Жаңалықтар

«Сыныптасы жоқ бала» немесе ауылды қалай сақтап қаламыз?

   Құрметті «Орталық»! Ақын Ілияс МҰҚАЕВТЫҢ бір өлеңі хақында ой тербеттім. Оқырманмен бөлісейін…

Ілияс, сонау бір дауылды қара күзде ауылға келдің. Кезінде өздерің сыймайтын кең сынып бөлмесінің бір бұрышында үркердей үрпиіп мектептегі бар сыныптың оқушылары толқи қарсы алды. Тоңазып отырып, құлазып шыққаның көзіңде тұрды. Мектеп ауласындағы жапырақсыз жалаңаш бәйтерегіңді бір сипап, отынан арылған Жер-Анаңнан көз алмай, иесіз тұрған ескі үйіңе бет алдың.

…Ол жақта менің ізім бар,

Бақытты балғын күнімнің…

Бір елі қалма қасымнан,

Сол іздің сырын байқайын.

Тауымның тарғыл тасына,

Жігерді жанып қайтайын, – деп шауып келдің. Сұр бұлт тұмшалап, сұрқай тартқан ауылыңнан қайысып қайттың. Езілген жүректен егіліп кермек жыр төгіліпті. Кермек жыр – «Сыныптасы жоқ бала».

Болмаған соң болаттай ірге мықты,

Орман жұртым селдіреп үлгеріпті.

Сырласы жоқ кәріні көріп едік,

Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?

Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,

Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.

Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,

Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала…

Жырыңнан бір тамшы жылу сезіндік. Неге дейсің бе? «Жығылғанға – жұдырық» тиіп тұр ауылыңа. Жоғарыдан «Осы оқу жылы аяқталғанша, бала саны тиісті деңгейде болмаса, мектептерің бастауыш сыныпқа түседі» деген ескерту алдық. Өкпе жоқ, заңға қарсы келе алмайды ешкім. Олай болса, бастауыш та болмайды.

Сенің туған ауылың – жай ауыл емес. Келген жанның ешқайсысын жатсынбай, құшақ жая қарсы алатын, түгін тартса, майы шығатын шұрайлы жер. Отты жырларымен елді ынтымақ-бірлікке шақырып, хандарға ақылшы болған ұлы жырау Ақтамберді күрең тұлпарды «күлдір-күлдір кісінетіп», далаңның төсін талай дүбірлетті. «Сарыарқаның мәселесін» шер қылған Әзімбай (Бижанұлы) ақын жатыр төсінде. Ғұмыры бақ пен тақтың бел ортасында өтсе де, Адамдық қасиетінен айнымағаны үшін ұлы Абайдың өзі қатты құрметтеген Меңаяқ би жатқан мекен. Одан бергісі, өзіңнен бастап талай ауылдасыңның ата-баба, ағайын-туысы мәңгілік тыныштық тапқан мекен – бұл.

Аруақ аттамайтын қазақпыз ғой. Жаз шығып, жер аяғы кеңіген кезде жан-жақтан аруақтарының басына келіп, құран бағыштайтын ел енді қайда ат басын тірейді?

Өзің сияқты ел таныған інілерің өнер жолында жүрген бір топ өнерпазды ертіп ауылға келді. Халықты қуантып, өздері мұң артып қайтты. Олар да сахнадан:

Туған жерді (тұратын жаным қалап),

Ойлар болсам уайым қалыңдамақ.

Бал күнімнің куәсі ескі үйіме,

Ескі көршім жүр дейді малын қамап, – деп кетті. Мектеп жабылса, еріксіз балаларымның тілін алып, мен де көшем. Талай отау бөлініп шыққан, атамыз аманаттап кеткен қара орман қара шаңырағымыз қайда қалады? Періні бағындырып, қара суды теріс ағызған дейтін молланың шаңырағы ертең не күлтөбе, не мал қораға айналса, қалада жаным қалай тыныш болады? Шаһардың тасқамалындағы екі бөлмені қарашаңырақ деп атауға келер ме екен?

Талабы таудай бір інің ауылға әкім болды. Ауылды қалайда сақтап қалу үшін барын салып жатыр. Тауы шағылып, беті қайтпаса екен. Қайдам, үгіттеп шақырғанға кім келер екен? Кімнің жаны ашиды енді ауылыңа?

«Сыныптасы жоқ екен бір інімнің,

Түлік басы көп екен бір ағамның» деп, қанжар жырмен осып түсіп, ауылда қалған біздің шынайы бет-бейнемізді ашқан екенсің.

«Өміріме өң берген өңір еді,

Жүрегімді осы жай кеміреді.

Көзімді ілсем түс көрем…

Түсімде ылғи,

Сырын айтып бір бала егіледі.

Сырын айтып бір бала мұңаяды,

Қинаған жоқ мені ешкім бұлай әлі.

Сол баланың тағдырын кім түсініп,

Сол баланың тағдырын кім аяды?!».

Жырыңа арқау болған тәмпіш сары ұлға енді бәрі басқаша қарайды, ойлана қарайды. Сыныптасы болмаса да, сүйеніш болатын орта барын сезінген сары ұлдың көзінен нұр төгіледі.

Кешегі тентек ұл болған өзің – бүгінде Арқаның аяулы ақынына айналдың. Сиясы кеппеген кейінгі топтамаңнан ел қамын жеген ақынға айналғаның көрініп тұр. Елеусіз ауылдағы қарапайым мұғалім – үніңе-үн қостым. Оқыған жұрт ойланар, «көп түкірсе – көл». Ауыл тағдыры шешімін табар. Сол сары ұл сияқты елеусіз қалған ауылың да бәлкім назарға ілінер…

Роза БЕКМОЛДИНА,

Айыртас орта мектебінің мұғалімі.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button