«Сыбаға» бағдарламасына қатысудың талабы қандай?

Мал шаруашылығы – қазақ халқының атакәсібі. Осы кәсіпті қолдап, оны дамытуды мемлекет басты бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Ет бағытындағы ірі қараның экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы қабылданғаннан бері мал басын көбейтем деген ауыл тұрғындарына мол мүмкіндіктер жасалуда. Бағдарлама шаруашылықтардың ет өнімділігін арттырып, осы салада қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді. Шет елден ірі қара малын әкелу аталмыш бағдарламада несие берудің міндетті талабы ретінде қарастырылған. Шет елден несиеге мал әкелудің ветеринариялық жалпы талаптары туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаровтан сұрап, білдік.

Марат Өндірұлы, «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елден әкелінетін ірі қара малын тасымалдауға қандай ветеринариялық талаптар қойылады?

– Бүгінгі күні мемлекет тарапынан ет өнімдерінің экспорттық әлеуетті дамыту қабылданған бірнеше бағдарлама бар. Олардың негізінде мал өсіруге қаржы бөлініп, осы шаруашылықтың дамуына серпін беруде. Оның бірі, міне, айтып отырған «Сыбаға» бағдарламасы. Басқа елдерден мал әкелген жағдайда олардың жұқпалы және экзотикалық ауруларды әкелуі мен олардың таралуынан қорғау – бірінші кезектегі шара. Бұл орайда, облыс аумағына қауіпті аурулардың таралуының алдын алу үшін қойылатын ветеринариялық талаптар аса маңызды. Ірі қараны тасымалдауды жоспарлау кезінде жұқпалы аурулар мен жануарларды тасымалдауға қойылатын уақытша шектеулер, біздің аймағымыз бойынша Ресей Федерациясы аймағының өңірлік қолайлығы ескерілуі қажет. Қандай уақытша шектеулер болатындығы туралы қажетті ақпарат министрліктің сайтында орналастырылған. Мұнда атап өтетін жайт, Қазақстан Республикасының барлық аумағы аусыл бойынша Халықаралық эпизоотия бюросының қолайлы аймақ ретінде арнайы мәртебесіне ие. Яғни, еліміздің бес облысы: Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары вакцина егілетін және тоғыз облыс бойынша: Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау вакцина егілмейтін аусыл ауруынан қолайлы аймаққа бөлінген. Біздің облыс аусыл ауруынан қолайлы аймаққа жатады.

Біздің ел көбінесе солтүстіктегі көршіміз Ресейден мал әкеледі. Ресей секілді алып елде ондай субъектілердің көп екені анық. Осы орайда, сенімді деген жеткізушілерді қалай таңдауға болады?

– Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бойынша федералды қызметінің сайтында жарияланған Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тізіліміндегі кәсіпорындарынан ғана мал әкелуге болады. Бұл шаралар Халықаралық эпизоотиялық бюросының ұсыныстарын және тасымалдау шарттарын сақтау, эпизоотиялық ахуал талдай отыра, мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторлардың ерекше бақылауымен жүзеге асырылады. Біздің елге Ресей Федерациясының аусыл ауруына вакцина егілмейтін қолайлы субъектілерінен, сондай-ақ, нодулярлық дерматит бойынша қолайлы аймағынан әкелуге ғана рұқсат етілген. Бұл жерде Ресей Федерациясының аусыл ауруы бойынша вакцина егілетін қолайлы субъектілерінен аусылға қарсы вакцина егілмейтін Қазақстан Республикасының тоғыз облысының қолайлы аймақ аумағына ірі қара малын тасымалдауға тыйым салынатындығын ұмытпауымыз керек. Аталған тоғыз облыстың ішінде біздің өңір де бар.

Шет елден мал әкелу үшін шаруашылық иелері қандай мемлекеттік органға жүгінулері керек? Бұл ретте ескерілетін талаптар қандай?

– Тасымалдап әкелінетін жануарлардың әрбір партиясы туралы жануарларды тасымалдап әкелу орындары бойынша жергілікті аудандық (қалалық) аумақтық инспекциялары арқылы министрліктің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен келісу қажет. Комитеттің аумақтық инспекцияларының байланыс мәліметтері Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында орналастырылған.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында жануарларды тасымалдау 2010 жылғы 18 маусымда қабылданған Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген Бірыңғай ветеринариялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Ресейден әкелінетін әр мал тасымалы кезінде Ресейдің ветеринариялық қызметі берген, 2010 жылғы 18 қарашадағы Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың №1 үлгідегі ветеринариялық сертификаты болуы керек. Ресейдің жануарлардың аурулары бойынша қолайсыз аймақтары арқылы мал әкелу кезінде көлікті тоқтатуға және жануарларды азықтандыру мен суару үшін түсіруге тиым салынады. Ал, нодулярлық дерматит бойынша аймақтардың қолайсыздық жағдайы кезінде көлікті және жануарларды қансорғыш жәндіктерге қарсы репелленттермен өңдеу қажетті талаптардың бірі.

