Бас тақырып

Түлектер кеші: мектептен мейрамхана қастерлі ме?

Соңғы қоңыраудың соғылуына да көп уақыт қалған жоқ. Әне-міне дегенше сәуір де сөреден ұзап, мамыр да мәреге жақындап қалар. Жасыратын несі бар, баласы білім іздеп бас қатырған тұста анасы тойхана іздеп табан тоздырған сәт те осы осы кезеңге дөп келеді. Сонда дейміз-ау, асыра сілтеп той жасамай-ақ, мектеп қабырғасында-ақ шарапатты шара ұйымдастыруға болмас па еді? Ойланарлық жайт.


Байқап отырсақ, мектеп қабырғасында қоштасудан көп дүние жоқ. Бұрын да алғашқы сыныпты аяқтағандар «Әліппемен» қоштасып жататын еді. Ерлан Сағадиев Білім министрі лауазымын атқарып тұрған тұста бұл мәселені өзінше шешіп, отандық оқушылар «Әліппені» енді қайтып көрместей біржола қоштасты. Сонда да болсын 1-сыныпты бітіргендер ертеңгілігі әлі күнге дейін атап өтіліп келеді. Ондағы оқушылардың күні кеше ғана балабақшамен қоштасу ертеңгілігінде тақпақ айтып келгенін қалай айтпай кетейік?
Қош…
Алғашқы сыныпты аяқтай беріп болғанда араға үш жыл салып, бастауыш сыныппен де қоштасар кез келеді. Ат шаптырылмаса да, бұл оқиға атаусыз қалсын ба? Қайткен күннің өзінде шағын да болсын дастарқан жайылады. Осымен тәмамдалды дерсіз. Жоқ. Үш мәрте қоштасып үлгерген оқушылар енді «соңғы қоңырауда» қоштаса ма деп едік, оның алдында 9-сыныпты тәмамдау қоштасуы бар екен. Нақ осы кезде колледжге асыққаны колледжге ауысып, барғысы келмегендер мектеп қабырғасында қалады. Ол да болсын бір қоштасу.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, мемлекеттік грантқа менің де қолым жетер ме екен деген оқушы арманы түн ұйқысын төрт бөліп, қағаз кеміртіп қойған кезең ғой. Қысқы, көктемгі аралық тестілеулерге қатысқанымен, сынаққа еті өліп үлгергендер шамалы. Қайтсе де қобалжу, жүрексіну бар. Осы тұста, «ананың ойы балада, баланың ойы далада» демекші, баласы білім іздеп бас қатырып отырғанда ата-анасы мектеппен қоштасу кешіне шабылып әлекке түседі. Дастарқан мәзірі мен әнші-асаба, оператор қызметінен бөлек, ұл өсірсе кәстөмінің, қыз өсірсе сәнді көйлегінің шығыны тағы шыға келеді. Ол аз десеңіз, ұзындығы есік пен төрдей лимузин көлігін жалға алып, баласының мектеппен қоштасқанын мейлінше есте қаларлықтай етуге тырысатын ата-аналар да аз кездеспейді. Мектеп бітіріп емес, құдды бір докторлық диссертация қорғап болды ма дерсің. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында елдің бас мұғалімі де пікір білдірген еді.
Күләш ШӘМШИДИНОВА, Білім және ғылым министрі:
– Негізі, бұл мәселе жыл сайын көтеріліп тұрады. Бірақ, бұрыннан бері келе жатқан жақсы бір дәстүр бар. Ол – түлектердің кешін мектепте өткізу. Ондайда мұғалім мен оқушы арасында салиқалы әңгімелер айтылады, түлектердің өзара қарым-қатынасы да басқаша жүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері кім және қайда өткізеді, кәдімгідей бәсеке болып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің атааналарымыз солай өткізді. Біз де мектепте өткіздік. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады. Кез келген шарада мектеп ұжымы да, ата-аналар да балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет. Сол себепті, біз ондай кештер тек мектептің территориясында ғана өтуі керек деп санаймыз. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші ол үшін жасалмайды. Өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі керек. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет.
Асыра сілтеуге келгенде алдымызға жан салмаймыз-ау. Әрине, біреудің қалтасын ақтарып, қаражатын санап не көрінді дерсіз. Балаға шашқаның – далаға шашқаның емес дейтіндер де табылар. Десе де, бір сыныпта байдың да, жарлының да баласы тәлім алатынын ұмытпауымыз қажет. Осы тұста біз маман пікіріне де құлақ түруді жөн көріп, бала тәрбиесінің басы-қасында жүрген қарағандылық ұстазды әңгімеге тартқан болатынбыз.
Жандос МЫҚТЫБЕК, Қарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Министрдің пікірін мен де қолдаймын. Расымен де, біз мектеппен қоштасу салтанатының шынайы мәнін ұмытып барамыз. Ұстаз бен шәкірт арасындағы салиқалы әңгіме келмеске кетіп бара жатқандай көрінеді. Оның үстіне, «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, тұрмыс жағдайы жақсы һәм нашар ата-аналардың балалары да бір сынып қабырғасында тәлім алып жатады. Баласының көптен қалғанын кім қаласын? Тапқан-таянғанын ұрпағына шашады. Сондықтан, мектеп қабырғасында өткені өте орынды.
Ұстаздар пайымы парасат патшылығындай көрінгенімен, таяқтың екі ұшы барын да ұмытпау қажет. Екінші ұшы – түлек пікірі. Әрине, он екі жыл мектеп табалдырығын тоздырған шәкірттер де таңдау жасауға құқылы. Әрі-беріден соң, мектеппен қоштасу кеші – ұстаз бен ата-анадан бұрын, ең алдымен оқушы өмірінде өшпес із қалдыратын салтанатты сәт. Әсем кәстөм, сұлу көйлек киіп, сәнді дастарқан басында бас қосқанның не айыбы бар?! Бас бұзып, көз шығарып жатқан дода емес, толқыныс пен ішкі тебіренісі басым аяулы шақ емес пе еді?
Аида САТЫЛҒАНОВА, №102 мектепгимназияның 11-сынып оқушысы:
– Жер бетінде қанша адам болса, пікір де сонша болмақ. Бірақ, өз басым мектеп қабырғасында өкізуге де, болмаса, мейрамханада атап өтуге де қарсы емеспін. Білетінім, бірнеше жылдан бері түлектер ата-ана, ұстаздарымен бірге мектеппен қоштасу кешін мейрамханада атап өтуге дағдыланған. Ол дәстүр әзірге бұзыла қоймас. Алайда, мейрамхананы мектеп шаңырағынан артық көрмеймін. Білім ошағынан жеріген жерім жоқ.
Мектеппен қоштасу кешінен кейін, ертесінде түлектер арасында күннің алғашқы шапағын тамашалау дәстүрі бар. Үлкен өмір басталғанының алғашқы белгісі іспеттес. Әркім әрқилы жориды, сан түрлі армантілек сабақтайды. Кімнің көкейінде нендей арман ұялағанын кім білсін. Осындайда, дана халқымыздың «баталы ұл – арымас» дегені ойға оралады екен. Білім ошағымен қоштасу кешін сол білім ошағы қабырғасында өткізіп, ұстазының ақ батасын алса, салиқалы әңгімесіне құлақ түрсе дейміз. Ол күн де алыс емес болар…

Басқа материалдар

Back to top button