Станция құрылысы басталды

   Қарқаралы қаласында жел электр станциясының алғашқы іргетасы қаланды.

Қайта қалпына келтірілетін энергия көзін беретін жоба ауқымды. Аталмыш шараның ашылуында аудан әкімі Халел Мақсұтов қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, халыққа тиімді электр энергиясын ұсыну, аудан халқының әлеуметтік әлеуетінің көтерілуі мен аудан экономикасының дамуына зор үлесін қосатындығын баса айтты. Жобаны жүзеге асыруды бірлесе қолға алған «Шаңырақ-21» және германиялық «United Energies AG» ЖШС 2018 жылдың төртінші тоқсанында станцияны толығымен іске қосады.

Кешенді жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламасы шеңберінде жоспарланып, 10 жылдан аса уақыт бойы шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Жалпы жел электр станциясын салуда желдің атласын, күші мен желдің бағыты, ауаның температурасы және қысымы бойынша мәліметтер жиналып, зерттей келе аудан аумағынан 280,0 га жер учаскесі берілген. «Шаңырақ-21» ЖШС директоры Мұрат Доштаев: «Жоба бұдан біраз жыл бұрын БҰҰ арнайы бағдарламасы негізінде қолға алынған. Содан бері ұзақ жылдар зерттеу жұмыстары жүргізіліп келді. Нәтижесінде Қарқаралы ауданында желдің әлеуеті жоғары екендігі анықталып, жел электр паркін салуды қолға алып отырмыз. Зерттеу жұмыстарын жүргізген Юрий Паринушкин мен Александр Трофимовтер бүгінде біздің компанияда қызмет жасайды» – дейді.

Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыруда мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып отыр. Атап айтқанда, кедендік төлемдер, тағы басқа да салықтардан он жылға дейін толығымен босатылған. Жел электр паркін іске қосқаннан соң мемлекет 30 пайызға дейін қаражаттың шығынына субсидия береді. Ал құрылыс кешеніне қажетті заманауи жабдықтар Германиядан әкелінеді. Бүгінгі күні өндіруші және жеткізуші компаниялармен келісім-шарт жасалған. Қазан айында алғашқы жабдықтар жеткізіледі. Ағымдағы жылдың аяғына дейін жел электр қуатының 10МВт қосуды жоспарлап отыр. Бұл қуаттылық қаланы толығымен қамтамасыз етеді. Ал келесі жылы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін сағатына 60МВт электр қуаты өндіріледі. Электр станциясы іске қосылғанда электр қуатына төлем 50 пайызға дейін төмендейді. Мамандар қатарына жергілікті жастар тартылмақ. Германия да мамандарды тегін оқытуға мүмкіндік берілмек. Оқу бітіріп келген мамандар арнайы келісім-шарт негізінде жұмысқа алынып, қызметтік баспаналармен де қамтамасыз етіледі. Ол үшін қала ішінен бөлінген жерге 10 коттедж үй мен 70 орындық балабақша салынады. Жалпы, ауданның тұтынатын электр энергиясы 10-11 МВт. «Біздің басты мақсатымыз Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы елге, жерге деген патриоттық сезім. Халыққа қажетті жағдай жасау», дейді М.Доштаев.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.