Жаңалықтар

Стратегиялық міндет жүктелген ұйым

          Еліміздің құбыр жүйесі Қазақстан экономикасында аса зор әлеуетке және стратегиялық маңызға ие сектор. Сондықтан да, бұл күні құбыр желілеріндегі жүк  тасымалы жылдан-жылға артып келеді.  Оған құрылғанына 35 жыл толған «ҚазТрансОйл» АҚ Қарағанды мұнай құбыры басқармасының қызметі куә.   Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында алғашқы құбыр желісі төселген басқарма мұнай айдау саласында экономикаға орасан  үлес қосуда. 

Өткен күнде белгі бар. Соның бір белгісі – осы басқарма. Дәлірек айтсақ, 1983 жылдың 7 ақпанында қабырғасы қаланған. Сол уақытта Павлодар-Шымкент мұнай құбырының құрылысы қарқынды жүргізіліп, ол Қарағанды аймағы бойынша өтеді деп жоспарланған. Құбыр салу құрылысына Маңғышлақ, Уфа, Омбыдан  жоғары білікті мамандар жиналды. Дәл осы сәт Қарағанды мұнай құбыры басқармасының іргетасы қалануының  басты кезеңіне айналды. Сол дәуірде алғашқы мұнай айдайтын «Трудовое» станциясы қолданысқа берілді. Осы жылы «Павлодар-Шымкент» құбыр желісімен мұнай жіберілді. Ол кезеңде «Трудовое» мұнай айдау  станциясының өндірістік қуатының аздығы соншалық, 1982 жылы басталған құрылыс жарты жылға созылып, Шымкентке мұнай 1983 жылдың наурызында ғана жетіпті. Қуаттылықты арттыру үшін  қосымша станциялар қажет еді. Сөйтіп, 1986 жылы Жезқазған өңірінде «Қарақойын» мұнай айдау станциясы құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар, бұл жылдары «Қарақойын-Құмкөл» екі мұнай құбыры тармағы іске қосылды. Одан кейініректе «Атасу» БМАС, «Сарепта» МАС-тары салынды.   Алғашында «Атасу» станциясы Ресейдің Батыс-Сібір мұнайын Чарджоуға Омбы-Павлодар-Шымкент бағытында тасымалдау үшін қолданылды. Кейін 2000 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ теміржол арқылы Қытайға мұнай жіберудің негізгі нүктелерін анықтады. Сол жылы  жылдық қуаты 1 млн. тонна мұнайды құрайтын мұнай құю эстакадасы пайдалануға беріледі.

Елдегі мұнай экспорты жүйесін қалыптастырудың айтулы кезеңі Қытайға шығатын Атасу – Алашаңқай  мұнай құбыры желісінің құрылысы болатын. Аталмыш құбыр «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС еншісінде. 2005 жылы ел тарихында аса маңызға ие 962 шақырымды құрайтын құбыр желісінің құрылысы мәреге жетті. Бұл жобаны іске асыру – Қазақстан мұнайының шетелге шығуына жаңа қарқын берді. Сөйтіп, үш елдің Қазақстан, Ресей, Қытайдың құбыр желілерін біріктіруге мүмкіндік жасағанын атаған абзал. Бұл күнде 5 қазандығы бар «Атасу» станциясының  әлеуеті зор. Жалпы, жүздеген адам еңбек ететін Қарағанды мұнай құбыры басқармасы   35 жыл­дың ішінде  224 млн. тоннадан ас­там мұнай тасымалдаған екен.

Бүгінде басқарма бастығы Саят Шахановтың жетекшілігімен еліміздің һәм аймақтың экономикасына қомақты үлес қосып отырған ұйым екенін ерекше атап өткен жөн.

– «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры желісі зор мәнге ие. Атасуда мұнай құбырлары түйіседі. Сөйтіп, Қазақстан мұнайы тұтынушысына іркіліссіз және тоқтаусыз жететін әлеуетке ие,–  дейді Саят Сапарұлы.  Бас­қарма басшысы мұнай ісіндегі барша қауымның жұмысының же­містілігін  жыл сайын тасымалданатын мұнай көлемінің артуынан көреді. Расында, осынау жылдар ішінде Қазақстан мұнайының экспортына елеулі үлес қосқан басқарманың еңбегі орасан.

Бұған куә – кешегі күндері осы салада бел жазбай еңбек еткен аға буын зейнеткерлер. Басқармада 1983 жылдан бастап күрделі құрылыс және күрделі жөндеу бөлімінің бастығы болған, осы күнде зейнеткер  Антонина Гармаш басқарма тарихынан бастап күні бүгінге дейінгі ахуалын жетік біледі.

– Мен мұнда 1983 жылдан бастап 2011 жылға дейін еңбек еттім. Мамандығым – күрделі құрылыс инженері. 1983 жылы құбыр салынған кезден бастап, құбырдың апатты жағдайдан аман болуы үшін жұмыла еңбек еттік. Сол жылдары «Қарақойын» станциясының құрылысы қолға алынды. Станцияларға озық чех құрал-жабдықтары келіп жатты. Кейін 1989 жылы «Атасу» іске қосылды. Барлық жабдық бар. Ұжым да  жас. Мамандар отыз жастың маңайында еді. Білікті мамандар Омбыдан келіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады,– дейді Антонина Романовна. Сол кезеңде мұнай айдау жұмысын қадағалап, тиісті деңгейде жүргізу үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етеді. Әлбетте, әр маман жұмысына қалтқысыз берілгенде ғана нәтижелі болары хақ. Сондықтан, мұнай саласында өткен жылдарын Антонина Романовна ғұмырының бір мағыналы да мәнді кезеңі санайды. Бүгінде Томбы қаласының мұнай университетін тәмамдаған ұлы Андрей  мұнай саласында екен. Өзінің ізін басқан шәкірттері де аз емес.

Жалпы, биыл құрылу тарихының 35 жылдығын атап өтетін «ҚазТранс­Ойл» АҚ Қарағанды мұнай құбыры басқармасы мен оған қарасты «Трудовое» АҚКП – жоғары білікті мұнай құбыршылардың басын тоғыстыра білген кәсіпорын.  Жұмысшыларға барлық жағдайлар жасалған құрылымдық бөлімшенің алар асулары әлі де биіктей берері сөзсіз.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button