Жаңалықтар

Тәлімгер қашанғы таланбақ?

    Жуырда №101 мектеп-лицейінде Тәлімгерлер күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Дидар СМАҒҰЛОВТЫҢ қатысуымен кездесу өтті.

Ойымызды ортаға салмас бұрын оқырманға алдымен тәлімгер мамандығы туралы айта кеткен жөн болар. Сонымен, тәлімгер деген кім? Қазақта «Тәлімі жақсының – тәлімгері жақсы» дейтін сөз бар. Тәлімгер – қиялы ұшқыр, тың ойлар айта білетін тапқыр, тәрбиеге қатысты жұмыс түрлерін дер кезінде ұйымдастырушы, балалардың оңы мен солына дұрыс бағыт сілтеп, жақсы мен жаманды саралап тәлім-тәрбие берер тәрбиеші. Дегенмен, бұл мамандық иелері тәлім беруден бөлек, қызмет бабында да түрлі түсініспеушіліктер мен жемқорлықтың құрбаны болуда.

«Ауруын жасырған – аңдамай өледі». Жасырмай, ашығын айтуды қолға алып, бұл шараны ұйымдастырған да «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Майра Абдрахманова екен.

Жасырып қайтеміз, толмай қалған стадионды да, келмей қалған көрерменнің орнын да толтыратын – осы сала мамандары. Жуастығын пайдаланып, жүндей түтуге құштар бәрі. Мейлі. Бұған да көнейік. Ендігі бір жайт – мектеп қабырғасына ілінуі тиіс түрлі буклеттер, плакаттар, одан қала берді мемлекеттік рәміздер де солардың есебінен орналастырылып жатқан көрінеді. Жиналған көпшілік соны айтып қынжылуда. Қызды-қыздымен көптеген заңсыздықтың шымылдығы шешілді. Тіпті, біліктілікті жоғарылату курстары мен семинарлардың өзі ақылы түрде өтетін көрінеді. Тәлімгердің семинарға қатысқаны туралы сертификаттар да ұсынылмайды екен. Жағамызды ұстадық. Себебі, заң бойынша бұл қызметтердің барлығы тегін, тиісінше, тәлімгердің қалтасынан бір тиын қаражат жұмсалмауы керек екен. Тағы бір айтары, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес, қызметкер аптасына 40 сағат еңбек етуге құқылы. Бұдан асқан, немесе демалыс, мереке күндері жұмыс жасаған болса, үстемақы төленуі тиіс. Бұл туралы облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторы Тілеген Құлымбетов мәлімдеді. Ал, тәлімгерлер күніне сегіз сағаттан, аптасына алты күн жұмыс жасайтын болып шықты. Яғни, Еңбек кодексіндегі 40 сағат жұмысты тәлімгерлер 48 сағат етіп орындап жүр деген сөз. Тіпті, қай жұмыс орны болмасын, ауқаттануға түс мезгілінде 1 сағат уақыт берілмей ме? Тәлімгерлер бұл құқығынан да айырылған. Айта берсек мұндай олқылықтар жетіп артылады. Сөйте жүріп, баламыздың тәрбиелі болуын талап етеміз.

Дидар Смағұлов тәлімгерлер наразылығын тыңдай келе, заңсыздықпен ұшырасқан жағдайда бірден департаментке шағым білдіру керек екендігін баса айтты. Ең бастысы – жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру қажеттігін жеткізді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button