Басты тақырып

Суреттер сөйлейді

               Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық санаға серпіліс әкеліп, оның игілігін көре бастадық. Иә, өткенсіз бүгінді бүтін, келешекті кемел ету мүмкін емес. Сайын дала төсінде салтанат құрған Ұлы халықтың төл мәдениеті мен рухани қазынасынан сыр шертер құнды жәдігерлеріміздің өзі өскелең ұрпақ бойына отаншылдық рух сіңірер құндылықтар екендігін сезіне бастадық. Бұл – әрине, Тәуелсіздік игілігі!

Қолымызда не бар? Бүгін қандай құндылығымызды дәріптеп, ертеңгі ұрпаққа нені аманаттай аламыз? Гәп – осында.

Алтын сауыт киініп, жебесі желмен жарысқан бабалар аманатына адалдығымыз сол – олардың жез түймесін жерге, күміс кісесін күресінге тастаған жоқпыз. Ғұннан қалған ғұрыпқа, Сақтан қалған салтқа тарихи жауапкершілікпен қарадық. Саясиланып кеткен сананы рухани тұрғыдан жаңғыртудың да жолын таптық.

Рас, отаршылдық опырып кеткен тарихымызды жетпіс жыл желіктірген коммунистік идеология желге ұшыра жаздады. Бабаларымыздың бас сүйегінен бастап, бәйбішелердің байпағына дейін Эрмитажға қойылып, Кунст­камерада  бұғатталды. Оларды кері қайтару былай тұрсын, насихаттауға рұқсат ала алмай, дәріптеуге дәрменсіз болып қалдық.

…Кеше ғана сырбаз сыйластықта жүрген достарым Асылбек Алтынов пен Нұрлан Атамбаев хабарласты. Екеуі де – Төренің тұқымы. «Эрмитаждан сүйіншілі хабар бар!» деп ентіккендеріне қарағанда, Кенесары бабамыздың басы табылған екен деп мен де елеңдеп қалдым. Өкінішіке орай, олай болмады. Бірақ, бұл хабарлары да сүйіншілеуге тұрарлық екен. Кунст­камерада сақталған Кенесары хан садағының суреті мен Сұлтан Мұхамед Абылаевтың домбырасы туралы дерек жариялап, бабалар мұрасын дәріптеп-насихаттауға ресми рұқсат алыпты. Алайда, ресми рұқсатта бір рет қана жариялауға, оның өзінде біздің басылымға «Суреттер сөйлейді» мақаласына көрнекілік ретінде пайдалануға ғана мүмкіндік (рұқсаттама парағы – суретте) берілген.

Хан Кене демекші, ойыма сонау бір жылдары «Орталықта» жарияланған Кенесары бабамыздың қылыш ұстаған суреті орала кетті. Рух жоқшысы Жайық Бектұров алып келген. Бүгінгі таңда барлық баспа беттерін шарлап кеткен сол суретті тұңғыш рет біз жариялаған екенбіз. Енді міне, киіз үй белдеуіне қыстырылған садағының суретін жариялап отырмыз.

Әңгіме тиегін Қоңырқұлжаның тікелей ұрпағы Асылбек төре Аманжолұлы ағытты. Төрелер шежіресін жинақтап, бабалар мұрасын ұрпақ кәдесіне жаратуда сүбелі еңбек жасап жүрген Асылбек бұл мақсатта көп ізденгені көрініп тұр. Қос жәдігердің фотосын жариялау мүмкіндігіне ие болғанымызға Санкт-Петербург қаласында тұрып жатқан өлкетанушы, жерлесіміз Юрий Поповтың септігі тигенін айтады. Юрий Григорьевичке деген алғысы – шексіз.

– Біздің бабаларымыз 1901 жылы Шерубай-Нұра болысынан бөлініп, Бұғылы болысын құрған. Оны менің бабам Қоңырқұлжа сұлтан басқарғаны туралы Юрий Попов арқылы қолымызға тиген архив құжаттары арқылы нақтыладық. Ал, 1913 жылдың 18 қарашасынан 1915 жылдың 12 маусымына дейін Бұғылы болысының билеушісі Сұлтан Мұхамед Абылаев-Құдаймендин болған екен. Сұлтан Абылаев – текті ақсүйек тұқымынан және хандар шежіресі бойынша Тәуке хан бұтағының ұрпағы. Сондай-ақ, ол 1909-1913 жылдары Ақмола уезінің алқабиі болған. Осы уақытта Санкт-Петербургтегі Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайынан (Кунсткамера) қазақ даласына іссапармен келген шенеунік К.Щенниковпен танысады. Ол Сұлтан Абылаевтың ауылына келіп, көптеген фотосуреттер жасайды. Кенесары хан садағының фотосы да сол жолы түсірілген. Ал, домыбыраны Сұлтан Абылаев өзі Кунсткаме­ра­ға сыйға тартқан екен, – деп бастады әңгімесін Асылбек.

