Жаңалықтар

Тұлғаның тектік қоры ашылды

Енді белгілі ғалым, ауыл шаруашылығының үздік ұйымдастырушысы, Мыңжасар ӘДЕКЕНОВТІҢ ғұмырлық ғибраты – өмірбаяны, ордендері, медальдары, грамоталары, дипломдары мен фотосуреттері, замандастарының ол туралы жарияланымдары мен естеліктері, ғылыми еңбектері және басқа да құжаттары Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатында сақталады.

Облыстық мемлекеттік архивте өткен Мыңжасар Әдекеновтің жеке қорының тұсаукесеріне мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов, Семейден арнайы келген қоғам қайраткері, жазушы Медеу Сәрсеке, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Төлеухан Садықұлов, Нұра ауданындағы “Отқанжар” шаруашылығының директоры Қанат Отарбаев және М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің директоры Саят Оспанов қатысты.

Шара басталар тұста «Жарқын бейне» деректі фильмі көрсетіліп, бас кейіпкердің өмірі мен қызметіне арналған «Ғибратқа толы ғұмыр» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Қонақтар ақжарма тілектерін айтып, Мыңжасар Әдекенұлының ауыл шаруашылығы саласындағы ерен еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.

Танымал тұлға мал шаруашылығы саласының да асқан білгірі. Еңбек жолын Қарағанды облысы, Қу ауданының Қоянды машина-трактор станциясында зоотехник лауазымынан бастады, кейін аудандық ауылшаруашылық инспекциясының бастығы болды. Мейлінше кемелденген кезінде Қарқаралы ауданының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына үлкен үлес қосты. Оның ұйытқы болуымен мал қыстауларын электрлендіру, шалғай ауылдарға жол салу, шаруашылықты дамыту үшін тұрақты жем-шөп қорын құру, тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі үлкен жұмыстар жүргізілді.

Ол 1970 жылдан бастап, Шет ауданының ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Өндірістік қызметін ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар өрбітті. Қарқаралы зооветеринарлық техникумында дәріс оқыды және емтихан комиссиясының төрағасы болды. Облыстың ауыл шаруашылығына басшылық еткен жылдары Мыңжасар Әдекенұлы етті-майлы қой шаруашылығын дамытуға, осы бағыттағы шаруашылықтарды мамандандыруға, мал шаруашылығы кешендерін және асыл тұқымды мал зауыттарын құруға ерекше назар аударды. Ол қызмет атқарған жылдары өңірдегі қой шаруашылығының даму көрсеткіштері күрт көтерілді.

Мыңжасар Әдекенов Нұра ауданының шаруашылықтарында Қарғалы үлгісіндегі қойдың жаңа тұқымын шығару бойынша селекциялық жұмыстарға қатысып, жетекшілік етті. Ол – жеңіл өнеркәсіп үшін өте тапшы, ақ және ашық сұр түсті жартылай кілемдік ұяң жүнді қазақы құйрықты қойдың алғашқы отандық тұқымының авторы.

– Елбасы «Рухани жанғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында еліміздің ұлы тұлғаларын насихаттап, олардың адал еңбектерін, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ұрпаққа үлгі етіп, жастарға рухани, патриоттық тәрбие берудің маңызы зор екенін айтқан еді. Біздің архивте 1700 қор, 700 мыңнан астам құжаттар, оның ішінде 100-ден астам тұлғаның жеке тектік қорлары жиналған. Бүгін ҚР Ұлттық архив қорына туған-туыстары Мынжасар Әдекеновтің 100-ден астам жеке құжаттарын мәнгілік сақтауға тапсырды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің директоры Жаңагүл Тұрсынова.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button