Тұлпар тұяғымен жазылған тарих

Облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын насихаттау аясында, әрі Жезқазғанның 65 жылдық мерейтойына орай Жезқазған тарихи-археологиялық музейі өткізген «Ұлы дала мұрасы» атты халықаралық музейлер фестивалі осындай ойға жетеледі.  Туған топырақты «білектің күші, найзаның ұшымен» қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат еткен ата-баба кезінде адам аяғы жетер біраз жерге барып, ел тарихын тұлпардың тұяғымен жазып кеткендей күй кештім.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауды, қазақтың тарихын зерттеу мен тереңдете танытуды, тарих қатпарының тасасында қалған сәтті тірілтуді, Ұлы даланың дара мәдениеті мен бірегей болмысын бойына сіңірген ата-баба дәстүрін жаңғыртуды, отандық және шетелдік музей мен архив арасындағы байланысты нығайтуды алдына мақсат етіп қойған үш күндік ауқымды шараға республикадан 18 музей, сондай-ақ, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Моңғолиядан сала өкілдері қатысты. Фестивальдің ашылу салтанатына жиналған жамиғатты, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев, облыстық мәслихат депутаты, ҚХА жанындағы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекзат Алтынбеков, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова қызу құттықтап, сәттілік тіледі.

Қорды құнды және сирек кездесетін жәдігермен толықтыру мақсатында Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жылда «Тарихта атыңды қалдыр» атты акция өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл жылдың өткен мерзімінің өзінде қордағы 50 мыңдай жәдігердің қатарына жаңадан үш жүздейі қосылды. Осы игілікті істе белсенділік танытқан Айып Байқасынов, Майра Сауырбаева, Мейрам Қалменов, Ғайни Мизамбаева, Сәбира Әбдікәрімова, Төрехан Сәдуақасов, Зейнеп Алшынбаева және Тамара Ширинаға музей басшылығының Алғыс хаты салтанатты жағдайда тапсырылып, сый-сияпат жасалды.

Музей алаңында ұйымдастырылған «Хас шеберлер шеруі» көрермен көңілінен шықты. ҚР Қарулы күштері әскери-тарихи музейінің қызметкерлері Руслан Әшімов –көп құрамды садақ, Таңат Әлібаев зергерлік бұйым жасау әдісін алға тартты. Жезқазғандық Ерғазы Исатаев – ер-тұрман әбзелдерін, Павел Меренков – қыш-құмыра бұйымын, Қаршыға Алданова – сазсырнай жасау, ұлытаулық қолөнер шеберлері Бақыткүл Баймағанбетова мен Гүлден Әйтенова – ши мен басқұр тоқу, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері Шүкір Молдағалиева, Тентек Жақыпова, Шынар Қажмағанбетова диірмен тарту, келі түю, құрт жаю тәжірибесімен бөлісті. Жезді кентінен келген М.Төрекелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі қызметкерлері көрсеткен ежелгі кен балқыту әдісі мен ұстахана кәсібін қызықтаушылар қарасы қалың болды.

 Фестиваль барысында «Ұлы дала мұрасы» экспозициясы және «Ұлы дала жауһарлары» көрмесі ашылды. Көрмеге музейлер мен архивтерден әкелінген 60-тан астам жәдігер қойылыпты. Экспозициядан бұдан жарты ғасыр бұрын Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы қорғаннан табылған «Алтын адамның» көшірмесін көрдік. Көшірменің авторы Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері Кешубай Байділдинов, киімін дайындаған суретші-безендірушісі Сәбира Өткелбаева екен.

Музейдің мәжіліс залында шетелдік қонақтар: Анкара университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Айша Илхан (Түркия), Астрахань музей-қорығы филиалының меңгерушісі Елизавета Казакова (Ресей), Баян-Өлгей аймағындағы әлеуметтік саясат бөлімінің бастығы Бекжан Қазбекұлы (Моңғолия), «Узархив» агенттігінің бас маманы Нилюфар Анаркулова мен Бұхар облысы Пешкун ауданы мемлекеттік архивінің директоры Эльмурод Имомов (Өзбекстан), Қытай бірінші тарихи архиві ақпараттық-анықтамалық бөлімінің басшысы Чжан Сяожуй мен жаңалықтар мұрағаты агенттігі редакция бөлімі директорының орынбасары Ян Тайан (ҚХР), сонымен қатар, қазақстандық сала мамандары қатысқан баспасөз конференциясы болды.

Бұл басқосу соңында Жезқазған тарихи-археологиялық музейі мен Анкара университеті және Астрахань музей-қорығы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Қаланың мәдени өміріндегі елеулі оқиға «Көне дәуір куәгерлері» атты құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлердің тұсаукесеріне жалғасты. Онда отандық және шетелдік музей мен архив қызметкерлері фестивальге ала келген жәдігерлерін таныстырды. Әсіресе, қытайлық қонақтардың қолындағы екі ел арасындағы жібек саудасына қатысты XVIII ғасырдағы, Моңғолиядағы қандастарымыз әкелген қазақ диаспорасының ол жақта бастапқы кезде қалай қоныстанғанын баяндайтын, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Өзбекстанға қоныс аударған қазақтар өмірінен сыр шертетін құжаттар мен суреттердің көшірмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қазақ тарихына қатысты бұл құнды құжаттар бұдан былай Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорында сақталады.

С.Сейфуллин атындағы кітапхананың үлкен залында музей қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг  ұйымдастырылды. Онда түркиялық профессор Айша Илхан, Алматы туристік ақпараттық-әдістемелік орталығының сарапшысы Бақыт Оразымбетова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты, профессор Тәттігүл Кәртаева, ұлттық «Арман-тур» тур-операторының, гид-аудармашы, экскурсовод мектебінің басшысы, ұлттық бапкер, ҚР туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері Салтанат Әбжанова «Музей қызметінің жаһандық жаңаруы – заман талабы» деген тақырыпта ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Соңынан семинар-тренингке қатысқандарға сертификат тапсырылды.

Фестивальге қатысушылар Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі қасиетті жерлерге саяхат жасады.

Әлібек ӘБДІРАШ