Бұл тарихи жүздесу қазіргі Нұра ауданы, Ахмет ауылында болғандығын да тарихи құжаттар арқылы дәлелдеуге болады. Ал, осы ауылдың іргетасын қалаған Сұлтан Абылаевтың немере інісі Ахмет төре екендігін жергілікті халық жақсы біледі. Сұлтан Абылаев осы ауылда 1916 жылы мектеп ашып, онда Сәкен Сейфуллин мұғалім болған. Бүгінгі таңда ауыл мектебінің жанында С.Сейфуллин атындағы мұражай жұмыс істеп тұр. Сұлтан Абылаев пен оның немере бауыры Ахмет Ыбыраев туралы құнды деректер мен маңызды жәдігерлер осы мұражайда сақталған.

– Бұл суреттердің Кунсткамерада сақталғандығы туралы Ю.Поповтан білдіңіздер ме? – деймін фактіні нақтылау мақсатындағы кәсіби дағдыма басып.

– Иә, шет жағасын сол кісіден естідім де, іздене бастадым. Қолыма ресейлік ғалым, Санкт-Петербургтегі антропология және этнография мұражайының аға ғылыми қызметкер В.Прищепованың «Иллюстративные коллекции по народам Центральной Азии второй половины ХІХ – начала ХХ века в собраниях Кунсткамеры» деген зерттеу еңбегі түсті.

Қазақстанда, оның ішінде Сұлтан Абылаев ауылында түсірілген фотосуреттердің түпнұсқасы Кунсткамерада сақталғандығы туралы осы жинақта нақты жазылған. Ал, Сұлтан Абылаевтың өз домбырасын К.Щенников арқылы Кунсткамераға сыйға тартқаны туралы аталмыш мұражай директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Е.Резванның «Туркестан. Мой мир ислама» атты еңбегінен кездестірдім, – деген толыққанды жауап алдым.

Е.Резванның бұл еңбегін біз де іздедік. Интернеттен электрондық нұсқасын тауып алдық. Кітаптың 285-ші бетінде: «Орта жүздің билеушісі болған Сәмеке ханның шөпшегі Сұлтан Мұхамед Құдаймендин бір жылдан кейін (1909 ж.)  Ақмола уезі атынан сыйға тартты» деген «тайға таңба басқандай» нақты дерек келтірілген. Сондай-ақ, бұл дерекке «№37» деген сілтеме жасалады. Сілтеме бойынша кітаптың 295-ші бетінде анықтама берілген. Анықтамада «Ресей ғылым академиясы Антропология және этнография мұражайы, №1458» деп, жәдігердің мұражай каталогындағы тіркеу номері көрсетіліпті. Асылбек Аманжолұлы да бабаларына қатысты құнды жәдігерлер туралы ақиқат деректі осы жолмен тапқандығын және К.Щенников түсірген 226 фотосуретті көргендігін айтады. Бірақ, мұражайдың ресми сайтындағы бұл фотосуреттерді көшіріп алуға, тасымалдауға шектеу қойылған.

– Фотосуреттерге қатысты сілтемелер бірнеше топқа жіктеледі. Мәселен, №1707-1 және 1707-2 топтамасында – кестелер. Яғни, киіз үйдің ішкі жасауындағы ұлттық оюларымызбен әдіптелген кестелер. №1707-3- тен бастап 1707-41-ге дейінгі топтамада кілемдердің суреті. Сондай-ақ, ауылдың сыртынан түсірілген көрінісі, сұлтандардың отбасылық суреттері деген топтамалар бар. Ал, Кенесары баба садағының фотосы №1707-56 болып таңбаланыпты. Фотоның астында «Сұлтан Мұхамед Абылаев сақтап келе жатқан Кенесары ханның садағы» деген жазу бар.  Әзірге біз осы екі суретті жариялап, насихаттауға, дәріптеуге рұқсат алдық, – деп түйіндеді әңгімесін асылдың сынығы Асылбек.

Біз де әзірге осы екі суретті сөйлете тұрайық. Осы екі суреттің өзі Кунсткамераның кілті қолы¬мызға түскендей ғажап әсерге бөлеп отыр. Әрине, қасиетті Хан Кене садағының суреті мен Сұлтан Абылаев домбырасының мүлде жоғалып кетпей, әлемнің ең танымал мұражайында сақталуының өзі көңілге қанағат ұялатады. Ал, бұларды елге әкеліп, ұлттық қазынамыздың қорын толықтырып жатсақ, әрине, құба-құп. «Ақсарбас!» айтар күніміз алыс болмаса екен!

P.S Мақалаға «Суреттер сөйлейді» дегеннен басқа тақырып таңдауымызға болар еді. Асылбек досым Кунсткамера әкімшілігінен фотоны жариялауға рұқсат алғанда осы тақырыптағы мақалаға көрнекілік ретінде жариялаймыз деп уағда етіпті. Олар да өз рұқсаттамаларында мақаланың атын атап тұрып (орыс тілінде «Фотографии заговорили»), қимастың күнімен келісім берген екен. Біз де уағдалы сөзімізде тұрайық. Үмітіміз – бұдан да құнды жәдігерлер суретін жариялау.

Ерсін МҰСАБЕК.

СУРЕТТЕРДЕ: С.Абылаевтың дом­бырасы (мұражай қорына  №1458-1 болып тіркелген),  Кунсткамераға К.Щенников тапсырған (1909 ж.); Кенесары хан садағының фотосы, К.Щенников түсірген.

Жәдігерлер суретін жариялауға берілген ресми рұқсаттама; Хан Кененің «Орталықта» жарияланған суреті (Омбыда 1830 жылы түсірілген).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button