Кез келген азамат ветеринариялық талаптарды қалай біле алады?

– Кез келген азамат біз айтып отырған талаптар жайлы еліміздің ауыл шарушылығы министрлігінің сайтынан егжей-тегжейлі ақпарат біле алады. Ал, Ресейдің ет импорттауға рұқсаты бар шаруашылық субъектілері туралы Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бойынша федералды қызметінің сайтынан (http://www.fsvps.ru) керек мәліметін таба алады. Жоғарыда айтқанымдай, жергілікті аудандық (қалалық) аумақтық инспекциялардың телефон номерлері министрліктің сайтында бар. Облыс тұрғындары Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясына 424373, 423223 телефон номерлері бойынша хабарласып, кез келген мәселеге қатысты жауап ала алады. Бағдарламының жұмыс істеу тетіктерін талдап, түсіндіруге әзірміз. Себебі, қарапайым халық арасында әлі де «Сыбаға» бағдарламасының мәнін жете түсінбеушілік байқалады.

Қарапайым шаруа жат елден ірі қара малын әкелерде әуелі нені ескеруі қажет? Ол малдың жұқпалы аурулардан сау екендігін қалай анықтауға болады?

– Біздің өңірге Ресей Федерациясынан әкелінетін мал бруцеллез және аусыл ауруына қарсы вакцина қолданылмаған аумақтан (шаруашылық субъектілерінен) және жұқпалы аурулар тіркелмеген қолайлы аумақтан болуы қажет. Әкелінетін жануарлар міндетті түрде 21 күннен кем емес мерзімде жөнелтуші елде, яғни, Ресейде карантиннен өтуі керек. Сондайақ, әкелінгеннен кейін де аудандағы (қаладағы) шаруашылықта 21 күннен кем емес мерзімге карантинге қойылады. Мал иесі малды әкелетін мерзімді алдын ала аумақтық инспекция мамандары мен жергілікті атқарушы органның ветеринария бөліміне хабарлайды. Карантин уақытында бруцеллез, туберкулез, паратуберкулез, энзоотиялық лейкоз, трихомоноз, кампилобактериоз, хламидиоз, лептоспироз сынды мал ауруларына диагностика жасалады. Бұл мал иесі тарапынан жүзеге асырылады. Сондай-ақ, күнделікті термометрия жүргізіліп, клиникалық бақылау жасалады.

Жеткзілген малдың карантин мерзімінде қандай да бір ауруы анықталса, қандай шаралар қолданылады? Жалпы, шаруашылық иесі алдын ала ешқандай ескертусіз және тиісті құжатсыз мал әкелген жағдайда комитеттің қолданатын шарасы қандай?

– Аумақтық инспекцияға өтініш бермей, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің рұқсатынсыз мал әкелген жағдайда аумақтық инспекция тарапынан айыппұл салынып, мал кері қайтарылады. Ал, егер әкелінген малдан жұқпалы ауру анықталса, әкелінген мал түгелімен кері қайтарылады немесе жойылатын болады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден мал тасымалдаудың реті қандай?

– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасына мал тасымалдаудың іс-қимылы нақты бекітілген. Шаруашылық иесі малды қандай мемлекеттен, қандай кәсіпорыннан, қашан әкелетіні жөнінде, ірі қараның түрі мен санын, жол жүру бағытын көрсете отырып, жергілікті атқарушы орган мен ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясына алдын ала хабарлама береді. Келісілген ірі қара жөнелтуші мемлекетте карантинге қойылады, ел аумағына әкелінгеннен кейін қайтадан карантинге қою қажет. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы мамандары малды әкелу мүмкіндіктері мен жол жүру бағытын, уақытша шектеулер және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен мал импорттау туралы түсінік береді. Одаққа енетін мемлекеттердегі шаруашылық субъектілерін кәсіпорындар тізілімінде тексереді. Әкелінген малды карантинге қою жоспарын жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жүзеге асырады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес басқа шет мемлекеттен мал әкелу мүмкін бе? Егер мүмкін болса, оны қалай жүзеге асыруға болады?

– Кеден одағына мүше емес елдерді үшінші мемлекеттер деп атаймыз. Әрине, олардан да мал әкелуге болады. Ол кезде де орындалатын әрекеттер жоғарыда атап өткен алгоритммен жүргізіледі. Аумақтық инспекцияның түсіндірме жұмысынан кейін малды импорттауға рұқсат алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтінім беру керек болады. Жалпы айтар болсақ, бұл жердегі негізгі мәселе, біздің шаруа қожалықтарының иелері бағдарламаға қатысу үшін тексерілген шаруашылық субъектілерінен ғана мал әкелулері керек және бұл жұмыс Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің не болмаса облыстық аумақтық инспекцияның мамандарымен келісілуі қажет

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕКОВА.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.