Жезқазған

Түйткілді мәселелердің түйіні тарқайды

Биыл жезқазғандықтар үшін айшықты жыл болмақ. Қала мектептері заманға сай сыныптармен жабдықталып, үш ауысым жойылады және бейне бақылау камералары орнатылады. Сондай-ақ, тұрғындарды баспанамен, жылумен және ауыз сумен қамту мәселесі оң шешімін табады. Бұл туралы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат БЕГІМОВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі

2019 жылы білім беру мекемелері мен ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 970 млн. теңге бөлінген. Ал, биыл 11 модификациялы кабинет сатып алу үшін тағы 99 млн.теңге қарастырылыпты. Осының нәтижесінде, қала мектептері толықтай заманға сай  сыныптармен жабдықталды. Сонымен қатар, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептерге, балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарына бейне бақылау жүйесі орнатылды. Ендігі мәселе – үш ауысымдық оқытуды жою. Қазір қалада 900 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жаңа мектеп қыркүйек айында ашылуы тиіс.

– Былтыр 11 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Биыл 8 мектеп пен 8 балабақша жөнделеді. Теректі ауылындағы апатты жағдайда деп танылған №6 мектептің орнына 80 орындық жаңа мектеп салуды жоспарлап отырмыз, – деді Қайрат Баяндыұлы.

Былтыр қалада 18 және 30 пәтерлі екі үй салынып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Алашахан және Деев көшелерінде жалпы ауданы 6,6 мың шаршы метр болатын екі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша олар алғашқы жарты жылдықта тұрғындарға табысталуы тиіс. Осының нәтижесінде 252 отбасы баспаналы болады.

Бұдан бөлек, жылумен және сапалы ауыз сумен қамту мәселесін шешу бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

 – Былтыр қаладағы магистралды жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстары басталды. 2021 жылға дейін 17,2 шақырым желі жаңартылады. Бұл 579 көпқабатты тұрғын үй мен 55 нысанға жылу беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Қаладағы ең өзекті мәселенің бірі – ауыз сумен қамту. Судың 60%-ы Кеңгір су қоймасынан, ал 40%-ы «Үйтас-Айыртас» су жолынан алынады. Бүгінде «Үйтас-Айыртас» магистралінің 44 шақырымы әбден ескірген. Осыған байланысты, «Қазақмыс» корпорациясы Кеңгір су қоймасынан қосалқы су желісін тарту жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстар биыл мамыр айына дейін аяқталуы тиіс, – деді қала әкімі.

Қала ішілік су желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Нәтижесінде 196 шақырым желі жөнделеді. Бұл қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға оң ықпалын тигізері анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button