Түгіскенді түлеткен

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлт тарихының көмескі тұстарын қаныққа айналдырып, ғасырлар қойнауынан сыр шертер аңыз желісін ақиқатқа жақындату мүмкіндігі туды.

 

Биыл – Жаңаарқа ауданының құрылғанына 90 жыл. Арқа атырабындағы осы бір жазиралы мекен тарихындағы тағдырлы кезең де, сұңқар Сәкен бастаған ұлы тұлғалары да дәріптеліп, туған жер шежіресінде һәм ел жадында қайта бір жаңғыратын жыл. Рас, қызыл империяның қанды шеңгеліне күштеп ұжымдастыру науқанының бастау алып, әкімшілік-аумақтық реформа негізінде жіктелген шаруашылықтардың құрылғанын несіне мерейтойға айналдырамыз деген де пікір айтылып жүр. Әрине, бұл пікірдің де жаны бар. Десек те, сол дәуірде атқа мініп, сол төңіректегі халықтың тұрмыс-тіршілігін тұғырландыру жолында еңбек еткен тұлғалардың жазығы не? Тіпті, олардың жанкешті еңбегін тарихтан өшіріп тастауға қандай қақымыз бар? Осы тұрғыдан алғанда, ардақталуға лайықты есімдер ардақталып, кешеден бүгінге тарих болып жеткен шерлі шежіреміздің әр парағы парасат тұрғысынан парықталуы керек деп ойлаймын.

Менің бүгінгі кейіпкерім Мұхаметжан Сейітмағанбетов – ұрпақ құрметіне лайықты жанның бірі. Жаңаарқа төңірегіндегі жамағат Мұхаметжанды білмеуі мүмкін. Өйткені, бұл кісінің елге танымал есімі – Жетімек. Мұхаңа бұл есімнің өзін ел емес, тағдыры берген. Әкесі дүние салғанда ана құрсағында қалған ұлдың сойы осылай аталып кетті.

Өз басым Жетекеңнің көзін көрген жоқпын. Ұрпақтарымен дос-жар болып, сырбаз сыйластықта жүрміз. Текті әулет. Сөз ұстаған, істің қыбын тапқан. Өрелі һәм өнерлі. Шындығымды айтайын, Жетімек ақсақалдың бейнесін мен кейінгі ұрпақтарының бойындағы парасат пен тектілік арқылы жасап алғанмын. Әрине, ел аузында да Жетекең туралы әңгіме көп.

Ел айтады… Жетекең аса қатал, талапшыл бола қоймаған. Бірақ, өз ортасында барынша ықпалды болған. Мәселен, Жаңаарқада «жауғызамыз, Жетеке» деген әңгіме бар. Жетімек Сейітмағанбетұлы – колхоз төрағасы. Бір жылы қуаңшылық болып, шаруашылықтан күй қашқалы тұр. Шаруашылық фермаларын аралап жүрген басқарма Жетекеңнің назары күннің көзін көмкере жапқан қою бұлтқа ауып:

– Апыр-ай, мына бұлттың қоюын қара. Жел қуып, жаумай кетер ме екен, – депті. Сонда қасындағы серіктестері ұлардай шулап:

– Жауғызамыз, Жетеке! – деген екен. Бұл жерде қазіргідей басшының жеке басына табынушылық емес, Жетекеңнің аңсары ауған тілектің орындалуын қалаған пейіл тұр еді. Өйткені, ел Жетімек басқарманың көңіліне қаяу түскенін, жанарын кіреуке шалғанын қаламайтын.

Жетекең әкеден жетім қалғанымен, атадан жалғыз емес еді. «Сейітмағанбеттің бесеуі» атанған ағайынды бес ұлдың кежесі. Бөкен, Әлкен, Ақан, Балкен ағаларының арқасында жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Әлі күнге дейін Сейтекеңнің бесеуінен өрбіген өрен-жаранның ынтымақ-ымырасы сырт көзді сүйсіндіреді. Әр өңір, әр қалада өмір кешіп жатыр демесеңіз, ортақ қазаннан бойларына нәпақа сіңіріп, ортақ табаққа қол созып жүр. Қазан, табақ дегенде, көз алдымызға тамақ келе қалады ғой. Ал, бұл әулеттің ортақ қазан, ортақ табағы – бес әкенің татулығы мен тектілігінен бастау алатын ұлағат. Бойларына қанмен сіңіп, сүтпен дарыған тектілік – Сейтекең ұрпақтарының алтын қазығы.

Осы әулет ұрпақтары арасында Бөкеннің баласы, ҚазССР Оқу ісінің үздігі Ысқақ марқұмға шәкірт болғанымды, Балкеннің баласы Рымбайға рухани іні болғанымды, Данияр Жетімековпен дос болғанымды мақтан тұтамын өз басым.

…Жетімек (Мұхаметжан) Сейітмағанбетов 1911 жылы туған. 1926 жылы ағасы Бөкен атқа мінгестіріп, Қызылордаға оқуға апарған екен. Әуелі ескіше қара танып, одан кейін кеңестің мектебінде оқыған талапты ұлға оқу игеріп, мамандық меңгеру аса қиындық туғыза қоймайды. Тек қана тұрмыстың төмендігі қолбайлау болмаса… Тұрмыстың әлжуаздығын қараңыз, Бөкен ағасы кенже інісін Әулиеатаға (қазіргі Тараз) жеткізіп, сол жерде мініп барған атын сатады. Бауырын бухгалтерлік есеп мектебіне тіркетіп, аттың құнын қолына беріп, өзі керуеншілермен ілесіп елге қайтады.

