Жаңалықтар

Сот процесінде Ерлан Нығматулинге жала жабылғаны анықталды

Бірнеше азамат белгілі кәсіпкер Ерлан Нығматулинге жала жауып, іскерлік беделіне көлеңке түсірмек болған. Әйтсе де, олардың жымысқы әрекеті сотта әшкере болды. Кәсіпкер бірнеше сот процесінде өзіне жала жабылғанын және негізсіз айыптаулар таратылғанын дәлелдеп шықты.

Осыдан бір жыл бұрын «BAYAN өндірістік компаниясы» ЖШС бас директоры А.Б.Искакова кәсіпкер Ерлан Нығматулин өндіріс жұмысын тартып алып, кәсіпорынға рейдерлік шабуыл жасағанын айтып Қазақстан Республикасының Президентіне, Премьер-Министрге және «Атамекен» ҰКП-на шағымданған болатын. Әйтсе де, бірнеше сот процесі барысында оның айтқан сөздері дәлелденбеді. Қайта «Е.Нығматулиннің іскерлік беделі мен ар-намысына нұқсан келтіреді» деп танылды. Сот А.Б.Искакованы және «BAYAN өндірістік компаниясы» ЖШС-ін Ерлан Нығматулиннен ресми кешірім сұрауға және моральдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Биыл ақпан және наурыз айларында «Транс CompanyGroup» ЖШС және оның директоры Тайшубековтің атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне, Президент Әкімшілігінің басшылығына және Ішкі істер министрінің орынбасарына Е.Нығматулин туралы жағымсыз ақпарат жіберілген. Кәсіпкер өзінің ар-намысын қорғау мақсатында сотқа жүгінді. Тараптардың уәжін тыңдап, іс материалдарымен танысқан Теміртау қалалық соты «Транс CompanyGroup» ЖШС және оның директоры Тайшубековтің арыз-шағымдарының шындыққа сай келмейтінін анықтады. Сот төрағасының пайымдауынша, бұл арыз-шағым кәсіпкер Ерлан Нығматулиннің ар-намысына нұқсан келтіріп, іскерлік беделін төмендетеді. Сондықтан да, «Транс CompanyGroup» ЖШС Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне, Президент Әкімшілігінің басшылығына және Ішкі істер министрі орынбасарының атына жолдаған үндеуін қайтарып алуға және онда көрсетілген ақпараттардың шындыққа сай келмейтінін хабарлауға және жазбаша кешірім сұрауға міндеттелді.

Ерлан Нығматулиннің есімін қаралауға бағытталған тағы бір жағымсыз ақпарат 2019 жылдың сәуір айында «DAT» газетінде «ВИРАЖИ брата СПИКЕРА» деген атаумен жарық көрді. Мақала «Вираж-Сервис-Караганда» ЖШС жүргізушілерінің редакцияға жазған хатының негізінде дайындалған. Кейін анықталғандай, аталмыш компанияның бұрынғы қызметкері Б.К.Утегенов компания қызметкерлерінің кейбірімен жеке бас араздығы үшін аталмыш хатты ұйымдастырған. Ол жүргізушілерді гараждарды жылыту туралы өтініш жазамын деп алдап, ақ қағазға қол қойғызып алады. Зейнеткердің сөзіне сенген бірнеше адам ешнәрседен күдіктенбей, қол қойып берген. Кейін хат авторы Б.Утегенов бұл жазбаны компанияның кейбір қызметкерлеріне деген бас араздығы салдарынан әдейі ұйымдастырғанын және онда көрсетілген дүниелердің шындыққа сай келмейтінін айтып, «DAT» газетінің редакциясына хат жолдады. Кейін газет редакциясына өзге қызметкерлер тарапынан да хат жолданды. Онда Б.Утегенов жолдаған жазбаның шындыққа сай келмейтіні және жұмыскерлердің Ерлан Нығматулиннен кешірім сұрайтыны жазылған.

Мұндай жалған жала жауып тапсырыспен жазылған жағымсыз мақалалардың барлығы кәсіпкер Ерлан Нығматулиннің іскерлік беделі мен ар-намысына нұқсан келтіру мақсатында ұйымдастырылған. Әйтсе де, сот процестері барысында олардың ақ-қарасы анықталып, жағымсыз ақпараттардың шындыққа сай келмейтіні анықталды.

Ерлан Зайроллаұлы, тек, Қарағанды облысына ғана емес, күллі Қазақстанға танымал кәсіпкер. Ол бірнеше ірі өндіріс ошақтарын, әлеуметтік нысандарды ашып, аймақ экономикасына айтарлықтай инвестиция құйды. Осы арқылы мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ, ол қайырымдылық шараларынан да қалыс қалып көрген емес. Балқаш қаласындағы балалар үйіне жиырма жылдан астам уақыт демеушілік көрсетіп келеді. Кәсіпкер өзін қаралаған жандардан алған моралдық шығындарды да толығымен осы балалар үйіне аударған.

Ерлан Нығматулиннің адвокаттарының айтуынша, алдағы уақытта да мұндай жағымсыз ақпараттар мен тапсырыспен жазылған мақалалардың ақ-қарасы, тек, сот арқылы анықталады.

«Qaz Carbon» (Каз Карбон)» ЖШС баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button