Жаңалықтар

Ұстаз есімі ұлықталды

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қаби Есімовтің кезінде баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары – оқырман олжасы. Тәлім алып жүрген студенттер үшін де ғалымның еңбектері аса пайдалы. Қарағанды мемлекеттік университеті ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтай отырып, Қаби Ахмедиұлы атындағы дәрісхана ашты. Келісті кеште ректордың кеңесшісі Елдос Түйте тағылымы мол іске ризашылығын білдірді. Жиынды тарих факультетінің деканы, доцент Жамбыл Жұмабеков тізгіндеп, профессордың жақындары естеліктерімен бөлісті.

 

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қазақтың керемет сөзі адам баласының тіршіліктегі еңбегі мен жақсы ісімен танылған жандарға, не болмаса талантымен дараланып, келер ұрпаққа ұлағатты ой қалдырып, адалдығы, адамгершілік қасиеттерімен есте қалған жаны жайсаң жандарға қаратылып айтылса керек-ті. Осындай аялы жанның бірі – ҚарМУ-де 40 жылдан аса еңбек еткен – Қаби Ахмедиұлы. «Артында қалған ұрпақтары және әріптестері» ұлағатты іс жасап отырмыз. Бүгінгі тұсауы кесілгелі тұрған аудиториядан ағамыз секілді мықты ғалымдар қанат қақсын», – деді Елдос Ерғазыұлы.

Қаби Есімов – қазақ тарихы ғылымының Арқа мектебіндегі тұтас бір дәуірі болған көрнекті ғалым. Ол тарихтың деректану саласын қалыптастыруға елеулі үлес қосып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, «Қаздауысты Қазыбек – ұлы би, дипломат, ойшыл» деген тақырыпты кеңінен қаузағанын айта кеткен жөн.

«Қабекең көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде 1999 жылы «Қазақстан тарихының деректануы» деген оқулық жазып шығарды. Бұл Қазақстан тарихнамасындағы тұңғыш оқулық еді. Оның тек университет қабырғасында ғана емес, қала мен облыстың қоғамдық өмірінде атқарған сан алуан жұмыстарын айтпағанда, ғылыми-зерттеу еңбектері өзінше бір төбе еді» дейді әріптес буын өкілдері. Ғалымның жүзден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалары жарық көріпті. 1986 жылы Алматыда шыққан «Қарағанды. Қарағанды облысы» атты энциклопедиялық жинаққа 43 мақаласы енген.

Қаби Есімов атындағы дәрісханаға профессор ағамыздың жеке кітапхана қорындағы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер қойылады. Ұстаздық қызметін абыроймен атқарған ағамыздың жемісті еңбегі лайықты бағаланғанын айтады жақындары. Оған «Тың жерлерді игергені үшін» медалі, Оқу министрлігінің Құрмет грамотасы дәлел.

– Қарағанды мемлекеттік университетінде 40 жыл еңбек етті. Қатардағы оқытушыдан кафедра меңгерушісіне дейінгі қызметтерді атқарды. Тарих факультеті деканының орынбасары болды. Осыншама жылда көптеген шәкірттердің саналы болып қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. Сол еңбекті елеген, университет басшылығына алғыс зор, – дейді бауыры Қайролла Есімов.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button