1928 жылы Сарысу ауданы ашылды. Орталығы – қазіргі Түгіскен ауылы. Қазіргі Жамбыл облысы құрамындағы Сарысу ауданы – осы Түгіскенде, Арап қырының етегінде ұйымдасқан ауданның мұрагері. 1932 жылғы зобалаңда аудандық советтің мөрі кедей Досымбектің қолында кетіп, сол Байқадам өңіріне барып, аудан атауын өзгертпестен қоныстана салған. Міне, осы ауданның атқару кеңесінің алғашқы төрағасы болып Жетекеңнің немере ағайыны Өмірәлі Қалжанов сайланады да, Әулиеатадан бухгалтерлік оқу бітіріп келген бауырын ауаткомның хатшысы етіп қызметке алады. Ал, 1932 жылы Сарысу ауданынан қалған шаруашылықтарды (артель, мойынсерік) ірілендіріп, ұйымдастыруға Жетекең Бидәулет Өскенбеков, Бөлекбай Қосаев, Бекет Бейсенбин сынды ел азаматтарымен бірлесе кірісті. «Қара қоғалы», «Қамысмола», «Ақтасты», «Қаражартас», «Бозкөл», «Қарсыадыр» мойынсеріктерін ірілендіріп, екі артель ұйымдастырған да – осылар.

Өз қатарында сауаттылығымен көш бастап, арнаулы білім алып үлгерген Жетімек Сейітмағанбетов 1933 жылы Жаңаарқа аудандық жоспарлау бөлімінің басшысы болып тағайындалды. 1940 жылы Мәскеуге оқуға барып, мал өнімдерін дайындау бойынша арнайы курс бітіріп келді. Сол кезеңде КСРО Дайындау министрлігінің жергілікті жердегі тікелей өкілдігі саналатын дайындау мекемесінің тізгінін де ұстады. Жаңаарқа төңірегінде «Атасу», «Киров» колхоздарын басқарды. 1956 жылы туған ауылы Түгіскенге оралып, «Жеңіс» колхозына басқарма болып тағайындалды. Міне, Жетекеңнің жемісті жылдары, «жұлдызды сәті» осы сәттен басталады. Ауылдық кеңестің төрағасы елге қадірлі Жаман Қирабаев еді. Екі басшы тізе қоса жұмыс атқарып, ел еңсесін көтерді. Мақажан Момбеков, Әбілқайыр Асқаров, Жайлыбай Смақов, Мақыбас Бердалин, Дәулет Ілиясов, Бекет Бейсенбин, Көпбай Өтебаев, Төлеген Матаев, Ерденбай Жақыпов, Аманбай Қалдаяқов, Зейнолла Мақажанов, Мұқым Әбішев секілді ел ағалары сенімді серіктері болды. Аз уақыт ішінде «Жеңіс» колхозы миллионер шаруа шылыққа айналды. Мал басы артып, өнім көлемі ұлғайды. Егін салды, тоқ диірмен орнатты. Елдің аузы нанға жарып, науқастана қалғандар аудан орталығына сабылмай, Жетімек салғызған ауруханада емделе бастады. Колхоз жылқысын ерте көктемде Қарағандыға айдатып, Қарабас станциясында бие сауғызды. Қымызды Қарағанды шахталарына өткізіп, күзге дейін қыруар табыс тапты. Колхоз орталығында мәдениет үйі салынып, аты аңызға айналған Игілік Омаровтың әні әуелейтін күн де туды. Сиыр сүтін Қаражал қаласына өткізді. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін малды таңертең өргізіп, кешке қоралауды ғана білетін колхоз өндірісі әртараптанды. Бұрын қыс мезгілінде Шуға шұбыра көшіп, Бетпақдалада мал қыстатып жүрген колхоз малшылары отырықшылыққа бейімделіп, шөп маялауды үйренді. Осының барлығы – Жетімек Сейітмағанбетовтің іскерлігі мен терең білімінің арқасында мүмкін болған игілік еді.

1962 жылы колхоз таратылып, «Жеңіс» совхозы құрылды. Директоры болып Ыдырыс Жұмабеков тағайындалды. Негізі мықты шаруашылық ақыры мықты болады емес пе?! Жұмысы жүйеленіп, ырысы еселенген шаруашылықтың тасы өрге домалап сала берген. Социалистік Еңбек Ері Ыдырыс марқұмның өзі Жетекеңді ұстаз тұтты.

Бүгінде, «Жеңіс» акционерлік қоғамы болып асыл тұқымды қой өсірумен шұғылданып отырған іргелі шаруашылықтың бастауында Жетімек ақсақалдың қолтаңбасы жатыр. Ұйымдастыру ісінде Жетекең қалыптастырған дәстүр үзілмеген. «Жетекең айтты» деген әңгімемен қатар, шаруашылық ісінде «Жетекең әдісі» деген термин қатар аталады.

…Сарысу мен Сөртіні тел емген, Арап қырының етегінде түтіні түзу шыққан бір ауыл бар. Ол – Түгіскен ауылы. Жері – құмдауыт. Сусыған құмда басқан ізің қала ма, тәйірі?! Бірақ, Жетекеңдердің ізі де, ісі де көмескіленген жоқ.

Ерсін МҰСАБЕК.