Жезқазған

Тәлімі терең кездесу

   Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде өткен «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы» іс-шарасы мазмұн сипатының жан-жақтылығы және тәлімдік мәнінің тереңдігімен ерекшеленді.

Басқосудағы өзінің ыстық лебізінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева осы жайтқа айрықша назар аударды.

Биыл құрылғанына 25 жыл толған «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мүшелерінің ілкімді іс-шараға қатысушылар қатарында болуы оның ажарын айшықты ете түсті. Ел Тәуелсіздігімен құрдас ұжымның жетістіктері туралы өнер ұжымының жетекшісі Шүкір Молдағалиева тартымды әңгімеледі. Кездесудің келісті өтуіне №8 гимназия директоры Сара Әбдікерова мен аталған білім ошағының 10-11 сынып оқушылары толымды үлес қосты. Тәуелсіздік туы желбіреген 1991 жылы дүние есігін ашқан №10 орта мектеп ұстазы Жансая Сүлейменова мен музейдің ғылыми қызметкері Светлана Сефербегованың жүрекжарды сөздері де ел көңілінде әдемі әсер қалдырды.

Біршама халықаралық, республикалық, облыстық өнер байқауларының лауреаты, жас талант Райымбек Арыстанов тамылжыта ән салып, қатысушылар назарына Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай, музей жанындағы “Аманат” театр-студиясы дайындаған «Шайқас алдындағы түн» атты сахналық қойылымның үзіндісі ұсынылды.

Жуырда «Ең үздік музей» республикалық байқауы ұйымдастырылып, «Үздік мемлекеттік музей (аудандық, қалалық дәрежедегі)» номинациясын Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жеңіп алған болатын. Соған орай, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева музей директоры, қоғам қайраткері, танымал қаламгер Зинаида Чумаковаға Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан белгіленген жеңімпазға тиесілі дипломды және музей директорының орынбасары Раушан Қапароваға байқауға белсене қатысқаны үшін Ұлттық музейдің Алғыс хатын табыс етті. Мекеме басшысы өз кезегінде, қала мәдениетінің дамуына қосқан үлесі, қазақстандық патриотизмді белсенді насихаттағаны үшін Райымбек Арыстановты Құрмет грамотасымен марапаттады.

Іс-шараға қатысушылар «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы» атты көрмені және “Жезқазған – ғарыш айлағы” залындағы жәдігерлерді тамашалады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретті түсірген: Ш.ӘУЕЛОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button