Жаңаарқа

Түлектердің тартуы

Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасалған игі іс бұл. Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылының мектеп бітіруші түлектері білім ордасына не ауылға қомақты сый жасауды үрдіске айналдырған. Былтырғы жылы ауылды қақ жарып ағып, көктем мезгілінде өткел бермейтін төребұтақ өзеніне көпір салынса, таяуда мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер ауыл жастарына шағын футбол алаңын тарту етіп, елдің алғысына бөленді.

Аталған шараның тұсаукесер рәсіміне Жаңаарқа аудандық мәслихатының хатшысы Қуат Имантүсіпов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алдаберген Қарабаев арнайы келіп, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында іргесі қаланған кіші футбол алаңы құтты болсын! Ауданымыздағы спорттың дамуында Ералиев ауылы жастарының рөлі айрықша екенін айта кеткен жөн.

Міне, жастардың қажетіне жарайтын бұл ойын алаңының салынуы – соның көрінісі. Алдағы уақытта, ауданымыздың атынан ойын алаңының жабындысын сыйға тартпақпыз, – деді Алдаберген Қарабаев.

Кіші футбол алаңын салуға 2 миллион қаражат жұмсалған екен. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, түлектердің бұл тартуы қыста да ауыл балаларының қажетіне жарамақшы. Яғни, алаңға мұз қатырып, коньки тебуге мүмкіндік туғызбақ. Алаң толық жарықтандырылған. Жақын арада жанынан құдық қазуды көздеп отыр түлектер.

  • Жастарымыздың спортпен шұғылдануына аз да болса септігіміз тисін деген ниетпен игі істі жүзеге асырдық. Спорт – денсаулық кепілі. Жастардың талабын көріп, іштей разы боламыз. Күрес залының құрылыс жұмыстарын жандандырып, ішіне керек құрал-жабдықтарын түгендеуде. Ішіндегі бозкілем де – мектеп түлектерінің сыйы. Сол себепті, ақылдаса келе кіші футбол алаңын салуды ұйғардық. Игі бастамаға қолдау танытқан ауыл әкімі Ербол Мәмбетовке, құрдастарыма шексіз алғысымды білдіремін, – деді түлектер атынан сөз алған Алтынбек Нағашбеков.

Расымен, жастардың жағдайын жасап отырған ауыл азаматтарына сүйсінесің. Ауыл жастарының талабы да – зор. Спорттың әр саласынан аймақтық, облыстық додаларда топ жарып жүр. Енді, шағын футбол алаңынан доп додасының үлкен дарабоздары шығады деген ниеттеміз!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button