 4135 пәтер тапсырылған, оның ішінде 1749 пәтер мемлекеттік инвестициялар есебінен берілген.
Осы бағыттағы жұмыстар, нақтылай түссек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру әрекеттері биылғы жылы да пәрменді жүргізілуде. 2019 жылы облыс аумағында барлық қаржы көздерінің есебінен 420 мың шаршы метр тұрғын үй көлемін тапсыру жоспарланып отыр. Жалға берілетін баспана құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Бұл – 11 тұрғын үй нысаны немесе үй кезегінде тұрғандарға берілетін 520 пәтер. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен бөлінген 1.5 млрд. теңге қаржыға екінші деңгейлі нарықтан облыс бойынша жалға берілетін 204 пәтер сатып алу көзделген. Бұлардың бәрінің атқарылу жайы талапқа сай ретке келтірілгенін де айта кеткен жөн.
Жоғарыдағы мәселе бойынша облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Базарбаев қосалқы негізде хабарлама жасады.
Сессия жұмысы барысында облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы мәселе де қаралып, тиісті шешім қабылданды. Аталған сауал бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Жанат Ысқақов хабарлама жасады.
Халық қалаулылары облыстық экономика басқармасының басшысы Ораз Тәуірбековтің ұсынуы негізінде жергілікті мемлекеттікжекешелік әріптестік жобалары тізбегіне қосымша жобалар енгізу мәселесін де талқыға салды. Соның нәтижесінде «Қарағанды облысы мемлекеттік медицина ұйымдарының локальды желілерін дамыту», «Қарағанды облысы ауылдарындағы денсаулық сақтау нысандарында мәліметтерді беруде интернет желісіне қол жеткізу үшін спутниктік арналарды ұйымдастыру» және «Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы 11 «а» шағын ауданында емхана құрылысын салу мен одан әрі пайдалану» секілді медицина саласындағы үш жаңа жоба аталған тізбекті ұлғайта түсетін болды. Бұл жобалар жеке қаржыны мемлекет пен халық мүддесі жолындағы игі іске бағыттау ұстанымы аясында өмірге келгені бесенеден белгілі. Олар бойынша қажетті сараптама жұмыстары мен тиісті тұжырымдар дер кезінде жасалған.
Депутаттарға «Бірлескен Қарағанды облысы әкімдігінің 2013 жылғы 12 наурыздағы №14/05 қаулысы мен Қарағанды облыстық мәслихатының 2013 жылғы 28 наурыздағы №141 «Қарағанды облысындағы жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жайы хақында облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Михаил Воробьев баяндап берді.
Күн тәртібіндегі сауалдар тізбегі «Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау туралы» Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Аян Әбдікәрімовтің хабарламасымен жалғасын тапты. Соған орай, облыстық мәслихаттың депутаттары тексеру комиссиясының мүшелігіне Айдос Садықовтың кандидатурасын бекіту туралы ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Сессияда қаралған барлық мәселелерге қатысты жан-жақты талқыланып, тиісінше тұжырымдалған шешімдер қабылданды.
Одан кейін облыстық мәслихаттың алдағы XXVII сессиясын ұйымдастырып, өткізуге қатысты ұйымдық сауалдар қарастырылып, тиісті шешімдер шығарылды.
Мандат иелерінің алқалы жиыны облыс әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қошановтың түйін сөзімен тиянақталды. Ерлан Жақанұлы сөз басында жуырда ғана өткен маңызы зор саяси науқан – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын ұйымдастырып, өткізуде ынтымақ пен өзара түсіністіктің, азаматтық ұстанымның ерен үлгісін танытқаны үшін облыстық мәслихаттың депутаттар корпусына шынайы ризашылығын білдірді.
– Жақында ғана елімізде маңызды әрі аса қажетті саяси оқиға орын алды. Сіздер соның аясында бірлесе әрекет етудің тағылымды жолын ұстана білетіндеріңізді тағы бір мәрте айғақтадыңыздар. Мемлекет басшысы өзінің ұлықтау рәсіміндегі сөзінде алдағы атқарылар он нақты міндетті белгілеп берді. Енді сайлауалды бағдарламаны іс жүзіне кідіріссіз асыруға білек сыбана кірісуге тиіспіз. Оның аясы өте кең. Бұл істерді Сіздермен тізе қоса отырып, мерейлі межесіне жеткізе алатынымызға сенімім мол, – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