Жаңалықтар
Тәңірсый
(Тоқтар Әубәкіровке)
Күлтегіннің Азбан Ағын ұшырып,
Елтерістің боз қанаты құс іліп,
Көкке самғап бара жатты Баһадүр,
Көк Түркінің көк сүңгісін ұсынып!
.
Қыраннан да биік ұшты жоғары,
Туған Жерін сүйіп ұшты.
Сол – Ары!
Ауызында Ұлы Абайдың сол әні,
(Туған Жердің қасиетін әлі ешкім,
Сендей ұққан жоқ әлі!)
.
Сен ұшқанда құс қанаты сөгілер,
Сен – ителгі, тепкен қазын дөп ілер,
Сен – қаршыға, қанағатсыз көп ілер,
Сен Ғаршыға ұшқан кезде көкшулан,
Көкке қарап неге ұлыды бөрілер?!
.
Сен алыстан Тоғжаныма тіл қаттың,
Сен ғарышқа жүрек үнін тыңдаттың!
Сардар аға! Алтын Күнге тура ақтың,
Тоқтар аға! Күміс Айға ту қақтың!
.
Сеңкібайдың сауытына сыймаған,
Көздеген жау дәл атуға қимаған,
Күн түбіне жортып кетті Баһадүр,
Ай түбіне жортып айыл жимаған!
.
Алаш рухын арқала аға!
Көк тер боп,
Алаш туын арқала аға!
(Көкпар көп…)
Көк бөрілер ұлыған Көк Тәңірге,
Көк Түркілер бара жатыр Тоқтар боп!
Мирас АСАН.