Жаңалықтар

Тәлімі мол кездесу

Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектепинтернатында қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің апталығы аясында «Невада-Семей» полигонының жабылуына 30 жыл толуына арналған кездесу өтті. Оқушылар қозғалыстың белсенді мүшесі әрі танымал суретші, жерлесіміз Кәріпбек КҮЙІКОВПЕН әңгіме өрбітті.

Танымдық мәні зор кездесуде 10-11-сынып оқушыларын қонақтың балалық шағы, өскен ортасы, Мәскеуде білім алуы, суретшілік өнері және қозғалыс белсендісі ретіндегі қызметі жөніндегі әңгімелері қызықтырды. Оқушылар суретшіге көкейдегі сұрақтарын қойып, ақыл-кеңесіне құлақ түрді. Кәріпбек ағаның ата-анасы, әсіресе әкесі туралы естеліктері, білім алу жолындағы қажырлылығы мен табандылығы оқушыларға ой салды. «Сурет салуды қалай үйрендіңіз?» деген сұраққа суретші ойланбастан: «Маған басқа балалардың қолынан келетін істері қызық болатын. Мен кесте де тіктім, доп та ойнадым, қысқасы, мен балалардан қалмауға тырыстым» – деді.

Мектептің 10-сынып оқушысы Сабина Ағдарбек суретшінің өз суреттерін сатылымға қойып, жиналған қаражатын полигоннан зардап шеккен науқастарға дәрі-дәрмек алып беруге жұмсағанын, көмек қолын созуынан оның жүрегі мейірімге толы жан екенін бұрыннан білетінін тілге тиек етті.

Кәріпбек аға оқушылармен әңгіме барысында Олжас Сүлейменовпен кездесуін, полигонды жабарда қаланың әрбір аула, үйлерді аралап, қолдау сұраған шақтарын айтып берді. Сондай-ақ, ядролық сынақтарды тоқтату туралы Жарлыққа Тұңғыш Президент қол қойғанын естіген қуанышты сәтін қобалжып еске алды.

Кеш соңында оқушылар О.Сүлейменовтің өлеңдерін оқыды. Мектеп директоры Нұрғазы Утебаев «Ағалар еңбегінің арқасында полигон жабылмағанда бүгінгі ұрпақтың жағдайы не боларын ойлаудың өзі қорқынышты» – деп атап өтті.

Ұстаздар Айманкүл Мусина, Бақыт Аханова және кітапханашы Нескен Абзалбековнаның ұйымдастыруымен өткен әсерлі кездесу оқушылар жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Нұрбақыт ЖАНСЕЙІТОВА,

«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.

Басқа материалдар

Back to top button