Сурет сыры — адамзат тілі

Қарағандыдағы «Достық үйінде» Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналған сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерінің облыстық көрмебайқауы өтті. Қылқалам шеберлері қиялына қанат бітіріп, хандық дәуірді бейнелеуге барын салған. Діттеген мақсатына жеткен де. Өнерсүйер қауымның назарына өткен күннен сыр шертетін картиналар мен хас шебердің қолынан шыққан мүсіндер қойылды. Көрме залына кіргенде ХVII – XVIII ғасырға аяқ басқандай әсер алдық.

Аты облыстық болғанымен заты бар қазаққа ортақ мұраға айналатын көрме-байқау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылған. Айтулы шараның өтуіне Бұқар жырау ауданының әкімдігі мен ҚХА Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болды. Көрмеге жалпы саны 47 жұмыс қойылды. Авторлар әр туындыны жоғары талғаммен, тыңғылықты дайындықпен бейнелегені байқалып тұр. Көрме бағдарламасы аясында қазақтың ұмытыла бастаған дәстүрі мен тарихы, тұрмысы сурет өнері арқылы насихатталды. Ұсынылған картиналарда Бұқар жыраудың ұлт жаршысы ретіндегі образы толық ашылған. Кейбір авторлар сол дәуірдегі халықтың тұрмысын дәл көрсету үшін циклды жұмыстарын ұсынған. Байқауға қатысушылардың қатарында есімі елге танылған Мәдихан Қалмаханов, Қаныш Балабеков, Дәулет Ізбасарұлы тәрізді хас шеберлермен қатар, жас суретшілер мен мүсіншілер бар.

– Бұқар жырау – әр қазақтың мақтанышы ғой. Ұсынылған жұмыстардың барлығы жоғары деңгейде дайындалған. Жүлде қоры аз болды, әйтпесе барлық өнерпазға марапат ұсынуға болар еді, – дейді көрме-сурет байқауының қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Бейбіт Мұстафин.

Көрменің ашылу салтанаты қазақ биімен басталып, Қайролла Маемеровтің орындауындағы «Бұқар жырау» толғауымен өрбіді. Ерекше есте қалғаны, этономәдени бірлестіктегі жас өрендердің Бұқар жырау туындыларын өзге тілде орындағаны. Бұл – Бұқар мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, барлық ұлттың ортақ мұрасына айналғанын аңғартқандай.

Салтанатты шараның соңы көрме-сурет байқауының жеңімпаздарын анықтаумен ұласты. Байқаудың бас жүлдесін белгілі суретші Манат (Аманат) Аманбаев жеңіп алды. Ол байқауға сегіз суреттен тұратын сериялық жұмысын ұсынған екен. Графиканы дәстүрлі әдіспен бейнелеген шебердің қолынан шыққан туындыларда Бұқар жырау, Абылай хан, Қабанбай батыр және сол дәуірдегі қазақ елінің ауыр қасіреті – «Ақтабан шұбырынды» бейнеленген.

– 23 жұмыстан тұратын циклды картиналарымның ішінен Бұқар жырау заманына қатысты сегіз жұмысты ұсындым. Бұл циклдарды қағазға түсіруді 2009 жылы бастағанмын. Әлі де жалғастырудамын, – дейді байқау жеңімпазы Манат Аманбаев.

Бұдан бөлек, аталмыш көрмеге өз туындыларын ұсынған шеберлер төрт номинация бойынша (1,2,3 орындар) бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

 «Достық үйінде» ұйымдастырылған көрме 15 тамызға дейін жалғасады. Тамашалауға ниет білдірушілерге есік ашық.

Ұлт мәдениетін зерделеуде бейнелеу өнерінің ықпалы зор. Әйтсе де, өткен дәуірден жеткен суреттер тым аз. Бабалар заманының елесін тек жыр-аңыздар мен жазба деректерден ғана байқай аламыз. Рас, сөз де сурет дүниесі. Батырлар жыры ұйып тыңдаған адамның көз алдына тұтас дәуірді алып келеді. Бірақ, бір тілде айтылған сөз өзге тілдің иелеріне жетпейді. Аударма түпнұсқадан алшақтап, әрі қашады, мағынасы өзгереді. Ал, сурет – барлық адамзатқа ортақ қазына. Оны түсіну үшін тіл білудің керегі жоқ. Көкірек көзің ояу болса жетіп жатыр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.