«Сыбаға» серпінмен жүргізілуде

Қарқаралы ауданында «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, мал басын асылдандыруға жіті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, жақында аудандағы шаруа қожалықтары шетелден мал тасымалдайтын «Жәке» шаруа қожалығымен келісімшарт жасасты.

Биыл аудан көлемінде шетелден 1250 сиыр және 57 асыл тұқымды бұқаны жалға алу межесі бекітілген болатын. Бүгінде, облыста шетелден мал тасымалдаушы оператор болып бекітілген «Жәке» шаруа қожалығы жұмыс жүргізуде. Жеткізіп беру құны мал басына – 625 мың теңге. 15 айлық буаз тайыншаларды әкеледі. Осындай ұсыныспен келіскен шаруашылықтар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және Аграрлық несие корпорациясы арқылы 15 жылға 70 млн. теңгеге дейін 14 пайызбен несие алады. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, Үкімет шетелден әкелінген мал басына 225 мың теңге субсидия төлейді. 25 аналық малға бір асыл тұқымды бұқа болуы керек. Бұқаны «Жәке» шаруа қожалығынан бір жылға тегін алуға мүмкіндік бар. Тек, сәйкес күтімі болуы қажет. Ал, төлін, яғни, асыл тұқымды еркек бұзауларды «Жәке» шаруа қожалығы нарықтағы бағамен сатып алады.

Дегенмен, «шаруашылықтар тек «Жәкемен» ғана келісімшарт жасауы керек» деген қатып қалған қағида жоқ. Әр шаруашылық өзіне тиімді жақтарын қарастыра отырып, басқа да операторлармен келісуге мүмкіндіктері бар.

Сонымен қатар, аудандағы шаруа қожалықтары мың бастан асатын ірі қара мал бордақылау алаңдарына өздерінің қолдарындағы бұқашықтарын тапсырса, тірідей әр келісіне мемлекет тарапынан 200 теңге субсидия төленеді. Ол үшін бұқашықтың салмағы 200-300 келіге дейін, ал, жасы 7-15 ай аралығында болу қажет.

Үкімет тарапынан зор қолдауға ие болып отырған ұтымды ұсыныстың басты мақсаты – шетелден әкелінген ірі қара асыл тұқымды мал аналықтары мен асыл тұқымды бұқалар арқылы олардың тұқымын қайта өзгерте отырып, мал өнімділігі мен сапасын арттыру. Бүгінгі күнде бұл тапсырма бойынша ауданда ынталы шаруашылықтардың қатары көбейіп келеді.

Сағыныш ӘБІЛОВА,

«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.