Жаңалықтар

Сындарлы бағыттың ажарлы бейнесі

                    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бұрынғыдан ұстыны бөлек туынды екендігі әуел бастан-ақ айқын байқалған-ды. «Ұйысаң, айрандай ұйы» деген қазақы болмыстық сөз бар. Осы бір жетелі сөздің мәнін жете ойлаған Елбасы бабалар рухына мың мәрте тағзым ете отырып, ел келешегіне парасат көзімен қарайды. Ауданды жұртымыздың, әруақты ұлтымыздың қадау-қадау алтын діңгекті мемлекеттік құрылымы мызғымайтынының кепіліндей салиқалы, салмақты саясатты ұстанатынын тағы да бір айғақтады.

Ел келешегі – кейінгі ұрпақпен тікелей астас. Ендеше қазіргі кезеңдегі бәсекеге қабілеттілік алдымен білікті мамандарды оқытудан басталуы тиіс. Оқытудың көзі, тегі – оқулықтарда. Талай ғасырдан берi әрi қазiрдiң өзiнде де кітап идеологиялық, адами, құқықтық ықпал-әсер ету құралы болып келедi. «Рухани жаңғыруда» Ұлт Көшбасшысының «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз» деуінен-ақ осы бір сындарлы бағыттың ажарлы бейнесі барынша айқындала түскендей. Енді, міне, сәуір айының 12-сі күні осы жоба бойынша Ұлттық аударма бюросы 18 оқулықты жұртшылықтың алдына көлденең тартып үлгерді. Мұнда бұрын-соңды философия, әлеуметтану, психология, экономика, теология ілімдері бойынша жазылған әлемдік деңгейдегі ең озық деген еңбектер қамтылған екен.
Нақтыласақ, философия бойынша Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы, Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы».
Әлеуметтану негіздері бойынша Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері», Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы», Психология бойынша Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Экономика саласы бойынша Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент», Теология бойынша Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Тіл білімі және мәдениеттану бойынша Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция». Бұл дайын еңбектерді 2018 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізу жоспарлануда.
Айта кететін ерекшелік бұл еңбектер орыс тіліндегі аудармадан емес, төл тілінде жазылған түпнұсқадан тікелей қотарылғандығында болып отыр. «Болашақ» академиясы да мұндай игілікті істен шет қалмақ емес. Академияның профессорлық-оқытушы құрамы мен төл ғалымдарымыздың күшімен мамандық классификаторы негізінде академияда оқытылатын мамандықтар бойынша әлемдік үлгілі оқулықтарды аудару ісін де қолға алуда. «Болашақ» академиясында ағылшын, түрік, қытай тілін жетік меңгерген мамандар бар. Егер, аудармамыз сапалы шықса, 100 оқулық бәйгесіне түсеріміз хақ. Негізі, Мәңгілік елдің сүлбесін аңғартатын нақты іс деп таниық мұны.

Елеужан СЕРІМОВ,
заң ғылымдарының кандидаты,
«Болашақ» академиясы жоғары оқу орнынан
кейінгі білім беру бөлімінің бастығы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button